Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Атыраудағы зиянды шығарындыларды тергеу ісін өз қолына алмақ па? Қалай дегенмен де, экология департаментінің бастығы Қабижан ҚАПАНОВҚА 22 қыркүйек күні таңертең әкімдіктен қоңырау шалынып, өңір басшысының өткен түні қала көшелерінде жағымсыз газ таралу себебіне қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Қапанов бұл кезде іссапарда болды, бірақ оралып, тағы бір экологиялық тексеруді бастауға тапсырма берді. Алғашқы нәтижелер: 21-де жел үнемі бағытын өзгертіп отырды, бірақ негізінен солтүстіктен, оң жағалаудағы булану алаңы жақтан, астрахандық трасса маңынан соғып тұрды.
Тағы бір жаңалық: 22 қыркүйекте АМӨЗ баспасөз қызметі зауыттың күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуына байланысты кестеден 7 күн бұрын іске қосылғанын хабарлады. Оқырманымыздың куә болуымен АМӨЗ-де орын алған және 13 қыркүйек сағат 22:45 деп автоматты түрде белгіленген шығарындының суретіне («Түнгі қала түтінге оранған») қатысты кәсіпорын басшылығы Экология департаментіне төмендегілерді жазды: «АМӨЗ 18 тамыздан бастап жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарының кестесіне сәйкес жөндеу жұмыстарына кірісті және қатаң түрде бекітілген кестеге сүйенді. 11-16 қыркүйек аралығында «Интергаз-Орталық Азия» АҚ магистральдық құбырында АМӨЗ-ді қоса алғанда, сол жақ жағалау нысандарын газбен жабдықтау шектелген жоспарлы профилактикалық жөндеу жұмыстары жүргізілді. 13-14 қыркүйекте отынның болмауына және қондырғыларда күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқандығына байланысты зауыттың технологиялық пештерінде отын жағу жүзеге асырылмады».
АМӨЗ басшылығы өз хатын немен түйіндегенін Қапанов көрсеткен жоқ. Бірақ зауыттың жұмыс режиміне қосылуына байланысты ҚР Энергетика министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінен оған тексеруді аяқтап, жергілікті инспекторлар жүргізген жұмыстар туралы актілерді Астанаға жолдау туралы нұсқау келгендігін және ол нұсқаудың орындалғаны туралы түсіндірді. Құжаттың көшірмелерін «АЖ» тілшісіне көрсетпегені түсінікті.
- Бұл Атырау тұрғындарының шағымы бойынша жасалған тақырыптық тексеру болатын. Бірақ кешікпей біз зауытқа жоспарлы тексеру жұмыстарын бастаймыз және бүкіл туындаған сұрақтардың барлығына жауаптар айтамыз деп үміттенемін, - деп уәде берді Қапанов. - 1 қазаннан бастап кешкісін түн ортасына дейін аптасына екі рет департаментте ауадан ластаушы заттарды анықтайтын аспаптары бар экологиялық инспекторлар бригадасы кезекшілік ететін болады. Экологтардың кезекші бригадасын 49-25-69 (күзет) және 21-30-35 (департаменттің қабылдау бөлмесі) телефондары арқылы шақыруға болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ