Өткен жылы жарияланған Атырауды кешенді көгалдандыру бағдарламасы нақты көрініс ала бастады. Оны жүзеге асыру және 2020 жылға дейін аяқтау үшін «Жасыл Даму» экологиялық қоры мен «Атыраузеленстрой» ЖШС құрылды.
Бұл туралы 28 наурызда облыстық әкімдікте болған кеңесте облыстық табиғатты пайдалану және табиғат ресурстары басқармасының бастығы Ербол ҚУАНОВ хабарлады:
– «Жасыл Даму» қорында жер қойнауын пайдаланушылардың көгалдандыруға бағытталған қаржылары шоғырланатын болады. Осы қаржыларды тиімді пайдалану үшін «Атырау» ӘКК ҰК» АҚ жанынан мемлекеттік-жеке серіктестік негізде «Атыраузеленстрой» ЖШС құрылды (49% ӘКК-на, яғни мемлекетке тиесілі). Жаңа жобаны бейімделген көшеттермен қамту үшін Махамбет ауданында 70 га тәлімбақ салынып жатыр.
Ал, қалалық бюджеттен қаланы көгалдандыруға бөлінген қаржыларды оқырмандарымызға таныс «Мұнайқұрылыссервис ЛТД» ЖШС игеруді жалғастыруда. Өткен жылдың көктемінде әуежай трассасының және Әлиев-Сатыбалдиев көшелерінің жиегіне бұл кәсіпорын 11,1 мың көшет отырғызды. Естеріңізге салсақ, әуежай трассасының жиегіне отырғызылған 8,4 мың метасеквойя көшетінің 85 пайызы өліп қалған еді.
Биыл мердігер 11,9 мың көшетті отырғызуды жоспарлап отыр.
Қуановтың айтуынша, Атырау қаласының шеңбері мен оның периметрін («жасыл белдеу») көгалдандыруға 1,1 мың га-дан астам қала аумағы бөлінген. Барлық құжаттар рәсімделіпті.
Бұған жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуына келер болсақ, ТШО «Атырау» мәдениет орталығының жанындағы және Бейбарыс сұлтан ескерткішінің аумағын (облыстық әкімдіктің айналасындағы онсыз да жасыл аумақты - деп оқыңыз) көгалдандырумен айналысады. Алайда бұдан бұрын мұнай компаниясына Авангард ықшам ауданын көгалдандыру ұсынылған болатын.
Аджип ККО-ның үлесіне анағұрлым күрделі аудандар: Алмагүл ықшам ауданы және теміржол вокзалының төңірегі тиді. Алайда, Е. Қуановтың айтуынша, компания өкілдері әлі күнге дейін өз жобаларын ұсынбаған. Аджип ККО қызметкері зерттеу жұмыстарының әлі күнге дейін жалғасып жатқанын, ал ол аяқталғаннан кейін жоба Серіктестер кеңесінде қаралу үшін НКОК-қа жолданатынын мәлімдеді. Консорциумда редакция сауалдарын қарау мерзімін ескерсек, осы көктемде бөлінген учаскелерде жұмыстар басталмайды-ау деген ойда қаласың.
– Сіздің жобада бақтар, саябақтар қарастырылған ба? Суару қалай ұйымдастырылады? Су таратудың бірнеше нұсқалары жасақталуы тиіс екенін түсінесіз ғой. Мұның бір мәрте акция емес екенін ескеріңіздер. Жылдың әр мезгілінде өсімдіктердің өсуіне жасалатын жағдайлар ойластырылуы тиіс. Сіздің міндетіңізге көшеттерге қызмет көрсету де кіреді, - деді облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ Аджип ККО өкіліне қарап.
Аджип ККО өкілі жобаның техникалық егжей-тегжейіне көңіл аудармағанын айтты.
Ал, Қуановтың айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылардың бәрі бірдей көгалдандыру үшін шығындалуға құлшына қоймапты. Қуанов сөз алған кезде барлық әкімдік қызметкерлері қолдарына әлдебір қағаздар ұстап отырды. Менің түсінуімше, онда қайта құрылған қор үшін жер қойнауын пайдаланушылар аударған сома көрсетілген. Алайда журналистерге бұл қағаздарды таратуды қажет деп таппапты.
Ал Дәукенов осы тізім бойынша «сараңдық танытқан» компания өкілдерін орындарынан тұрғызды. Олардың арасында Бақсай каналына мұнай төгілгені үшін 2,5 млрд теңгеге айыппұл салынған атышулы «Потенциал ойл» ЖШС де бар.
– Мен ірі компаниялар бөлген сомалармен таныстым. Олар соншалықты көп емес. Сіздің айыппұлыңыздың сомасы қаланы көгалдандыруға қажетті сомадан жүз есе асып түседі. Қосымша қаржылар іздестіріңіз, басқа ұстанымдарды қайта қарастырыңыз. Шынымен де, сіздер күн сайын Атырауға аяқ басатын 7-8 мың шетелдіктің алдында ұялмайсыздар ма?– деп жазғырды Дәукенов жер қойнауын пайдаланушыларды.
Қуановтың айтуынша, биылғы жылдың көктемінде жанар-жағармай стансасы мен мұнай базасының меншік иелері іргелес аумақты көгалдандыруды қолға ала бастайды. Олай етпеген жағдайда оларға эмиссияға рұқсатты қайта қарау қаупі төніп тұр.
«Арнаойл», «Матин» және «Таңдай петролеум» компаниялары өз бастамаларымен №10 мектептің төңірегіндегі аумақты көгалдандыра бастады. «АНАКО» №2, ал «Ембіведьойл» мен «Ембімұнай» ЖШС - №12, «Қожан» ЖШС - №13 мектепті көгалдандыруды қолға алды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА