Атырау, 26 сәуір 20:01
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Ол бізге “кетіңдер” деген белгі берді»

5 543 просмотра

Екі қызды құтқарған Ержан СЕРІКОВ

Жайық өзеніне батып бара жатқан бір үйдің екі қызын құтқарып, өзі суға кеткен қ
ала маңындағы Бесікті ауылының 33 жастағы тұрғыныны ерлігі туралы хабарлаған болатынбыз.

Бұл адам қыздардың көршісі Ержан СЕРІКОВ болатын. Өкінішке орай, өзгенің өмірін құтқаруға асыққан оның өзін ажалдан арашалап алып қалу мүмкін болмады. Оның денесі оқиға болған жерден бір сағат өткеннен соң ғана табылды.

Біз болған жайтқа куә қыздардың анасы Бақтыгүл МАКАШЕВА тұрып жатқан Бесікті ауылына барып, одан оқиға туралы айтып беруін өтіндік.

Оған бұл оңайға түспеді. Біраз үнсіздіктен соң ғана күрсініп барып, әңгімесін бастады. Даусында діріл байқалады...

1 тамызда апалы-сіңлілі Назерке мен Алтынай САНСЫЗБАЕВАЛАР (Назерке биыл 10-сыныпқа, ал Алтынай – 8-сыныпқа көшеді) анасынан Жайыққа шомылып қайту туралы өтінеді. Қыздарының көңілін қимаған анасы өзі де бірге ілесіп, осының алдында ғана өздері шомылған орынға келеді. Анасы балаларын жағада қадағалап қана отырады.

Арада шамалы уақыт өткенде тізеге дейін су кешіп жүрген Назеркенің аяғы тайып, су астындағы шұңқырға қарай батып бара жатады. Бір батып, бір шығып, жанталасып жатқан апасын көрген жақын жердегі сіңлісі Алтынай оны құтқармақ ниетпен қолын созады. Бірақ, алдыңғысының күші басым түскендіктен, көмекке созылған қолдың иесін өзіне қарай тартып әкетеді.

- Кіші қызым Алтынайдың «Маматай! Маматай!» деп шырқыраған даусын естідім. Екі қызым да көз алдымда жанталасып жатыр. Қатты қорыққаннан қол-аяғым дірілдеп, орнымнан тұра алмадым.. Әріректе қайықпен балық аулап жүрген ауылдың жігіттеріне айқайлап, көмекке шақырдым. Ал жағада отырған Ержан (шамамен төрт-бес метрдей жерде) суға бірінші секірді. Ол кезде үлкен қызым Назерке судан көрінбей кеткен болатын. Енді бір кезде Ержан екі қызды да судың бетіне лақтырып жіберді де, өзі көрінбей кетті...

Қайықпен жанталасып жеткен Ержанның ағасы Сабыржан мен досы Амангелді судың бетіне құтқарылған екі қызды қайыққа жеткізеді. «Ержан жоқ болып кетті!» деп айқайлаған қыздардың анасының даусына екеуі де селк етеді. Бірақ жігіттер оны ұзақ іздеді, кейін өлі денесін тапты...

- Ержан ағаның арқасына ілініп алдым да, Назеркенің қолынан жібермедім. Бір кезде Ержан аға екеумізді аяғымыздан түртіп, судың бетіне қарай шығарып жіберді. Қолдарының ұшы маған тиіп жатты. Көзім түсіп кетті, «кетіңдер» дегендей болды, - деді осы кезде әңгімеге араласқан Алтынай көзіне жас үйіріле.


Назерке мен Алтынай САНСЫЗБАЕВАЛАР

Сол күннен кейін тура бір апта уақыт өтсе де, қыздардың өзі де, анасы да әлі күнге болған оқиғаны ұмытай алмай келеді. Ержанның атын атаған сайын көздерін төмен салып, егіле береді. Әсіресе, Бақтыгүл қайғылы оқиғаға өздерін кінәлайтындай көрінді:

- Ержан бауырымнан да артық еді, көз алдымда кетіп қалғаны әлі күнге қабырғамды қайыстырады. Мен қайғырып отырмын, анасының қандай күйде екенін елестетудің өзі қиын. Осыдан тоғыз жыл бұрын жолдасымнан айырылғанда қатты қайғырған едім, енді қанаты қайырылған құстай сезініп отырмын өзімді.

Осы оқиға үшін Сіздің газет арқылы анасынан да, бауырларынан да кешірім сұраймын. Екі қызымның өмірін сақтап қалғаны үшін Ержанға өмір бойы қарыздармын. Үлкен ерлік жасап кетті.

Бақтыгүл қазіргі уақытта Бесікті орта мектеп-интернатында бала күтуші болып жұмыс істейді. Ержан оның көршісі ғана емес, жұмыстасы да еді. Ол мектеп-интернатта қарауылшы болып жасайтын. Мектеп-интернат ұжымы да ерлігімен есте қалған Ержанның өзгеге көмектескісі келіп тұратын өте ақкөңіл жігіт болғанын айтады.

Бесікті орта мектеп-интернатының шаруашылық меңгерушісі Нұргүл ДАЛАБАЕВА:

- Тым жас, 33-те болатын. Шаруашылыққа да өте бейім. Мектепте шаруашылық мәселелер туындап жатса, көмекке ең бірінші Ержанды шақыратынбыз. Жұмысына адал. Бәріміз оның отбасылы болғанын іштей тілеп жүретінбіз...

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Суретті түсірген автор

8 тамыз 2017, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.