Сенбі күні, 31 наурызда Атырау қаласының бас сәулетшісінің міндетін атқарушы Сләмғали СМАҒҰЛОВ(суретте) журналистермен кездесті. Мұнда қозғалған басты мәселе: қала шекарасын кеңейту.
Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар Береке ықшам ауданында жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін бөлу үшін ұйымдастыру шығындарының бабын бекітті (бұрын ол жер «Память Ильича» деп аталды).
- Ауданда №5 сүзгілеу стансасы пайдалануға берілді. Демек, су бар, газ да жүргізілді, ал жолды саламыз, - деп түсіндірді қала әкімі Асқар КЕРІМОВ.
Сләмғали Смағұловтың айтуынша, бұл ауданнан жер беру 2013 жылы басталады. Жеке тұрғын-үй құрылысына 600 жер учаскесін бөлу жоспарланған. Ал болашақта бұл жерде 3 мыңға дейін адам тұратын болады. Құрылыстың ұзақ мерзімді жоспары бойынша осы жерде әлеуметтік-мәдени маңыздағы нысандар, стадион, сондай-ақ көппәтерлі үйлер салынбақ. Таяу болашақта Теңдік поселкесі мен Береке ауданын астрахандық трассаға шығар жолмен біріктіретін айналма көпір салу жоспарланған. Сәулетшінің айтуынша, жоба дайын, енді республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесі шешілуде.
- Береке ауданы қаламен тығыз үйлесім табуы тиіс. Береке ықшамауданындағы және жалпы облыс орталығындағы болашақ сәулет ансамблінің басты элементі 2030 жылға дейінгі Атыраудың Бас жоспары бойынша Жайық өзені болмақ. Мәселен, шетелдік компаниялардың бірі Берекеден коттедж қалашығын салу үшін 300 үйге жер учаскесін сатып алды. Олардың жобасы бойынша канал құрылысы қарастырылған, - деп ақпаратпен бөлісті бас сәулетшінің міндетін атқарушы.
Сәулетшінің түсіндіргенінен көмескі түсінгенімдей, әлі күнге дейін үкімет бекітпеген 2030 жылға дейінгі Атыраудың Бас жоспарына сәйкес, қала әрі қарай солтүстік және солтүстік-батыс бағытта, Махамбет пен Исатай аудандарына қарай өрістей бермек.
Атап айтқанда, болашақта Алмалы-Бесікті селосының маңына спутник-қала салу қарастырылған, ол туралы біз өткен жылы әңгімелеген болатынбыз.
- Спутник-қалада 50 мыңға дейін адам мекендей алады. Бұл жерде демалыс аймағы болады деп жоспарлануда. Бұған табиғат жағдайы – жасыл-желектің молдығы мен басты байлығымыз Жайық өзені мүмкіндік береді. Алайда барлық ұйымдастыру мәселелері облыстық әкімдік пен мәслихаттың деңгейінде шешілетін Берекеден айырмашылығы, қаланы аудандардың аумақтарын біріктіру есебінен кеңейту мәселелері республика деңгейінде шешіледі, - деп түсіндірді Смағұлов.
Сәулетші мұнайды, газды бастапқы өңдеу және газ-химия кешені салынатын Қарабатанға іргелес жатқан ауданды экологиялық тұрғыда қолайсыз деп есептейді. Ол жерде өндірістік базалар, өнеркәсіптік маңыздағы нысандар орналасатын болады.
Оның айтуынша, қазіргі кезде жер алуға кезекте 40 мыңнан астам адам тұр, оның 30 мыңнан астамы – облыс орталығында.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор