Индер ауданы Көктоғай селосындағы «Жанбай» ШҚ басшысы Ғалымжан НҰҒЫМАНОВ үкіметке иек артпай-ақ өз шаруасын дөңгелентіп келеді.
ҚЫСТАҚҚА САПАР
Сөзіміз дәлелді болу үшін Көктоғайдан 6 шақырымдағы «Көктерек» қыстағын бетке алдық. Жолдың миы шыға бастапты, жүргізер емес. Қалың қардың көбесі сөгіле жусан мен итсигектер қарауытып көрінуде. Солқылдата соққан машина кабинасында әңгімеміз жалғасып келеді:
- Аға, қоянның қысы бірталай шаруаға сын болған шығар?
-Шаруалар қыс дегенді ұмытты ғой, шөпті үнемдеп, малды далаға жайып шығамыз деген есекдәменің соңы осылай болады. Мен келесі қысқа да әзірмін, малды азығынан үнемдеп қажеті жоқ. Былтыр 800 рулон шөп, 40 тонна жем алғанмын. Шөптің екі іскіртінің мұрты бұзылмастан тұр. Ауылдың кәрі-құртаңы, жағдайы төмен отбасылар шөп сұрап келгенде шыдамайсың, бересі.
- Малдан аздап болса да шығын болған шығар?
- Тышқақ лақ та өлген жоқ, осалдық танытсақ не болғанымыз.
Қыстақ басы бүтін бір шаруашылыққа арналған, техникалар толып тұр. Аула жақта жүрген жігіттер шаруа қамында жүр. Бірі қораның төбесіндегі қарды түсірсе, екіншісі домаланған рулонды ажыратып әлек. Қой да төлдей бастаған. Сүп-сүйкімді қозы, лақ түртпектей енесінің қасынан ажырар емес. Ұлы Асқар мен ағасының баласы Жәнібек НҰҒЫМАНОВТАР, Ғибатолла ДӘУЛЕТИЯРОВ, Асылбек ЕСМҰХАНОВ, Таңат АҚЫМҒАЛИЕВ, Қуандық ӘЖІҒҰЛОВ шаруа жайын бес саусақтай біледі.
Таңат Ақымғалиев сүйкімді қозыларымен.- Қыстаққа жарық келіп тұр, телефон, телевизор бар, газ баллонын үзбеймін. Жұмысшылардың әрқайсысына 30 мың теңгеден жалақы беріледі, ал тамақтары, темекілері мен тіпті телефон активтері тегін. Басқалай да көмек беріледі. Осының арқасында бала-шағаларын асырауда. Малдарын қосады, жем, шөбіне ештеңе алмаймыз. Аудандағы шараларға малдай көмектесіп келеміз, атшабыс бәйгесі мен 9 мамырда ақшалай жәрдем беру жыл сайын іске асуда. Жағдайы төмен отбасыларға шама шарқымызша шөппен, малмен көмектесеміз. Осының бәрі осы малдың арқасында, оны бағушылардың біліктілігіне байланысты,-дейді Ғалымжан аға.
Ғалымжан Нұғыманов - Исатай ауданының тумасы. Он жасынан қозы баққан ол 54 жылын ауыл шаруашылығын өркендетуге жұмсаған. «Путь Ильича» совхозының директоры болып бірнеше жыл жұмыс жасап, жекешелендіру тұсында совхоз малын шаруаларға қылдай бөліп берген болатын. 1998 жылы «Жанбай» ШҚ-ын құрып, содан бері мал өсірумен айналысып келеді. Қазір шаруа қожалығында төрт түліктің бәрі бар, жыл сайын шөпті өздерінің күштерімен дайындайды. Лезингілік негізде трактор тіркемесін алғаны болмаса, үкіметке алақан жайған емес. Қожалық жыл сайын аудандағы төрт балабақша мен бір аурухананы етпен қамтамасыз етіп келеді. Яғни, әрбір келісін 812 теңгеден 7415 кг ет тапсыруда. Жалпы алғанда жылына 50 сиыр жабық мекемелерді етпен қамтуға кетеді.
- Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын миллиардтаған қаржы ауыл шаруаларына берілуде дейді. Бұл азғантай топтың мүддесіне жұмсалып жатқан болар, нағыз тауар өндірушілерге жетпей жатыр, яғни, ауыл шаруасы көк тиын көмек көріп отырған жоқ. Облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ дүйім елдің алдында жыл сайын жемшөпті дайындауға кеткен шығынның 50 пайызына субсидия беріледі деген болатын,- дейді Ғ.Нұғыманов.- Шаруашылық 2010 жылы 25 пайыз негізде 405 мың теңге субсидия алды, енді облыс бюджетінің қаржысының тапшылығына байланысты деген сылтаумен бұл көмектен айрылып отырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор