Атырау, 8 қазан 05:35
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Сәбилерге екпе салу керек пе?

32 801 просмотра

Атыраулық аналарды соңғы кезде облыста жаңа туған жас нерестелердің арасындағы түрлі патологиялық аурулардың жиілеп бара жатқаны алаңдатады. Олардың кейбірі бұған жас нәрестелерге салынатын екпелердің әсері болуы мүмкін деп күдіктенеді. Бірақ облыстық перзентхана дәргерлері бұл болжаммен келіспейтіндерін айтады.

СЕГІЗ СӘБИ БІР ДИАГНОЗБЕН

Атыраулық жас ана Әлмира САПАРОВА өзінің жас сәбиімен бірге перзентханадан соң екі апта өте облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінен бір шыққанын айтады. Ондағылар айға толмаған баланың миына қан құйылуын анықтағанмен, оның себебін дөп басып айта алмаған.

- Дәл осындай белгілермен мен жатқан бір аптаның ішінде 7 бала түсті, IV деңгей, III-ші деңгей деп олардың жай-күйлерін дәрігерлер анықтап жатты. Бұған қоса балалардың денесі сары түске боялып кеткен. Олардың аналары облыс перзентханасында В гепатитіне екпе салғаннан кейін сәбилердің денелерінің сары түске боялғандығын айтқан еді. Оны перзентхана дәрігерлері «1-ші қан тобымен туылған балалар осындай сары түске боялады» десе, енді біріне «жүкті кезде витаминді көп қолданғаннан»деп түсінік береді. Бұған қоса перзентханада екпе салар алдында «екпеден кейінгі жағдайға жауап бермейтіндігі» туралы құжатқа қол қойдыртып алады. Бұл қаншалықты заңды? Мәселен, менімен бірге жатқан бір жас ананың баласы мерзіміне жетпей туылса да екпе салынған. Біздер тіпті туылған балаларды сараптамадан өткізбестен, екпе салу арқылы перзентхана басшылығы өздерінің екпе салу жөніндегі жоспарын тездетіп орындауды көздеп отырған жоқ па екен деген күдігіміз де бар»,-дейді ол.

«БІЗ БӘРІМІЗДЕ ОСЫ ЕКПЕМЕН ӨСТІК ЕМЕС ПЕ?»

Біз әңгімеге облыстық перзентхананың жан сақтау бөлімі меңгерушісі Гүлмира МИРХАТҚЫЗЫН тарттық.

- Облыстық перзентханадағы балалар жан сақтау бөлімі 16 нәрестеге арналған. Көбіне мұнда мерзімі жетпей туылғандықтан барлық ағзалары тиісті дәрежеде жетілмеген балалар жатады. Оларға ең басты керегі не? Тиісті температура, респираторлық қолдау. Мұндай балалар жағдайы бір қалыпқа жеткенше осында ұсталады. Мерзімі жетпей туылған балалар қатарына 500 грамнан 1,5 кг дейінгі салмақтағы балалар жатады. Жалпы айтсақ біздің аурухана облыс үшін аса маңызды жалғыз перинаталдық орталық болғандықтан бүкіл облыстағы аналар мен балалардың патологиялық аурулары осында жиналады. Балалар арасында жүрек ақауымен, орталық жүйке жүйелері ауруларымен туғандар жиі кездеседі.. Тіпті алыс аудандардан санавиация желісі бойынша келіп түсіп жататындары да бар. Өткен жылы біз 500 грамнан 1,5 кг дейінгі салмақтағы 5 баланы қатарға қостық. Қазіргі медицинаның табысы сол, егер бұрын мерзімі жетпей туылғандар тіркеуге алынбайтын болса, бүгінде олар тірі туған балалар санатында. Әрине, мұның барлығы алдымен ананың денсаулығына байланысты.

- Мерзімі жетпей туылған балаларға екпе салына ма?

- Екпелер балаға оның салмағы мен денсаулық жағдайына орай жасалады. Егер балалардың денсаулық жағдайы ауыр, самотикалық аурулары бар әрі дене қызуы болса, оның үстіне мерзімі жетпей туылған болса екпе салынбайды. Ал редакцияға түскен хат иесінің айтып отырғанына келсек, ол бала жағдайы тұрақталып, қажетті салмақ жиған болуы керек.

- Екпе салған баланың ары қарайғы денсаулығына жауапкерліктен бас тартуы қаншалықты заңды?

- Кейбір аналар екпеден бас тартады. Бірақ біз бұл жағдайда ешкімді де зорлай алмаймыз, тек оның маңыздылығы жайлы түсіндіреміз. Әңгіме шамасы ананың екпеге келісімі туралы құжатқа қол қоюы туралы болып отырған шығар. Кез келген операцияға түсер алдында да адамнан келісімін алмай ма? Ал Қазақстан Республикасының азаматтары ұлттық екпе күнтізбесіне сай егілуге міндетті. Оның үстіне біздің аймағымыз туберкулез ауруы үшін қолайлы өңірлердің бірі. Біз бәрімізде осы екпемен өстік емес пе?

- Екпеден кейін қандай асқынулар болуы мүмкін?

- Қазір жаңа туған нәрестелерге, балаларға екпенің екі түрі БЦЖ (Жапон елінде шығарылған) мен гепатит В-ге (Кубада шығарылған) қарсы екпе салынатыны белгілі.

Бірақ дененің сарғаюы екпенің салдары деп түсінуге болмайды, әрі бұл екпе бала туған алғашқы тәулікте жасалады. Жаңа туған балалардың денесінің сарғаюы кейде физиологиялық жағынан оларға тән де болып келеді. Бірақ бұл тұста басқа себептерді іздеген жөн, бәлкім қан тобы жағынан қарама-қайшылық кездесуі мүмкін немесе инфекцияға тексеру өткізілуі керек. Ал БЦЖ-дан кейін асқынулардың болуы кездеседі, бірақ тым сирек. Бірақ мен бізде ондай жағдайды әлі кездестіргенім жоқ.

Облыстық перзентхананың екпе салуға жауапты бас медбикесі Теңлік Сағындықова болса екпелердің қалалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметі орталығынан дозалап 400-1000 дозаға дейін ай сайын алып тұратындықтарын айтып түсіндірді.

- Бізде ешуақытта артық екпе шприцтері қалмайды. БЦЖ-ның бір ампуласы 10 балаға кетсе, ВГВ-нің ампуласы бірден екі балаға жұмсалады,-деді ол.

АЛ КЕЙБІР ДӘРІГЕРЛЕР ӨЗ БАЛАЛАРЫНА ЕКПЕ САЛУДАН БАС ТАРТАДЫ

Дегенмен медальдің екінші бір жағы бар . Ол –вакцианациялаудың аса пайдалы бизнес екендігі. Мәселен, жалпақ Қазақстанды былай қойғанда Атырау облысында бас балалар дәрігері  Гүлфара ӨМІРБАЕВАНЫҢ  айтуынша, 2009 және 2010 жылдары балаларға екпе салу үшін республикалық бюджеттен 114 млн. теңге бөлінген. Ал былтыр 1 жасқа дейінгі 14301 балаға, 1 жастағы 13702 балаға тиісті екпелер салынған.

Медицина ғылымының докторы Қайша Жақыпқызыекпелерді малдарға салуды зерттеп жүрген маман. Ол өткен аптада Қазақстан телеарнасының «Көршілер» ток-шоу бағдарламасында екпенің әсері жайлы өзінің ғылыми тұжырымдамасын айтқан еді. «АЖ» тілшісі маман дәрігерге арнайы звондаған болатын

- Мен өз балаларыма балабақша жасына жеткенге дейін екпе салдыртқаным жоқ. Ал бірі 2,5, екіншісі 3 жасқа келген соң балабақшаға екпесіз алмайтын болған соң салдыртуға тура келді, деген ол атыраулық аналардың жағдайына қатысты нақ ой айтудан бас тартты.

- Егер олардың ауру тарихын көріп, анасымен сөйлессем ғалым-дәрігер ретінде өз тұжырымымыды айтамын,- деді ол.

Бүгінде Қазақстанда екпе күнтізбесіне байланысты бала жасқа толғанша 14 түрлі екпе салынады екен. Ал бұрынғы денсаулық министрі Жақсылық Досқалиевтың тіпті екпеден бас тартқандарды айыппұл салу заңдылығының қолданысқа енуі мүмкіндігін де айтқан -ды. Шындығында екпенің бала ағзасына қаупі бар ма? Интернетті парақтасақ коклюшке салынған бір ғана укол миды зақымдап, бала денесінің сіресуіне әкеліп, дене қызуын көтеруі мүмкін. АКДС екпесінің бөгде әсері - атаксия, дамуды тежеу, іріңді менингит, гемипарез. Әрине, ата-аналарға бұл жайлы ауруханада ешкім ештеме айтпайды, бірақ қазіргі ата-аналардың көзі ашық, олар мұның бәрін интернеттен де оқып отыр.

Мұндай жалпы мәліметтерді былай қойғанда 2003 жылы Сербия шығарған БЦЖ вакцинасын қолдану нәтижесінде еліміздегі 1 мыңнан астам сәбидің қолтығының асты лимфаузелдерінің ісіп ауруы байқалғаны есімізде. Соңы асқынуға ұласқанына қарамастан бұл вакцинаны қолдануды тоқтату туралы бұйрықты Денсаулық сақтау министрлігі тек 2004 жылы 17 ақпанда шығарған-ды. Бәлкім соның салдарынан сәбилер өлімі де болған шығар. Бірақ мұндай фактілер анық жария етілмейтіні белгілі. Көптеген нәрестелерге осы вакцинадан соң операция жасалып, аса ауыр антибиотиктермен емделуге мәжбүр болды. Ал 23 ата-ана Денсаулық сақтау министрлігін сотқа беріп, оларға 50 мың теңгеден өтемақы төленген еді. Бұдан бөлек «Экспресс К» газеті 2009 жылы көктемде Ақтауда қазіргі қолданылып жүрген жапондық БЦЖ екпесі салынған 4 сәбидің тубостит (сүйек туберкулезі) деген күдікпен ауруханаға түскені жайлы жазған еді. Былтыр Маңғыстау облыстық санэпидбақылау департаменті бұл вакцинаны қолдануды тоқтатты.

Иерусалимдегі  Еврей университетінде докторлығын қорғаған тағы бір ресейлік ғалым Александр Коток та өзінің «Безпощадная иммунизация» деген кітабында былай деп жазады: «Вакциналардың тиімділігі 50 пайыздан аспайды деп шамалауға болады. Екпе табиғи иммунитетті бұзады. Екпе салғаннан кейін де балалардың аурып немесе басқа да ауруларға душар болатыны осыны көрсетеді. Вакциналар жоғары токсинді болып саналады, олардың құрамына фенол, формальдегид, тимеросал немесе мертиолят (сынаптың қоспасы), ашытқылар, алюминий фосфаты, ацетон, глицерин, шошқа немесе жылқы қанының компоненттері, сиыр желінінен алынған ірің, қоянның ми тіндері, иттің бүйрек тіндері, тауық немесе үйрек жұмыртқалары ақ уызы және басқалар кіреді. Заманауи технология таза вакцина жасауға мүмкіндік бермейді». Сонымен екпе жасату керек пе жоқ па? Бұл реттегі мамандар пікірі қарама-қайшылықтарға толы. Ең өкініштісі - әңгіме бәрінен бұрын біздің балаларымыз төңірегінде болып отыр емес пе? Ендеше қазақтар сәбидің иммундық жүйесін сақтаудың табиғи жолын әу баста-ақ білген тәрізді. Сол себепті де қазақ келіншектері екі жасқа дейін баланы ана сүтімен қоректендірген.

Сәния ТОЙКЕН

         Профилактикалық екпе егу күнтізбесі

БЦЖ- туберкулез; ОПВ, ИПВ - полиомиелит; Вë» - вирусті гепатит «В»;
АКДС, АбКДС - коклюш, дифтерия, столбняк; Хиб - b типті гемофильді инфекция;
АДС - дифтерия, столбняк; АД-М - дифтерия; АДС-М - дифтерия, столбняк;
ККП, моновакцины – қызылша, қызамық, паротит.

26 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.