14 тамыз күні Атырау облысы бойынша кейбір ауылдық округтердің әкімдерін сайлау өтті. Үміткерлер арасында Астрахан базарында ұрлық жасағанын мойындап, елді шулатқан бейнежазбаның «кейіпкеріне» айналған Сафон ауылдық округі әкімі Есенбек САТЫЛҒАНОВТЫҢ кандидатурасы да бар болатын.
Біз Құрманғазы аудандық әкімдігінің аппарат басшысы Нұрлыбек ҚАЛИЕВПЕН тілдескен едік:
- Сафон ауылдық округінде қанша үміткер болды?
- Үш адам: Роза ХАМЗАЕВА, Асылбек ӘНЕСОВ және Есенбек САТЫЛҒАНОВ. Сайлауға аудандық мәслихаттың 13 депутаты қатысты. Олардың көп дауысын Роза Хамзаева жинады. Енді ол ауыл әкімі болып сайланды.
- Сатылғанов қанша дауыс жинады?
- Бірде-бір дауыс жинамады.
- Астраханда болған жағдайға қатысты оның әрекеті тәртіптік кеңесте қарала ма?
- Бұл жағдай орын алған кезде, Сатылғанов еңбек демалысында болды. Сайлауға дейін бірнеше күн бұрын, 10 тамызда жұмысқа шығуы тиіс еді, бірақ денсаулығына байланысты «еңбекке жарамсыз» деп, демалыс алды. Тәртіптік кеңес істі мемлекеттік қызметкер жұмыста болғанда ғана қарай алады. Сол кезде одан түсініктеме алып, оның әрекетіне қатысты әрі қарай тексеру жүргізіледі.
- Бұл жағдай туралы өзіңіз не ойлайсыз?
- Бұл азаматтың әрекеті мемлекеттік қызметкер үшін өте жат қылық, әдеп нормасына қарама - қайшы. Оның үстіне, әңгіме ұрлық туралы болып отыр.
- Демек, бейнежазбадағы адамның Сафон ауылдық округінің сол кездегі әкімі Есенбек Сатылғанов екенін растайсыз ғой?
- Әлеуметтік желіде фотосы, бейнежазбасы бәрі бар ғой. Біздің ауданда Есенбек Сатылғанов есімді одан басқа әкім жоқ.
Округ әкімі лауазымын атқарғанға дейін Есенбек Сатылғанов орта мектепте мұғалім, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Сафон» бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметтерінде болған.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА