Тәттіні тәтті деп айта бергеннен оның дәмі ауызға түспейінше білінбейді дегендей, мұнай жобаларындағы қазақстандық үлес те дәл осындай кейіпте.
Қызықты фактілер жақында ғана облыстық әкімдікте осы мәселеге қатысты өткен мәжілісте жария етілді. Өткен жылы Теңізшевройл Қазақстанға бояулар, цемент, тас, сомын (гаечный) кілттер, бұрандама, гайкілер, бір рет қолданылатын стакандар, ет және басқа да заттарды әкелді. Ал, мұның бәрін біздің Қазақстаннан алуға болмай ма?
Облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, тауарларды жеткізуді ТШО-ның үлестес компаниялары немесе өндірісі шетелде орналасқан серіктес компаниялары жүзеге асырады.
ТШО отандық кәсіпкерлерді тауар, жұмыс және қызметті сатып алу бойынша ұзақ мерзімді жоспарлары туралы нашар ақпараттандырып отырады. Мәселен, мұнай және газ министрлігінің ресми сайтында ТШО-ның 2012 жылға жоспарланған сатып алулары тек 32 позиция бойынша ғана көрсетілген. Алайда, компания 2010-2011 жылдары шамамен 15 мың тауар позициялары мен топтарын әкелген болатын.
Л.Жұмағалиеваның айтуынша, НКОК компаниясы соңғы екі жылда тауар бойынша қазақстандық үлесті 13 есе, жұмыс бойынша 1,5 есе төмендетіп жіберді. НКОК сатып алу жоспарларын өз сайтында тек ағылшын тілінде ғана жариялап отыр, ал, ол тендерге қатысушы отандық компаниялар шеңберін шектеуге әкелді.
Жауап беру үшін орнынан тұрғызылған НКОК жергілікті үлес жөніндегі бөлім менеджері сатып алу тізімінде бар болғаны шамамен 10 мың позиция көрсетілгендігін хабарлады.
– Біз ағылшын тіліндегі мәтінді аударып үлгерген жоқпыз, сондықтан да сайтқа түпнұсқасында салып жібер-дік. Таяуда міндетті түрде аударып салатын боламыз, - деп уәде етті ол.
– Бұған менің күдігім бар, сіздер көрсетілген позициялардың көп бөлігіне тендерді өткізіп болдыңыздар. Мен осыдан екі жыл бұрын Астанада сіздердің мемлекеттік үлес бойынша атап отырған цифрларыңыздың жалған екендігін дәлелдеген болатынмын, - деді облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ. – Жаңа формула бойынша қазақстандық үлес есебіне көшкеннен кейін сіздің көрсеткіштеріңіз 70%-дан 5%-ға дейін төмендеп кетті. Ал, іс жүзіндегі нақты цифрлар, міне, осылар.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА