Атырау, 27 қараша 03:21
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атыраудағы балалар үйі жабылады

12 711 просмотра


Атырауда 1 тамыздан бастап Сабыр Қазыбаев атындағы жетімдер мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үйі жабылатын болды. 

Балалар үйінің директоры Сәния МУСИЕВАНЫҢ айтуынша, оған себеп балалар үйінің тәрбиеленушілерін асырап алушылар мен қамқорлыққа алушылардың көптігінен. Биыл он бала мектеп бітіріп, қайырымды жандар екі баланы патронаттық тәрбиеге, тоғыз баланы қамқоршылыққа алса, алты бала түзелген туған анасына берілген. Ал қалған сегіз бала отбасылық типтегі «Шаңырақ» балалар ауылына ауыстырылатын болады. 

- Балаларды асырап алушылар өте көп, олардың кейбіреулеріне балаларға деген осындай қарым-қатынасы үшін медаль беру керек шығар, - дейді С.Мусиева. –балаларды қамқоршылыққа алу жұмыстары 2004 жылдан басталған болатын. Мәселен, сол жылы Индер ауданынан келген бір отбасы балалар үйінен төрт баланы өз қамқорлығына алды. Ол төрт баланың қазір үлкені отау құрды, екі қыз тұрмысқа шықты. Ең кенжесі (сол кезде 6 жаста болған) қазір жоғарғы оқу орнында оқиды. Содан кейін бұл отбасы тағы да екі баламызды қамқорлығына алды. Оның бірі қазір колледжде оқып жатса, екіншісі 3-сыныпқа барады. 

Ал жақында Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жыланды ауылының әкімі Әнуарбек ЖҮНІСБЕКОВ екі отбасынан шыққан үш қыз, үш баланы қомқоршылығына алып кетіпті. 

- Оның тарихы былай болды, - деп әңгімеледі директор. - Былтыр Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА іс-сапарда Алматы қаласында болып, ірі бизнесмен Бауыржан ОСПАНОВ есімді азаматпен әріптестік орнатып қайтқан, - деп әңгімелейді С.Мусиева. - Ол Алматы облысына қарасты, Жыланды ауылының тумасы екен. Өзінің білім алған ауылынан физика-математика мектеп-лицейін, көршілес Лепсі ауылынан спорт мектебін ашқан. Алматыдан мұғалімдерді шақыртқан. Оған алыс-жақын аудандардан да балалар келіп, жатақханасында жатып білім алады. Нұрсәуле Сайлауқызының қолқалауымен Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің балаларын да жатқызып оқытуға келісімін берген. Былтыр алғаш рет тоғыз тәрбиеленушімізді - өз таңдаулары бойынша бесеуін спорт мектебіне төртеуін лицейге тапсырып келдім. Лицей ауылдық жерде орналасқандықтан балаларды демалыс күндері ауыл тұрғындары үйлеріне шақырып, қонақтайды екен. Балалар сонымен демалыстарда үй режимінде болып, ішкі жұмыстарына да көмектесіп жүреді. Солардың бірінде біздің балалар үйінен барған Жеңісгүл, Ақбота есімді қыздарды Жыланды ауылының әкімі үйіне шақырған. Олар сол үйде жиі уақыт өткізіп, дастархан әзірлеу, сиыр сауып, құрт жасауды да үйренген. Әкімнің жолдасы мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарады екен. Қыздарымыз тіпті оларға бауыр басып, бірін папа, бірін мама деп атап кеткен. Биыл бір жыл оқу жылын аяқтады. Екеуі тоғызыншы сыныпқа көшті. 
Қыздар оларға, үй йелері қыздарға да ұнаған соң жақында ауыл әкімі Жүнісбеков бізге хат арқылы шығып, екі қызды қамқоршылығына алуға өтініш білдірді. Алайда біздегі балалар үйінде Жеңісгүлдің екі сіңілісі, Ақботаның екі інісі бар еді. Біз оларды бауырларды бір-бірінен айыра алмайтынымызды айтып, алса бәрін де бірге алу керектігін айттық. Олар үшеуін қамқоршылыққа үшеуін патранаттық тәрбиеге алу туралы келісімге келгендерін айтып жақында ауыл әкімінің өзі келіп алып кетті. 

Осыған орай, Мусиеваның айтуынша, балалар үйінің барлық тәрбиеленушілері республикалық онлайн-базаға енгізілген. Сондықтан атыраулық балаларды жергілікті тұрғындар ғана асырап алмайды. Жақында, мәселен, Көкшетаудан келген бір отбасы тағы бір баланы қамқоршылыққа алып кетті. ал С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің ғимаратына келсек, 2013 жылдан бері ғимараттың бір бөлігі дарынды балаларға арналған лицей интернатына пайдалануға берілген. Тамыз айынан бастап ғимарат лицейге толықтай берілетін болады. Ғимараттың ішінде жатақхана, асханасы, оқу сыныптары мен спорт залы бар. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ


13 шілде 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.