Атырау, 28 қараша 15:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Германиядағы Кремль насихатына қарсы қол жинай бастады

1 531 просмотра


Германияда тұратын публицист әрі социолог Игорь Эйдман Орыс тілді еуропалықтар форумы ұйымдастыру комитетінің Мәскеудің ақпараттық саясатына қарсы декларациясын қолдауға шақырды. Эйдманның бағалауынша, Германияда 2018 жылы күзге белгіленген парламент сайлауы қарсаңында Кремльдің саясатын насихаттау күшейіп, ресейлік үгіт-насихат материалдарының тиражы артқан, "орыс конгресі" ұйымдастырылып, кеңінен жарнамалана бастаған. "Кремльдің қоғамдық сананы манипуляциялауы ресейлік телеарналардың жаппай насихатына сүйеніп жасалып жатыр" деді Эйдман.

Оның сөзінше, Кремль Германиядағы орыс тілді тұрғындардың саяси ұстанымына манипуляция жасайтын түрлі арналар, оның ішінде федералдық "Россотрудничество" агенттігі, "Русский мир" қоры және "Германияға балама" партиясындағы "орыс тобы" арқылы ықпал ету саясатын жүргізіп отыр.

Эйдман кейбір неміс ақпарат құралдары шынайы өмірде басқаша болғанымен, орыс тілді тұрғындар мен Путиннің жақтастарын теңдей көретінін айтады. Публицист "Германиядағы орыс тілді тұрғындардың біразы, бәлкім көпшілігі демократиялық, еуропалық құндылықтарды ұстанады. Бірақ мұнда орыс тілді еуропалықтардың даусы мүлдем естілмейді десе де болады" дейді.

"Біз демократиялық елдің территориясында ақпараттық соғыс жүргізіп отырған Ресей билігінің саясатымен басыбұтын келіспейтінімізді мәлімдейміз. Біз Ресейдегі еркін сайлауды жойып, демократияшыл белсенділерді қудалайтын Путин диктатурасына, Шешенстандағы Қадыровтың террорына, Қырым татарларын қудалауға қарсымыз. Кремльдің Германиядағы ұлтаралық және конфессияаралық жанжалдарды шиеленістіргісі келіп, насихаттап жатқан ксенофобиясы бізді жиіркендіреді. Кремльдің Германиядағы сайлауға экстремистер, антиеуропашыл күштер жағында тұрып килігу әрекеті алаңдатады. Біз Ресей билігінің Украинаға қарсы агрессиясына, Қырымды аннексиялап алуына, Донбастағы интервенциясына, Сирияға әскери килігуіне және басқа басқыншылық саясатына қарсымыз" делінген қол жинауға шақырған мәлімдемеде.

Орыс тілді еуропалықтар форумының декларациясына 100-ден астам адам қол қойған. Олардың арасында Германияда танымал қоғам және мәдениет қайраткерлері, жазушы Владимир Каминер мен композитор Владимир Генин бар.

Дереккөз: azattyq.org

28 тамыз 2017, 09:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.