Атырау облысында педиатриялық қызмет нығайтылып, сонымен қатар, барлық емханалардың жанынан геронтологиялық кабинеттер ашылатын болады.
2019 жылдың аяғына дейін өңірімізде 62 педиатриялық учаске жұмыс жасайтын болады. Бұл туралы газетімізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА әңгімеледі. Қазір Атырауда 22 педиатриялық учаске бар, кешікпей тағы үшеуі ашылады. Ал 2018 жылға қарай оларға тағы 15-і қосылады.
– Бұл мәселе өте өзекті, қазір еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында жаңа педиатриялық факультеттер ашылуда. Алдымызда екі жыл ішінде педиатриялық учаскелерді 62-ге дейін жеткізу міндеті тұр, - дейді ол.
Бүгінгі күні облысымызда 1 335 дәрігер мен 4 771 медқызметкер бар, жаңа учаскелер біртіндеп учаскелік дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтады. Егер бұрын жалпы тәжірибедегі бір дәрігерге 2 690 пациенттен келетін болса, қазір ол 2 295 адамнан келеді.
Медицинаны дамыту үшін тағы бір бағыт – геронтологиялық қызмет. Оның қызметіне инсульт, инфаркт алған, жол-көлік оқиғасын және т.б. өткерген егде пациенттерді оңалту және қалпына келтіру емі кіретін болады. Бұл бағытта қазір жалпы тәжірибедегі 17 дәрігер мен 14 орта медқызметкерлер оқытылуда.
Биылғы жыл аяғына дейін геронтологиялық кабинеттерді барлық емханалардан ашу жоспарланып отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА