«АЖ» аз уақыт бұрын саумал сататын шаруа қожалық туралы жазған болатын. Біз саумал мен шұбат ішіп, ауруынан айыққан адамдармен тілдестік.
ДЕРТІНЕ ДАУА ҚАЛАЙ ТАПТЫ?
Жасы 70-ке таяған Аққала аулының тұрғыны Марат РАУШАНОВ:
- 2015 жылы рентгенге түскен кезде өкпемде дақ бар екенін айтты. Содан Атыраудағы өкпе аурулар ауруханасына жатқызғылары келді. Алайда үлкейген шағымда жатқым келмеді. Одан соң мені онкологиялық диспансерге жіберді. Ондағылар өкпемде жара бар, Алматыға барып ота жасату қажеттілігін ескертті. Алайда жүрегім отаға шыдамайтын болғандықтан операция жасамады, тек бір курс химиотерапия алдым. Кеткенде салмағым 80 келі болатын, Атырауға келгенде 67 келі болыппын. Ұйықтай алмадым, тез шаршап қалатын болдым. Атыраудан химиотерапияның қалған 5 курсын алдым. Осыдан соң «Қарсақбай» қыстағындағы жылқы ұстап отырған Айтқали ЖАЛИЕВКЕ хабарласып, мамырдың басынан бастап бие сауылатын уақытты бағып отырып үзбестен 40 күн саумал іштім. 13-14 күн өткенде кеуде тұсындағы шаншу кетіп, едәуір әл жинадым. Содан соң аз уақыт демалып, кейін тағы 20 күн саумал іштім. Одан соң қыс бойы шұбат ішіп, салмағым қайтадан 87 келіге жетті.
Биыл сәуірде тағы да 40 күн саумал іштім. Қазір саумалды қоя тұрып, 1 апта қымыз, 1 апта шұбат ішіп жүрмін. Шүкір, жаман емеспін, ұйқым жақсы, тыныш, тамаққа тәбетім де әжептәуір. Ал, онкологиялық диспансерге әр 3 ай сайын барып тексеріліп тұрамын. Осы жылдың мамыр айында анализ тапсырғанымда мейірбике олардың жақсы шыққанына таңданып, не ішкенімді сұраған. «Саумал іштім» дедім.
Дертіне дауа тапқан Сәнім апай де саумалдың пайдасы көп екенін айтады:
- 1987 жылы менің өкпеме ота жасаған. Бірнеше жыл бұрын өкпем қабынып, денсаулығым нашарлап кеткенде саумал іштім. Мен сол қыстақта 15 күн бойы жатып іштім. Күніне 3 мезгіл, сағат 11-де, 16-да және 19-да. Биені сауған бойда стақанымды апарып, жылылай ішіп аламын. Көмегі болды, қатарынан үшінші жыл ішіп келем, көктемде – сәуір, мамыр айларында және күзде – қыркүйекте 15 күн бойы ішіп тұрамын.
Гүлнар ҚАЙЫРЛИЕВА апай да осы кісілердің айтқанына қосылады:
- Қазір дәріханаларда дәрі-дәрмектің түрі көп, тіпті, басың айналады. Оларды ішкеннен гөрі табиғи сүтті қорек еткен жақсы ғой. Мен өзім саумалды ішкі құрылысым мазалаған соң іше бастадым. Жылқы сүті 32 ауруға ем деп айтады ғой, шынымен, саумалды ішкен соң ішің тазаланып, жеңілдеп қаласың. Күнделікті ішкің келіп тұрады. Негізі, саумалды тояттағанша және аш қарынға ішу керек екен. Балаларға пайдасы бар, иммунитетін көтереді, мысалы, менің жиенім ішеді.
МАМАНДАРДЫҢ ПІКІРІ
Ал мамандар не дейді? Шұбат туралы Қазақ Ұлттық аграрлық университеті техника ғылымының магистранты, біздің жерлесіміз Гаухартас ТЕМІРОВАДАН сұрадық. Ол Финляндия университетінде білім алып, шұбаттың қасиеті туралы диссертациялық жұмыс қорғаған болатын:
- Түйе сүті май, ақуыз, минералдық заттарға өте бай. Оның құрамындағы жеке компоненттер өзгермелі болып келеді, яғни, түйенің сауылу кезеңіне, жыл мезгілдеріне, жақсы қоректендірілуіне, түр және тұқымдық ерекшеліктеріне қарай үнемі өзгеріп отырады. Бабаларымыз шұбатты өкпе дертіне, ми мен жүйке жүйесіне пайдалы екенін біліп, диабет, асқазан, ісік аллергиясы, бауыр қабынуы мен псориазға қарсы дененің иммунитетін арттыруға да қолданған. Түйе сүтінің емдік қасиеті жағынан ерекше бағаланған, - дейді Г.Темірова.
Ал, қымыз туралы Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді ШАРМАНОВТАН артық айтар ешкім жоқ шығар. Жасы 90-ға тақаса да, өзін сергек сезінетін, ұзақ жасаудың жолын тапқан ақсақал үнемі бие сүтін ішеді екен. Ол бір сұхбатында бие сүтінің қасиеттері туралы: «Бие сүтінің құрамында сирек кездесетін химиялық элементтер, дәрумендер, минералдық заттар мен ферменттер бар және олар айрықша физиологиялық бірігуімен берілген. Мысалы құрамында туберкулез таяқшасын жоятын табиғи антибиотик – лизоцимнің болуы; ашыту барысында бактериялар мен вирустарға қарсы тұратын С дәруменінің (аскорбин қышқылының) мол көлемінің түзілуі» депті.
Академиктің айтуынша, бие сүті қайнатуға келмейді, стерилизация, пастерилизациялауға болмайды. Керісінше, оны қайнатсаң бұзылады, ал шикі түрінде ашытып, қымызға айналса, қасиеттері молая түседі: «Біздің Қазақ тағамтану академиясының зерттеулеріне сәйкес бие сүті мен қымыздың негізінде өкпе туберкулезімен, анемиямен, жүрек-қантамыр жүйесінің және онкологиялық аурулармен күресуге бағытталған профилактикалық өнімдердің құрамы дәлелденіп, қолданысқа енгізілген. Бие сүтінің ерекше сіңімді болғандықтан, асқазан-ішек, бауыр ауруларына қолдануға жарамды».
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА