Атырау, 27 қараша 01:39
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Жетімдер үйінен бала асырап алған отбасы

15 073 просмотра


«АЖ» 1 тамыздан бастап Атырау қаласындағы Сабыр Қазыбаев атындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйі жабылатынын хабарлаған еді. Ондағы балалардың көпшілігін отбасылар асырап алғаны да айтылды. Біз осыдан 3 жыл бұрын дәл сол интернаттан 8 жасар Мәдиді асырап алған Гүлназды әңгімеге тартқан едік (есімдері, жас шамалары өзгертілді):

- Жолдасым екеуміздің арамызда бала болмады. Күттік. Бұл жағдайдан шығатын түрлі жолдарды қарадық, амалдарын қарастырдық. Ештеңенің реті болмады. Дәрігерге де қаралдық. Бір Алладан күдерімізді үзген жоқпыз. Менің де, жолдасымның да бала асырап алу туралы ойымыз бұрыннан болатын. Жас болдық, жүре бара көрерміз деп ойымызды ысырып қоятынбыз. Үлкендер де «қайтесіңдер, өздеріңнің де балаларың болады ғой» деп жүрді. Айналып келгенде осындай шешімге келдік.

- Бұл шешімге келгенде отасқандарыңызға неше жыл болған еді?

- Біздер бала асырау туралы шешімді 6-7 жылдан соң қабылдадық. Жолдасым өте балажан адам. Ол бұл қадамға баруға менен бұрын дайын болды. Ал мен бара-бара болар деп жүре бердім. Бірақ бір күні жолдасым: «бұлай отыра бермейік, жылымыз жылдан, айымыз айдан өтіп жатыр, Алланың қалауы осы шығар, не болса да ойлаған ойымызды жүзеге асырайық» деген ниет білдірді. Осылайша біз бала асырап алдық.

АРМАН БОЛҒАН ЖОЛДАМА

...Алдымен Гүлназ аудандық білім бөліміне барып, мамандардан ақыл-кеңес алып, құжаттарын дайындады. Бұл жерде олардың үй-жағдайын, тұрмыс-тіршілігін тексеріп, бала асырап алуға толық жағдайы жетеді деген жолдама беріп, Атырауға жіберді.

- Атырауда іркіліс көп болды. Қалалық білім бөлімінде «Жақсы қадам жасап жатыр екенсіздер, қош келдіңіздер» деген ілтипат, жылы лебіз деген нәрсе болған жоқ. Мені сол жағдай қынжылтты. Салқынқабақ танытты. Барлық құжаттарды жинап, енді балалы боламын деп желпініп келгенде «кезекпен күтіңіздер, қанша күтетіндеріңіз белгісіз» дегендерін түсіну және қабылдау оңай болған жоқ. Қолымдағы құжаттарымыз дұрыс емес деп қайта ауданға қайтарып жіберді. Олар бәрі де дұрыс деп бұлар қайта қалаға жібереді. Сонымен екі ортада үш ай бойы әуре-сарсаңға салды да қойды.

Ол арада қалалық білім бөліміндегі мамандар ауысты. Құжаттарды тапсырудың қалай жүргізілгені белгісіз, кейін Гүлнәзға оның құжаттары жоғалып кеткенін айтқан. Ең сорақысы, бұл құжаттардың түпнұсқасы болатын. Қалалық білім бөлімінде түпнұсқаларды сұратқан болатын. Сол кезде ол басшыларына кіргісі келді, алайда хатшылары «ертең келіңіз, арғы күні келіңіз» деп кіргізбеді. Осы кедергілерден соң Гүлнәзды оның орынбасарына жіберген. Ол кісі мамандарға құжаттарды табуды тапсырған. Бір кезде бәрі құжат іздеуге кірісіп кетті. Оны құтқарған жері – Гүлнәз канцеляриядағы кіріс журналына тіркелген екен. Осылайша армандаған жолдаманы қолыма алды.

«ҮШЕУМІЗ АСХАНАҒА БАРДЫҚ»

Содан кейін Гүлназ С.Қазыбаев атындағы №1 балалар үйіне келеді.. Интернатта 5 жастан асқан балалар тұратын.

- Біз интернатқа ең болмағанда 5 жасар баланы аламыз деп келгенбіз. Алайда, алдымыздан «мама, мама!» деп 8 жасар бала жүгіріп шықты. Құшақтап жатыр. Тура фильмдегідей. Сол сәттегі сезімімді жеткізе алмаймын, ішім алай-дүлей болды да қалды. Сасқанымыздан жолдасымыз екеуміз баланың екі қолынан ұстап далаға алып шықтық. «Қайда барасың?» деп сұрасақ, «Асханаға барайықшы» дейді. Содан жол бойындағы асханаға барып, үшеуміз тамақтанып, таныстық. «Мені алып кетуге келдіңіздер ме?» деп сұрады бізден. Қуаныштан басымыз айналып, алланың бұйырғаны осы бала шығар деген тоқтамға келдік.

Мәди ата-анасын сағына күтетін болды, бұлар да онымен кездесуге асығып баратын болды. Аптасына 2-3 рет аудан мен қала ортасында жүрді. Қолхат жазып, демалыс күндері үйлеріне алып кетіп жүрді. Ол интернатқа оралған соң, басқа балаларға «Менің мамам бар ғой, менің мамам бауырсақ пісірді», «Мамам бешбармақ жеуді үйретті» деп айтады екен. Мәди өзіне телефон соққанын күтетін болды: «Мені қашан алып кетесіңдер?» деп сұрай беретін.

- Мен сол кезде «Балам, кішкене шыда. Құжаттарымызды реттеп алайық» дейтінмін. «Мама, документтер бітті ме?» деп қоймайтын. Осылайша, бір ай көлемінде баламен қарым-қатынас орнатып, аты-жөнін толығымен ауыстыруға түбегейлі шешім қабылдадық.

Жетімдер үйіндегі балаларды патронаттық тәрбиеге, қамқоршылық пен қорғаншылыққа және асырауға алады. Гүлнәз жолдасы екеуі асырап алғылары келді. Әрі олардың балалары сол топқа жататын.  Барлық құжаттарын жинақтап, жабық түрде өткен балалар мен жасөспірімдердің ауданаралық сотының үкімі бойынша баланы өздерімен бірге алып кетеді. Сол кезде оның аты-жөнін өзгертуге шешім қабылдайды.

ЗИЯНЫ ЖОҚ ӨТІРІК

- Аты-жөнін, тегін түгел ауыстырдыңыздар ма?

- Иә, толық өзгерттік. Баланың жүрегін жараламас үшін «Сені кішкентай кезіңде жоғалтып алдық, сені көп іздеп, міне, енді таптық. Сенің атың олай емес, шын атың мынадай. Сен өзің кішкентайыңда атыңды айта алмағасын сені басқаша атап кеткен. Сол себепті көп жыл сені таба алмадық» деп бала көңіл, бала тілмен түсіндіріп айттық. Үйге келгесін «Менің кішкентай күнімдегі фотолар жоқ па?» деп сұрайтынды шығарды. «Мама, мен кішкентай болғанда қандай болдым?» деп те сұрайды. Балаға бәрі қызық қой. Мұндай жағдайлардан ептеп шығып кететін болдық, - деп өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті Гүлназ.

Мәди көпке дейін интернаттың тәртібін ұмыта алмады. «Әжетханаға баруға бола ма?», «Су ішуге бола ма?» деп, кез келген себеп бойынша рұқсат сұрай берген. Сол кезде Гүлназ: «Балам, жаным, айналайын, үйде әжетханаға барам, су ішем деп рұқсат сұрау деген болмайды. Енді оның бәрін ұмыт» деп айтып түсіндірген.

- Тамақ жегендегі түрін көрсеңіз: қорқып отырған адам сияқты, әкесі екеуміздің арамызда отырып дастарханда тұрған тәттілерге қарап, көзін сатып отырғаны. Қол созбайды. «Неге жемейсің? Неге қарап отырсың?» деп сұрасақ, біресе маған, біресе әкесіне қарайды. Қолын созып дастарханнан бірдеңе алса, маған қарайды, әкесіне қарайды.  

«Дастархан басындағы ас - бізге қойылған тамақ. Тамақты еркін іше беруге болады» деп жаймен үйреттік. Алғаш үйге келгенде шәйнек, құман, қазан, оқтау, сүзгі, ожау деген біз үшін қарапайым нәрселерді білмейді. Ондайды көрмеген ғой, асханадан дайын тамақ ішіп жүрген балалар ғой.  

- Ауылға, мектепке тез үйренісіп кете алды ма? Ешқандай қиындық болмады ма?

- Үш жыл бұрын Мәдиді ауылдағы мектепке ауыстырдық. Бастапқы кезде көңіл-күйі болыңқырамай, томсырайып жүргенін байқап: «Балам, саған не ұнамай жүр? Мектеп пе, әлде ортаңа үйренісе алмай жүрсің бе? Біреулерді сағынып жүрсің бе? деп уайымдап, сұрадық. Ол: «Жоқ, апайым, класымдағы балалар жақсы» деп жауап берді. Онысы рас еді - мектеп те, сынып жетекшісі де өте жақсы болды. Ол баланың  бойындағы қабілетін аша алды. Ұлым жүре бара ашылды, өмір бойы сол жерде жүргендей құдды. Қазір оның достары көп, күреске, баскетболға, өнер мектебіне барады. 

Гүлназ бастапқы уақытта қорқыныш көп болғанын жасырмады. Себебі, сырттан келген бала көзге бірден түседі ғой. Оны неше түрлі ой мазалаған. Біреу сыртынан түртіп, «сен бәленсің ғой, сен түгенсің ғой» деп айта ма деп қорықты. Сәл кешіксе де, уайымдап, жанын қоярға жер таппайтын.

- Мәдиге бауыр сыйлау ойларыңызда бар ма?

- Біз де, ұлымыз да үйде тағы бір баланың болғанын қалаймыз. Бұйырғанын көреміз. Мен жас кезімде, тұрмысқа шыққан алғашқы кездерде сегіз балам болады деп айтатын едім. Жолдасыма әлі күнге дейін айтамын соны. Ақшам жоқ, киімін, тамағын қалай жеткізем дегеннің бәрі бос сөз екен. Ұлымыз үйге қалай кірді, солай біздің бағымыз да, берекетіміз де, әулетіміз де, отбасымыз да, үйіміз де жақсы болып кетті. Жанашырлық танытқан барша жанға шексіз ризалығымды айтамын.

«БАЛАЛАР ҮЙІ ЗООПАРК ЕМЕС»

- Мәдидің биологиялық әке-шешесі туралы мәлімет бар ма?

- Менің балам тастандылар қатарына жатады. Оның әке-шешесі туралы ешкім ештеңе білмейді. Біз жетімін жылатпаған халықпыз ғой. Сондықтан да, өз балалары болса да, әр отбасы бір немесе екі бала асырап алса, қандай керемет болар еді. Ондай жандарға айтарым: «Қорықпаңыздар!». Кеше ғана біреу менен «бала қарағымыз келеді» деп бала асырап алу үшін қайда барып, қандай құжаттар жинау керектігін сұраған. Мен «бала қарайтын дейтін зоопарк емес, ол қадамға баратын адамның өзі ойын, өрісін жинақтау керек. Жүрдім-бардым қарауға болмайды.

- Ұлыңыз өскенде оған шындықты айтасыз ба?

- Шыны керек, есейгенде балама бар шындықты айтам деп оқталғанмен, жолдасым қарсылық білдіреді. «Сен ол ойыңнан арыл, бұл туралы мүлде ойлама» дейді. Бірақ болашақта не болатынын қайдан білейін?!

- Жақындарыңыз, туыстарыңыз сіздердің шешімдеріңізге қалай қарады?

- Ата-енем о дүниелік болған жандар, ал, туған-туыстарымыз, жақындарымыз, достарымыз бәрі қуанып, қолдап кетті. Араласып тұрамыз, қонаққа барамыз. Әркімді өзінің орнымен атауды үйреттік, мәселен, аға, апа, нағашы, жезде деген сияқты. Интернатта бірге өскен балалармен де араласамыз, олар туған бауырлардай бір-бірін күтеді, сыйлық жасайды. Басқа балаларды асырап алған отбасылармен де өте жақсы қарым-қатынастамыз. Балалар скайппен сөйлесіп отырады. Біздер де жақын туыстан артық болмасақ, кем емеспіз деп айта аламын.

- Сіз жұмыс жасайсыз ба? Балаңыздың тәрбиесіне уақыт табасыз ба?

- Иә, мен вахталық әдіспен жұмыс жасаймын. Шама келгенше, баламды үлкен азамат қылып тәрбиелеуге тырысып жүрмін. Баламыздың еркелігі бар. Бәрі әп дегеннен керемет болып кеткен жоқ. Үйде кейде ұрыс та болады, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырлап қалады. Асырап алдым деп аяуға болмайды, егер орнымен айтпасаң, ол бала тым еркінсіп кетеді. Оның үстіне ер бала. «Баланы - жастан» деген сөз бар ғой. Ұрысатын жерінде ұрысып алам, ренжітіп алам, жіберіп-тартып отырып тәрбиелеймін.

- Ұлыңыздың мінезі қандай?  

- Баламның мінезі ашық, ақжарқын. Үйге қонақ келгенін жақсы көріп тұрады. Басында үйге бір адам келсе, кірпі құсап жиырылып қалатын. «Тынышталыңдар, ішке тексеру келеді, кісілер келеді» деп үйретіп тастағаннан болар деп ойлаймын. Үйде өскен бала мен жетімдер үйіндегі баланың арасында айырмашылық көп екен. Жетімдер үйіндегі балалар аңғал, аңқылдақ екен. Өмірге бейімделмеген. Қазір Мәди үшін дүкенге бару, қоқыс шығару, дүкеннен бір нәрсе сатып алып келу, үй жинап, ыдысқа жуу, өз шұлығын жуу қиын емес. «Мен өмір бойы сенің қасыңа еріп жүрмеймін ғой» деп ойынды-шынды, баланың ойында қалатындай қылып айтамын. Бізді ертең не күтіп тұрғанын кім білсін.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

19 қыркүйек 2017, 18:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.