Біз бір ай бұрын Жайыққа батып бара жатқан апалы-сіңлілі Алтынай мен Назерке САНСЫЗБАЕВАЛАРДЫҢ өмірін сақтап қалып, өзі суға кеткен қала іргесіндегі Бесікті ауылының 33 жастағы тұрғыны Ержан СЕРІКОВ туралы жазған едік.
«АЖ» осы ауылда өзі білім алған, жұмыс істеген орта мектепке Ержанның атын беру, я болмаса қандайма бір мемлекеттік марапатқа ұсыну жөніндегі тілек-өтінішін Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ пен облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсауле САЙЛАУОВАҒА хат арқылы жолдаған еді.
Облыстық әкімдіктен Атырау облысы әкімдігінің жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Ғибрат СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ қолы қойылған жауап келді. Ол хатта: «Е.Серіковке заң талаптарына сай қандай да бір мемлекеттік марапатқа ұсыну немесе қыздар білім алатын және Ержанның өзі күзетші болып қызмет еткен мектепке оның есімін беру туралы Атырау қаласының әкімі және облыстық тілдерді дамыту басқармасының атына ұсыныс хат жолданғаны, сондай-ақ нәтижесі қосымша хабарланады» деп жазылған.
Н. Сайлауова заң бойынша нысандарға атау беру және атауын өзгерту үшін «тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органға жолданған тиісті құжаттар Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданады» деп жауап берді.
Тілдерді дамыту басқармасында Серіковтың есімін Бесікті орта мектебіне беру туралы ұсыныстың түскенін растады. Және қазір олар «осы мәселемен айналысуда» екен.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА