Ирактағы Күрдістан автономиясы орталық биліктің қарсылығы мен көршілес мемлекеттердің қысымына қарамастан, тәуелсіздік жолындағы референдумын өткізді. Референдумның дауыстары әлі саналып жатыр, бірақ автономияның дербес мемлекет болуын қолдайтындардың үлес салмағы басым деген сенімді пікірлер аз емес. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Референдумнан алдын жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, 5,3 млн адам қатысады деп күтілген, оның 4,58 миллионы тіркелді. Іс жүзінде, өзінің азаматтық құқығын пайдаланып, дауыс бергендер - 3,3 млн (72 %). Ирак Үкіметі өз тұтастығын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға уәде етіп, Күрдістан басшысы Масуд Барзанидің келіссөздерге шақырған ұсынысын қабылдамаған болатын. Қос тараптың арасында мұнайлы аудандарға қатысты шешімін таппаған даулардың барын ескерсек, Күрдістанның Ирактан бейбіт түрде еншісін алып шығатынына сену қиын. Бағдадтағы Күрдістанның референдумын Конституцияға қарсы деп тапқан шенеуніктер Үкіметтен дауыс беру өтіп жатқан аудандарға қауіпсіздік қызметкерлерін жіберуді талап еткенімен, кешегі күн артық қақтығыссыз тыныш өтті. Күрдістан халқы ұлттық киімдерін киіп, референдум өткен үш ауданда мерекелік көңіл-күй орнап тұрды. Референдум қорытындысы "оң" болған жағдайда, Күрдістан бір-екі күн ішінде Ирактан іргесін аулақ салып, тәуелсіз мемлекет атана алмайды.
Дегенмен, автономия халқы тәуелсіздік жолындағы ең үлкен әрі маңызды қадам жасалғанына қуанышын білдірді. Ирактағы Күрдістан автономиясының тәуелсіздікке қадам жасауы әлемнің бірқатар елдеріне ұнаған жоқ. Өз елдерінде күрд ұлтының едәуір бөлігі шоғырланған Иран, Түркия сияқты мемлекеттер бұл бастамаға қарсылық білдіріп, Ирактың мұнайына қарсы санкция енгізіп, шекараны жабатынын айтып, қауіп төндірді. АҚШ референдумнан кейін Күрдістанға қарсы қарым-қатынасы өзгермейтінін, дегенмен ел ішіндегі тұрақтылықтың бұзылатынына алаңдайтынын жеткізді.
БҰҰ да Күрдістанның тәуелсіздікке ұмтылысына үлкен құрметпен қарай отырып, көздеген мақсаттарға бейбіт түрде, келісім арқылы қол жеткізуді қолдайтынын ескертті.
Дереккөз: qazaqtimes.com