Атырау, 23 желтоқсан 17:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

"Ойшыл әншіден тойшыл әнші көп боп тұр ғой"

11 365 просмотра

ҚР Халық артисі, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Қайрат БАЙБОСЫНОВ.

Қайрат Байбосынов әндері қандай болса, өзі де сондай мөлдіреп, төгіліп тұратын жұмсақ, сезімтал адам екен, сұхбат беруге дереу келісті. Біріміз Астанада, біріміз Атырауда отырып, сым бойымен жүргізген сұхбатымыздың ұзын-ырғасы төмендегідей болды:

- Астанаға қоныс аударғаныңызды атыраулық тыңдаушыларыңыз да естіп жатыр. Астана қалай екен? Еліңізге (Жаңаарқаға) жақындағаныңыз туған жерге деген сағынышыңызға дәру болып, шығармашылығыңызға да оң ықпалын тигізген шығар?

- Қазақтың қай жерін де атамекенім деп есептеймін. Кезінде гастролмен жүріп, араламаған облысымыз жоқ. Бәрі де жүрекке ыстық. Дегенмен, елдің өнер қайраткері ретінде Астананың мәдениетіне үлес қосу парызымыз. Оның үстіне Астана еліміздің қақ ортасында тұр. Барлық облыстар тұрғындарының келім-кетіміне ыңғайлы. Халықтың көшіп келуімен тілі қазақылануда. Ал дәстүр, әдет-ғұрып жағынан бұрыннан да жақсы. Өнерімізге табынып жүрген соң ба, біздің көшіп келгенімізге бұл жақтағы ел қуанып жатыр. Соғымның сүр еті мен сары қымызға шақырып, әндерімізді қайта-қайта тыңдап мәре-сәре. Таласа-тармаса қолтаңбаларын алып жатады. Ықылыстарына бек рахмет! Айтпақшы, жуырда Астанаға қарай көш басын бұрғандар ішінде театр сыншысы Әшірбек Сығай, композитор Кеңес Дүйсекеев, дәстүрлі әнші Қапаш Құлышева, эстрада әншісі Сембек Жұмағалиев, термеші Алмас Алматовтар бар. Мен кейбір жастарға айтамын ғой, неге өз облыстарыңа бармайсыңдар деп. Қазір облыстарда өнерді жақсы көтеріп жатқанын айтамын. Ал олар барғысы келмейді. Шамасы, жып-жылы Алматыны қимайды. Кезінде ғой, марқұм Дәнеш Рақышев, Мәдениет Ешекеев, Мекес Төрешев, Асқар Харесовтер ауылда тұрып-ақ, күллі елге танылды. Бүгінде көзі тірі Қатимолла Бердіғалиевты кім білмейді? Оралда тұрып жатса да исі қазақтың Қатимолласы атанып отыр. Ұстазым Илья Жақанов Атырауда жүр. Халықтың өнеріне қызмет көрсету үшін міндетті түрде Алматыда тұру шарт емес. Ондай заман кетті.

- Бүгін әннің мәнін, сөздің сәнін кетірген композитор мен ақындар, әнге талғамсыз қарайтын әншілер көп. Бұған сіз бен біздің жанымыз ауырғаннан түзеліп жатқан ештеңе көрінбейді. Осыған тоқтау салу үшін не істеу керек? Кешегі кеңес кезеңіндегідей әйгілі Шәмшілердің өзін қатты қобалжытқан қатал көркемдік кеңес, талғампаз сұраптау неге жоқ?

-Е, бауырым, ақшамен көп нәрсе шешілетін заманда қатал сұраптау туралы айтып отырсың-ау. Қайдағы сұрыптау, қайдағы көркемдік кеңес? Ойдың емес, тойдың әншілері көбейіп тұр ғой қазір. Әрине, тойда да дұрыс ән айтылып жатса, онда сол жердегі тыңдаушы қауым рухани жетіліп, шынайы өнерді түсіну, бағалу деңгейі көтерілер еді. Өкінішке орай, көп жағдайда сөзі құнарсыз, сазы ұнамсыз дүниелер орындалып жатады. Біреулер ешқандай әнші алғысы келмейтін әндерін өздері орындап, мияулап шығады. Осы мияуға қол соғып отырғандарды көргенде қатты қынжыласың. Әрине, «туғаны жоқ» тура бидей көркемдік кеңестің құрылуынан әлі де үміттімін. Әрі соған нашар дүниесін алып баруға біреулер ұялау үшін де біз дәстүрлі әншілерді көптеп тәрбиелеуіміз керек. Міне, Астанаға да біз осындай үлкен мақсатпен келдік.

- Неге тек қана дәстүрлі әншілерді? Мәселен, «Айгүл», «Досмұхасан» ансамбльдері де эстрада өкілдері ғой. Алайда, олардың айтқаны мағыналы әндер. Соның ішінде халық әндері де көп.

- Әрине, сөз жоқ. Олардың халық құрметіне бөлену себептері де түптеп келгенде сонда жатыр. Мәселен, «Айгүл» халық әні «Гүлдерайымды», «Дос-мұхасан» Жаяу Мұсаның «Ақсисасын» айтып, бірден халық жүрегіне жол тапты. Жалпы, эстрада немесе дәстүрлі ән өкілдері болсын, әннің естісі мен есерін айырып, талғампаз жүрекпен таңдау жасауы керек қой. Қалай дегенмен де, халықты халық ретінде танытатын дәстүрлі ән-күй. Эстрадамен, операмен ешбір шет жұртты таңғалдыра алмайсың. Біреулер осы күні мағынасыз дүниелерді «эстрада ғой» деп жақауратады. Эстрада болсаң – «Айгүл» мен «Досмұхасандай» бол. Сосын қазіргі тыңдарманның талғамы төмендеп бара жатыр. Қарапайым тыңдарманды былай қойғанда, кейде тіпті, өнер тақырыбында жазатын журналистерге де қарының ашып қалады. Бір жолы қазақтың әйгілі композиторы Әбілахат Еспаевтың әндеріне арналған кеш туралы жазуға әлдебір газеттен келген журналист қыз «Әбілахат ағаймен сұхбаттасайын деп едім, қайдан табуға болады?» демесі бар ма. Оның бұл сөзіне не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Сол жерде тұрған азаматтардың бірі «ол кісіні «Кеңсай» зиратынан табасыз» деп мырс етті. Бұған не дерсің?..

- Бүгінде ұлттық өнерге барынша қолдау жасалып жатыр. Бірақ, менің ойымша, осының тасасында өнерпаздардың тұрмыстық мәселесі көрінбей, тасада қалып қоятын сияқты. Мәселен, еңбекақы жағынан. Бұл тұрғыда кешегі кеңес кезінде көбірек қамқорлық жасалған жоқ па? Ақша да құнды болды. Кез-келген деңгейдегі өнерпаздар 120 сом жалақы алатын. Қазіргіше 120 мың теңгенің шамасы шығар. Ал қазіргілер-дікі ары кеткенде  40-50 мың теңге дегендей...

- Әй, кеңес кезінде де жарыдық деп айта алмаймын. Екі жалақы арасында қарызға белшеден бататынбыз. Оның үстіне көптеген тауарлар дефицит болды. Мен де тап сол 120 сомды алдым. Сол кезде де жетпей жатты. Қайта, қазір өнерпаздарға ақша табу мүмкіндігі көп. Шоу-бизнестің дамуы оларға көп мүмкіндік ашты. Кешегі сал-серілер де солай өмір сүрген ғой. Өнеріңе тәнті болған ел демеушілік көрсетіп жатса несі айып? Өкінішке орай, өнерге кездейсоқ келген дарынсыздарға да демеушіклік көрсетіліп жатады және олар ең сүбелісіне ие болады ғой.

- Бала кезіңізде сіздің дауысыңыз альт болған екен. Мектепті бітіріп, «Қазақконцерт» бірлестігі жанындағы Эстрада студиясына түскен жылы сіз осы дауысыңызды «жоғалтып» алған екенсіз-міс. Тіпті, кей ұстаздарыңыз сіздің күй класына ауысқаныңызды жөн көріпті. Сол кезде Ғарекең (Ғарифолла Құрманғалиев –Т.Н) сізге ара түсіп, ал Жүсекең (Жүсіпбек Елебеков – Т.Н.) сізден үмітін үзбей, жарты жыл аңысын аңдыған екен. Сол кезде қандай көңіл-күйде болдыңыз?

- Көңіл-күйім нашар болды. Әрине, дауыстың бала дауыстан ересек адамның дауысына ауысуы табиғи нәрсе. Бірақ мен осы бір кезеңді басымнан өте ауыр өткіздім. Содан дауысымды құртып, өзге мамандыққа ауыссам деген ой келді. Күнде кешкісін бөлменің есігін кілттеп аламын да, тамағым жыртылғанша айғайға басамын. Алайда, менің даусым құрудың орнына біртіндеп қоңыр баритонға айнала берді. Ақыры бір күні көмейімнен гүр еткен үн шықты. Үміт оты жарқ етіп жанды. Жүсекең ұстазымның балаша мәз болғанын көрсеңіз. Сөйтіп, жарты жыл дегенде дауысымды мүлдем басқа арнада, қайта таптым. Бұл дауысым Жүсекеңнің айтуынша, бұрынғыдай ашық, ащы емес, күмбірлеген қоңыр, әуезі ерекше дауыс, яғни, музыка тілімен айтқанда төменгі қоңыр мақпал тембрдегі баритон боп шықты.

- Аға, сонау жетпісінші жылдары, бала кезімізде сіздің аузыңыздан менің ең алғаш естіген әндерім Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештері» мен Кәкімбек Салықовтың «Аққу жеткені» еді. Бүгінде осы әндерді орындамай кеттіңіз. Неге?

- Негізі орындаймын. Шамасы, мені көбіне теледидардан көріп жүрген боларсыздар. Онда негізінен халық әндерін айтуымды сұрайды. Ал жаңағы аталған әндерді эфирден тыс жерлерде орындап жүрмін. Күнделікті дәріс барысында да студенттеріме үйретіп жатамын.

- Репертуарыңызда батыс мектебінен әндер бар ма?

- Жиі айтатын екі әнім бар. Мұхиттың «Айнамкөзі» мен «Зәуреші». Сонау жетпісінші жылдардың ішінде, бір күні Ғарекеңе бардым да: «Батыс әндерін айтсам бола ма?» дедім. «Неге болмасын, кәне, айтып көр»,-деді ол кісі. Алдым да «Айнамкөзге» бастым. Ғарекең риза. Ол кісінің ризашылығын алу оңай емес. Ол шырқайтын әндердің мәнері де өте қиын. Әсіресе, ұл балалардың даусына өте қиындықпен бағынады. Менің ойымша, Ғарекеңнің дауысы 100 жыл емес, мың жылда бір қайталанатын, биік нотада шырқалатын бөлек дауыс. Содан да шығар, бүгінде Ғарифолла мектебінде оқитын әншілер кілең қыздар болып кетті. Өйткені оларға табиғаттың өзі ашық, ащы дауысты беріп отыр. Ұлдар мұндай дауысқа баулыну «азабынан» қашқақтайды. Дегенмен, батыс мектебінің Ғарекең жол қылып салып берген үлгісін өшір-меуіміз керек қой. Арқа, Жетісу, Батыс мектебінің бәрі де біздің қазақтың әндері. Біздің ұлт ретіндегі мақтанышымыз.

- Атыраулық өнер сүйер қауым сіздің отбасы-ошақ қасыңыз туралы да білгісі келеді.

- Жұбайымның есімі Рабиға. Ол кісінің мамандығы дәрігер. Бүгінде зейнет демалысында. Ұлым Мұхтар белгілі суретші. Қорлан атты қызымыз бар. Ендігі мақсат – қазақтың төл өнерін талмай насихаттау.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Тарас НАУРЫЗӘЛІ 

28 наурыз 2012, 19:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.