2 сәуірде Ганс Христиан АНДЕРСЕННІҢ туған күніне орай 1967 жылдан бастап «Балалар кітабы жөніндегі халықаралық кеңес» коммерциялық емес ұйымының (IBBY) шешімімен бүкіл әлем халықаралық балалар кітабы күнін атап өтеді.
КІТАПҚҰМАР ҮШІН СЫЙЛЫҚ
Дүние жүзі бойынша кітапқа деген құштарлық күрт төмендеп кеткеніне қарамастан, кітапханашылар оқырман үшін табанды күрес жүргізуде. Қазақстанда 5 жылдан бері «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп келеді. Ал Атырау облыстық балалар кітапханасында жыл сайын «Оқырман бенефисін» өткізіп, тұрақты оқырмандарды бағалы сыйлықтармен марапаттау жақсы дәстүрге айналған. Өткен жылы №5 мектептің 6-сынып оқушысы Арман ЖАЗБАЕВ, осы мектептің бесінші сынып оқушысы Әмір НАБИЕВ, СТГ-ның алтыншы сынып оқушысы Настя ИШУТИНА, №17 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Аяна ҚАНАШ ең белсенді оқырмандар деп танылды.
– Біз енді «Мен жетістікке жеттім, өйткені кітап оқыдым» деп аталатын жаңа акцияны бастамақпыз. Балалармен кездесуге Атырауға танымал адамдарды, соның ішінде шетелде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген жастарды шақыратын боламыз, – дейді облыстық балалар кітапханасының директоры Гүлайым БАЙМУРЗИНА.
Соңғы кездері оқырмандар қазақ тіліндегі әдебиеттерді оқығанды жөн көретін болған. Әсіресе, отан тарихына қызығушылық білдіреді екен. Жақында кітапханаға «Аударма» баспасынан шыққан дүниежүзілік балалар әдебиетінің біртума туындылары: Майн РИДТІҢ, Джеймс Фенимор КУПЕРДІҢ, Марк ТВЕННІҢ және т.б. қазақ тіліне аударылған басылым кітаптары келіп түскен. Қазақ тіліндегі «Көңілді география», «Жолдағы оқиғалар», «Ғарыш туралы» және т.б. танымдық әдебиеттер көп сұранысқа ие көрінеді. Дегенмен де, балалар кітапханасында оқырмандар аз. Егер сабақ күндері оқушылар келетін болса (сыныптан тыс оқу бағдарламасын игеру керек қой), каникул кезінде кітапханада тыныштық орнайды екен.
БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ
– Кей кездері ата-аналардың өздері балалардың оқуға деген ынталарын басып тастайды. Балаларына: «ой, саған бұл кітап неге қажет, бәрібір оқымайсың, ал оқығың кеп бара жатса, бәрін Интернеттен түсіріп алуға болады ғой» дегенді айтып жатады – дейді Атыраудағы кітап дүкендерінің бірінің кеңесшісі Людмила.
Бұл жерде мәселе бағаларға да қатысты: өйткені бір кітаптың құны интернет үшін төленетін айлық төлемақымен тең. Алайда электронды нұсқа баспаханадан шыққан, мұқабасы бар баспа басылымын ешқашан алмастыра алмайды. Әсіресе, неліктен екені белгісіз, қазақ тіліндегі басылымның өзіндің құны жоғары. Ал көлік шығындары мен дүкеннің үстеме ақысын қосқанда, мұндай кітапты жылына бір рет сыйлыққа сатып алуға болады. Айтпақшы, «сыйлық» түріндегі кітаптар кітап сөрелерінде өте көп. Бірақ оларды кітап деп айтуға ауыз бармайды: «Энциклопедия для девочек», «Энциклопедия для мальчиков», «Настольная книга стильной девчонки» және т.б. секілді арзанқол дүниелер.
Төменгі сынып оқушыларының ата-аналары өздеріне кішкентай кезінде ұнаған «Том Сойердің бастан кешкендері», «Гулливердің бастан кешкендері», «Робинзон Крузо», «Вини Пух және басқалар» деген кітаптарды, ПУШКИННІҢ, Андерсеннің, Шарль ПЕРРОНЫҢ ертегілерін, Николай НОСОВТЫҢ, Виктор ДРАГУНСКИЙДІҢ және т.б. әңгімелерін сатып алады. Жасөспірім қыз балалар Екатерина ВИЛЬМОНТТЫҢ вампирлер сагасы туралы «Сумерки» деп аталатын романын қызыға оқиды. Ер балалар жапондық комикстарды ұнатады. Дегенмен, өзіне оқу үшін кітап таңдайтын жасөспірім өте сирек кездеседі. Жоғарғы сынып оқушысы дүкенге ҰБТ-ге арналған оқу құралдарын сатып алу үшін келеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА, суретті түсірген автор