Атырау, 26 желтоқсан 20:25
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қарсылық

2 739 просмотра

Осы жылдың қаңтарында «DOS Support» ЖШС-нің  200-ден астам қызметкерлері ЖШС басшылығына, сондай-ақ, еңбек және әлеуметтік қорғау департаментіне хат жолдаған. Хатта олар Қарабатандағы компания өкілі Самат ЖҰМАЛИЕВПЕН бірге жұмыс істеуге наразы екендіктерін білдірген. Ал, наурыздағы мереке күндерінің алдында «АЖ» газетінің редакциясына хабарласты.

 

«БЕТІҢДІ БЕТ ҚЫЛЫП, БАСЫҢДЫ УНИТАЗҒА ТЫҒАМ!»

Оқиғаның мән-жайына қысқаша тоқтала кетейік. «DOS Support» ЖШС Аджип ККО компаниясының «Болашақ» зауытында тасымалдау-көлік қызметін ұсынады. Сондықтан да оның барлық 300-ге жуық қызметкерлері  - жүргізушілер. Олардың үштен екісі Самат Жұмалиевке мүлдем қарсы. Олар былай деп жазады: «Ол жүргізушілердің артынан аңдып, барлығын фотоға түсі-ріп отырады, іс жүзінде ешқандай тәртіп бұзушылықтар болмаса да ол сәл нәрсенің өзін еңбек тәртібін бұзу деп есептейді, жүргізушілерді сыйламайды, кей кездерде олардың ар-намысына тиетін сөздер айтып, мәселен, «бетіңді бет қылып, басыңды унитазға тығамын!» деп қоқан-лоқы көрсетеді... Жақын туысқандарымыздың қайғылы қазалары болған кезде ақысыз күн де бермейді...»

 

«ТАЗА ПАРАҚҚА ҚОЛ ҚОЙЫҢДАР!»

Хат авторларының бірі Қайрат САҚЫПОВ былай деп әңгімелейді:

- 1 ақпанда Қарабатанда еңбек департаменті өкілдері мен ЖШС басшылығының қатысуымен ұжым жиналысы болды. Біз тағы да бұл адамның көмектеспейтіндігін, қайта керісінше бір қалыпты жұмыс жасауға мүмкін-дік бермейтіндігін мәлімдедік. Егер бізге берілген жауапты бейнелей айтсақ, онда былай деп баяндалған: «Былайша байбалам салудың қажеті жоқ, бәрі де бұрынғысынша қалады». Кейін департамент ЖШС-не тексеру жүргізіп, еңбек заңдылығының бұзылып отырғандығын анықтады, 2 наурызда ЖШС басшылығы тағы бір жиналыс өткізіп, Атыраудағы кеңсеге Қарабатандағы жиналыста белсенділік танытып, ашық пікір айтқан 5-6 жүргізушіні шақырды. Оның ішінде мен де бармын. Жиналыс біртүрлі қызық болып өтті.  Біздің қолымызға аты-жөніміз жазылған таза бланк беріп, дау-дамай шешілді деп санап, соған қол қоюымызды өтінді. Біз ұжым болып ке-ліспей қол қоймайтындығымызды айтып, бас тарттық. Ал бірнеше күннен кейін бізді (алтауымызды: тағы да Құттығұл ЖҰМАҒАЛИЕВ, Асқар СЕМҒАЛИЕВ және басқалары) Қарабатандағы 7 күндік жұмыстан қалаға 5 күндікке ауыстыру  туралы хабарлама алдық. Оның себебі - өндірістік қажеттілік деп түсін-дірілді. Ал, бұл 120-140 мың теңгенің орнына жалақымыздың екі есе азаятындығын білдіреді.

45 жастағы Қайрат Сақыпов, басқа да хат авторлары секілді зауыт құрылысы басталғалы бері осы Қарабатанда жүргізуші.

– Осы жылдар ішінде мен бірде-бір рет ескерту алып көрген емеспін. Біздің барлығымыз да өз жұмысымызға ризамыз, сондықтан да еңбек тәртібіне қатысты проблемалар жоқ, -дейді ол. – Біз жұмысты таңертеңгі сағат 7-ден кешкі 19.00-ге дейін жасауымыз керек, бірақ біз таңғы 4.30-да тұрып, жұмысты кешкі 8-де  аяқтаймыз, бірақ біз оған шағымданып жатқанымыз жоқ. Біз бар болғаны нақты бір адамнан құтқаруды сұраймыз. Өйткені ол адам бізге жұмыс жасауға кедергі туғызып отыр.

 

ОНДАЙ ЛАУАЗЫМДЫҚ ОРЫН ЖОҚ!

Бір топ жүргізушілердің хатын тексерген еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті бірқатар еңбек заңнамаларының бұрмаланғандығын анықтады. Атырау облысы бойынша бас еңбек инспекторы Салават ИШАЙДЫҢ қолы қойылған тексеру актісінде былай делінген: жүргізушілерге үстеме жұмыстарының ақысы төленбеген, түскі үзіліс уақыты қысқартылған. Бұдан басқа, еңбек министрлігінің тізбесінде ЖШС-те С.Жұмалиев атқарып жүрген «компания өкілі» деген лауазымдық орынның жоқ екендігі анықталды.

«Басшы лауазымдарының, мамандар мен басқа да қызметкерлердің  біліктілік анықтамасына сәйкес, қызметкер  С.Жұмалиевтің лауазымдық қызметі «көлікжай бастығы» лауазымына жатады» деп жазыпты С.Ишай.

 

ПОЛКОВНИК ЖӘНЕ ТӘРТІП

Біз «DOS Support» ЖШС бас директоры  Ерлан ҚОЖАХМЕТОВПЕН кездесуге келіскен болатынбыз, бірақ, оның қолы босамай, заңгер Сәкен ӘЛЖАНОВПЕН тілдестік.

- Айтыңызшы, не себепті бірден жалақылары төмендетілген «өндірістік қажеттілік» жиналыста барынша белсенді шығып сөйлеген жүргізушілерді ауыстырумен ғана шектелген?

- Бұл біздің қолымызда емес. Қарабатаннан бірнеше жүргізу-шінің қалаға ауыстырылуы «Аджип ККО» компаниясының өтініші бойынша жүргізілген. Ал, жүргізушілердің Жұмалиевпен арадағы келіспеушілігіне қатысты айтарым: ол бар болғаны тәртіпті ретке келтіргісі келген. Оның жұмыс барысын фотоға түсіруге арнаулы рұқсаты бар. Оған фотокамера Аджип ККО компаниясынан берілген. Ал, қатаң тәртіп қашанда ешкімге ұнай қоймасы анық.

Самат Жұмалиевтің (суретте) өзі де біздің әңгімемізге қатысып отырды.

– Мен олардың намысына ешқашан да тиген емеспін, -деді бұрынғы полиция полковнигі.– Олар менің қатаң талап қоятындығымды аса жақтыра қоймады, бар болғаны осы. Мен ол жерде тәртіп орнаттым.

- Айтпақшы, біз еңбек департаментінің барлық ұйғарымдарын орындадық, - дейді С.Әлжанов. – Оның ішінде Жұмалиевтің лауазымдық қызметін де ретке келтірдік, енді ол «транспорт жөніндегі менеджер» деп аталады.

Жүргізушілер талаптарына қол жеткізу үшін неге де болса дайын екендіктерін хабарлап отыр.

Сәния ТОЙКЕН

29 наурыз 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.