Атырау, 28 наурыз 18:52
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Қанттың "кермек" дәмі

Бейнежазба
4 995 просмотра
Бейнежазба скриншоты

«Whatsapp» қосымшасы арқылы Есенбек Исатайұлы САТЫЛҒАНОВТЫҢ атына берілген жеке бас куәлігі мен «Сафон ауылының әкімі Астрахан базарында макарон мен қант ұрлады» деп жазылған бейнежазба таралып кеткен еді.

«АЖ» бұл ақпаратты тексеруді ұйғарды.

Сафон селолық округі Атырау облысы Құрманғазы ауданында орналасқан. Бейнежазбада белгісіз ер адам өзінің ұялы телефонына «919...06» нөмірлі Hyundai Accent автокөлігін камераға түсіріп тұр, соңғы екі сан біздің аймаққа тиесілі нөмір. Жазба авторы: «Міне, қазақстандық көлік нөмірімен ұрлық жасады» дейді және көлік жүргізушісіне камераға тіке қарауға және оның күн сәулесінен қорғайтын көзілдірігін шешуге бұйырады. Одан әрі көліктің артқы орындығында отырған әйел мен қарт әжейді де ұрлықшыға теңейді. Редакцияға келген тағы бір бейнежазбада басқа бір ер адам өз кінәсін мойындап, ұрлағанын растады.


Бұл оқиғаны ақырына дейін анықтау мақсатында біз селолық округ әкімі Есенбек Сатылғановтың үй телефонына хабарластық. Ұзақ қоңыраудан кейін телефонды көтерген әйел адам үй иесінің бар-жоғын қарап келетінін айтып, күтуімізді өтінді. Жауапсыз қалғаннан кейін телефон тұтқасын қойып, екінші рет хабарласуымызға тура келді. Бұл кезде тұтқаны ер адам көтерді. Өзін Әнуарбек деп таныстырған ол бізге түсініксіз қатқыл дауыспен үй иесі Есенбек Сатылғановтың аудан орталығына кеткенін, аталған бейнежазбаның монтаждалған болуы мүмкіндігін және өзінен ештеңе сұрамауын, себебі қарапайым жұмысшы екенін айтты.

Бұдан кейін біз Сафон ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлерімен байланыстық. Олар бізге Есенбек Сатылғановтың 1 тамыздан бастап еңбек демалысына шыққанын және сұрағымызға орай бейнежазбадағы ер адамның басшысы екенін, Әнуарбек деген інісі барын, қасындағы көлік жүргізушінің сол бауыры екендігін растады.

Біз округ әкімінің ұялы телефонын іздеп тауып, хабарласқанымызбен, ол «АЖ» тілшісімен сөйлескісі келмеді, содан соң қайта-қайта соққан қоңырауымызға жауап бермеді. Одан әрі басшылыққа хабарласуды жөн көрдік. 

Құрманғазы ауданы әкімдігіндегілер әлеуметтік желідегі тараған бейнежазбаны көргендігін, сол жазбадағы адамның Сафон ауылдық округінің әкімі Есенбек Сатылғанов екенін растады. Оның қазіргі уақытта еңбек демалысында болуына қарай әзірге қызметтік тексеріс жүргізе алмайтындықтарын айтты. Аудан әкімі Бибоз ШАЯХМЕТОВПЕН әңгімелесу мүмкін болмады:  Ол жиналыста болды, содан соң шұғыл шараға кетіп қалыпты. Басқа қызметкерлермен әңгімелесу барысында осы мәселеге қатысты олардың Ресей Федерациясы Астрахан облысындағы ҚР консульдігімен хабарласқандығы анықталды. Олар көрші елдің құқыққорғау органдарына осы жағдайға қатысты шағым түспегендігін айтты. «Әкімнің бұл қылығы мемлекеттік қызметкердің этикасына сай келмейді. Сол себепті, не болғанда да бұл адам еңбек демалысынан 11 тамызда жұмысқа шыққан кезде жағдай анықталады», - деді әкімдік қызметкерлері.

Қазіргі уақытта Атырау облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер және кент әкімдеріне кандидаттарды тіркеу қорытындысы жарияланды. Облыстың аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Вера КУЗЕНЯТКИНАНЫҢ хабарлауынша, биылғы жылдың 14 тамызында облыстағы 11 ауылдық округ әкімдерін сайлау өткізіледі, соның ішінде Сафон ауылдық округі әкімінің кандидатурасы ұсынылған. Себебі, әкімдердің өкілеттік мерзімі 4 жыл болатын болса, аталған ауылдық округ әкімінің осы лауазымға мерзімі аяқталған.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

9 тамыз 2017, 20:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.