Атырау өлкетанушысы Вячеслав Афанасьев жаңа «Жұлдыз» ықшам ауданы шамамен XIII-XIV ғасырларға тұспа-тұс келетін кәсіпшілікпен айналысқан көне қоныс-мекеннің дәл қасынан салынып жатыр деп дабыл қағуда.
МҰРА САҚТАЛУЫ КЕРЕК
Атыраудан шалғай емес маңда орналасқан осы археологиялық ескерткіш туралы әуелден белгілі. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары гурьевтік ұстаз Сухарев бұл жерден орта ғасырдың аяғындағы кезеңге сай келетін қызыл сазды керамиканы жинаған екен. Афанасьевтің өзі ескерткіш жөнінде геолог Қарымсақов Сапар ақсақалдан 60-шы жылдары білген. Ш.Уәлиханов атындағы археология және этнография тарихы институтының тапсырмасы бойынша ол осы қонысты, сондай-ақ Сарайшық қалашығын тұрақты бақылауға ала бастапты. Ол өзінің тапқан алғашқы жәдігерлерін танымал маман Әлкей Марғұланға көрсеткен. Ол ортағасырлық керамикаға ғана емес, осы жерден табылған пышақ тәрізді неолитикалық пластиналарға көңіл аударған. Қалашыққа күрделі археологиялық қазба жұмыстарын алғаш боп мәскеулік археолог Лев Галкин бастаған (КСРО ҒА Волга-Орал археологиялық экспедициясы). Осы экспедицияның жұмыс нәтижелері Атырау тарихи-өлкетану мұражайында сақталған. Рұқсат алғаннан кейін Вячеслав Афанасьев те осы жерде қазба жұмыстарымен айналысып, пединститут студенттеріне археологиялық тәжірибе жасауға мүмкіндік берген.
«Ақтөбе қалашығын орта ғасырда Төменгі Поволжьеден Орта Азияға дейінгі керуен жолында пайда болған және тіршілік еткен алтын ордалық қолөнермен айналысқан поселкенің қалдықтары деуге болады. Жәдігерлердің сипаты қоныстарда металлдан, шыныдан, темірден, сүйектен бұйым жасайтын шеберханалардың, сондай-ақ елді мекен арқылы өтетін сауда керуендеріне қызмет көрсететін зергерлік ұстаханалардың болғандығын көрсетеді. Елді мекен Каспий деңгейінің көтерілуі салдарынан жойылған болуы мүмкін», - деп әңгімелейді археолог Марат ҚАСЕНОВ. Оның айтуынша, Ақтөбе қалашығында Каспий суының астында ұзақ уақыт бойына жатып қалған бірегей мәдениет қабаты сақталып қалған. 20-шы ғасырдың 50-ші жылдары қалашық құрғап, сол сәттен бастап қирай бастаған: мәдени қабаттарды малдар таптап, сол жер арқылы салынған қара жолдар бүлдірген.
Елді мекен ғылыми әлемде Ақтөбе және Лаэти деген екі атаумен белгілі. Оны 1965 жылы зерттеген әйгілі археолог М.С.Мерщиев «Теңдік поселкесінің маңындағы мекен» деп атайды. Сол жылы М.С.Мерщиев Соколь сайының оң жақ жағалауынан бір-бірінен 400 метр қашықтықта орналасқан екі мекенді анықтаған. Кейінірек солтүстік-шығыстағы екінші мекен «Орбита» телевизиялық жүйесін салу кезінде жойылған. Қалған мекен құрылысшылардың назарын әлденеше рет өзіне аударған. Ол жерден екі мәрте канал қазуға әрекеттеніп, құс фабрикасын салмақшы болған. Алайда археологтар қалашықты сақтап қалуға қол жеткізген.
Бірақ оны жаңа құрылыстармен көршілес болудан сақтап қала алмайды. 2006 жылы Томарлы (Теңдік) селосы мен телемұнараның арасынан жеке тұрғын үй салуға жерлер беріле бастады. Бүгінде қарқынды түрде салына бастаған «Жұлдыз» ықшам ауданы сәулет ескерткішіне жақын маңда орналасқан.
АТҚАРУ КОМИТЕТІНДЕГІЛЕР АҚЫМАҚ ЕМЕС
«Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қайта қалпына келтіру және пайдалану мемлекеттік инспекциясы» Мемлекеттік мекемесінің бастығы Ғалымжан ЫСҚАҚОВ жедел түрде қорғау мақсатында қазба жұмыстарын жүргізу керек екіндігіне сенімді болып отыр. «Заң бойынша жер учаскелерін бөлгенге дейін тарихи-мәдени мұралар нысандарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Осындай нысандар анықталған жағдайда жеке және заңды тұлғалар жұмыстарын тоқтатып, бұл туралы өкілетті органға хабарлауға міндетті. Тарихи-мәдени мұралар нысандарына қауіп төндіретін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынған. «Ақтөбе» қалашығы 1981 жылы 14 шілдеде Гурьев облыстық халық депутаттарының атқару комитетінің шешімімен мемлекеттік қорғауға алынатын облыстың тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағына енгізілген. Оны зерттеу жөніндегі барлық жұмыстарды жер учаскелерін беру басталмас бұрын аяқтау қажет еді. Енді бірінші кезектегі мәселе - қорғап қалу үшін қазба жұмыстарын жүргізу болуы тиіс. Осы жұмыстар жүргізілгеннен кейін ашық аспан аясында мұражай жасақтауға болады, ол қала тұрғындары мен қала қонақтары үшін керемет орынға айналар еді».
«Қорғау аймақтарын анықтау мен пайдалану режимінің ережелеріне» сәйкес, археологиялық ескерткіштер тобының шеткі объектілері 50 метр қашықтықта болатын қорғау аймағымен қоршалуы тиіс, көз жетерлік кеңістік қамтамасыз етілуі тиіс археологиялық ескерткіштер үшін қорғау аймағының радиусы 200-300 метрге тең болуы тиіс.
«ЕКІНШІ САРАЙШЫҚҚА» ҚАУІП ТӨНІП Т¦Р
Қалалық сәулет басқармасы бастығының орынбасары Слямғали СМАҒҰЛОВбұл мәселенің бақылауда екендігіне сенімді. «Жер бөлінісі барлық инстанциялармен мақұлданған жоспар бойынша жүргізіледі. Соның ішінде облыстық мәдениет басқармасы да бар. Жер учаскелері мен көне қалашықтың арасында 200-300 метр қорғау аймағы сақталған. Осы жерді қорғау үшін ескерткіштерді қорғау инспекциясы белсенді жұмыс жасауы тиіс деп ойлаймын. Бұл жерде тақтайша орнатылған, алайда аумақтың өзі қоршалмаған. Бірақ, қайталап айтамын, біз қорғау аймағын сақтап отырмыз», - деп сендірді С.Смағұлов.
«Біз үшін 300 метр деген не? Жергілікті халықтың менталитетін ескеру керек. Шетелде, батыс елдерінде әдеттегі үйлер мен, айталық, көне қорымдар бейбіт көршілестікте болуы мүмкін, оларды қиратып бүлдіру туралы ешкімнің ойына кіріп те шықпайды. Ал бізде бірнеше жыл өткен соң бәрі де тапталып, қоқыс орнына айналып, көне Тараз қаласы секілді «Ақтөбе» де ғайып болады!» - дейді ызалана Марат Қасенов. – Сонда біздің кейінгі ұрпаққа қалдырар ештеңеміз қалмайды. Тіпті қалашықтың аумағын қоршап тастасақ та, бұл бұдан шығар жол емес. Бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек, өйткені ескерткіш біздің мемлекетіміздің игілігі боп табылады: осы маңнан құрылыс салуға мүлдем тыйым салу керек немесе зерттеу қазба жұмыстарын жедел аяқтау керек. Сарайшық қаладан алыста орналасқан, дегенмен облыс қонақтарының барлығы сол жерге барады. Ал біздің дәл бүйірімізде осындай ескерткіш құрып бара жатыр. Бұл ескерткіштен ашық аспан аясында елдің бәрі сүйсінетін мұражай жасау керек».
Кең ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қомақты қаржы керек, ескерткіштерді қорғау инспециясының мамандарының бағалауынша – шамамен миллиард теңге қажет екен. Алайда бұған үстіміздегі жылдың бюджетінде ақша қарастырылмаған. «Біз қалашықты қорғау мақсатында қазба жұмыстарын 2012 жылдың зерттеу жұмыстарының жоспарына енгіздік. Алайда оған қаржы бөліне ме, жоқ па, әлі белгісіз», - дейді өз күдігімен бөліскен Ғалымжан Ысқақов.
Вячеслав Афанасьев болса: «Ескерткішті сақтау керек, әңгіме осымен тәмам!» дейді. Ол барлық инстанцияларға жүгініп, күресуге дайын отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА