Атырау, 20 сәуір 17:16
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Саумал ішсең, сауығасың

7 406 просмотра

Индер ауданы Елтай ауылынан 75 шақырым жерде «Қарсақбай» қыстағы жатыр. Онда «Алтын-Ана» шаруа қожалығын құрған ағайынды Жәлиевтер жұмыс істейді. Соңғы екі жыл қатарынан олар «Атырау-Орал» тас жолының (Индербор поселкесінің бұрылысында) бойында саумал сататын орын ашқан.   

- Біз 2012 жылдан бері жылқы өсіріп, бие сауып отырмыз. Алғаш рет өзіміз үшін деп сауа бастаған едік, кейін адам денсаулығына пайдалы сусын - саумал іздеп келушілер көбейе бастады. Сұраныс артқан соң біз саумал сатуға кірістік, - дейді «Алтын-Ана» ШҚ басшысы Айтқали ЖӘЛИЕВ. – Бүгінде біз күніне үш мезгіл он бие сауамыз. Соның өзінде ұсыныстан гөрі сұраныс басым.

- Саумалды сатып алуға денсаулығы сыр берген адамдар келіп жатыр, - дейді әңгімеге араласқан Айтқалидың жұбайы Роза ҚҰСАЙЫНОВА. – Саумалдың бір литрін 800 теңгеден сатудамыз. Қатерлі ісік ауруымен ауыратындарды кезексіз жіберуге тырысамыз. Көпшілігі саумалды ішкелі көңіл күйіміз көтеріліп, денсаулығымыз жақсарып қалды деп жатады. Өткен жылы саумалды 40 күн ішкен егде адам екінші рет химиотерапияға барғанда құлан таза айыққанын көріп, ақхалаттылардың өзі таң қалысқан! Созылмалы зоб ауруына ұшыраған әйел де денсаулығының көтеріліп қалғанына шүкіршілік етуде.

Айтқали атақты малбегі, егде жасына дейін аттан түспеген Қарақойшы Жәлиевтің үлкен ұлы. Оған шаруашылығын жүргізуге бауырлары, балалары Нұрлан, Нұрсұлтан, абысынды келіндер Розадан кейінгі Дина, Бибігүл, Анар және басқа да туыстары көмектесуде. Тату-тәтті бірлесе еңбек еткен Жәлиевтерге қарап көңілің жадырайды.

- Жылқы малы кінәмшіл, тазалықты сүйетін киелі мал. Осы кезге дейін қыстақтағы жерасты құдығының таза суын ішетін, енді Бағырлай каналының суын татпағандықтан амалсыз үйден тасимыз, - дейді Айтқали Жәлиев. - Кешке жылқылар құлындарымен бірге түнгі жайылысқа кетеді. Таңертең оларды аулаға жинай бастаймыз. Жалпы жұмыс көп, бірақ біз оған үйренгенбіз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

26 тамыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.