АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяға болашақта АҚШ-қа доқ көрсетуден тартынуға шақырып, егер мұндай пиғылдан бас тартпаса "бұрын-соңды көрмеген от пен қаһарға ұшырайтынын" ескертті.
Трамп бұл туралы Пхеньян БҰҰ өткен аптада Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран сынағанына жауап ретінде қосымша санкция салатын қарарды мақұлдаған соң "АҚШ-қа үлкен сабақ үйрететіні" туралы доқ көрсеткеннен кейін мәлімдеді. БҰҰ санкция Солтүстік Кореяны бір миллиард долларға жуық қаржы - экспорттан түсетін барлық қаржысының үштен біріне жуығынан қағады. Қарарды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бірауыздан мақұлдаған.
8 тамызда Трамп мәлімдеме жасамай тұрып Washington Post басылымы америкалық әскери барлау сарапшыларының Пхеньян ендігі баллистикалық зымырандарға орната алатын шағын ядролық оқтұмсық жасап үлгерген деген деген қорытынды жасайтын баяндамасын жариялаған. Батыстық сарапшылар бұған дейін Солтүстік Корея ядролық қарудың техникалық жағынан ең күрделі әрі қиын компоненті - ядролық оқ тұмсық жасауы үшін біраз жыл қажет деп санайтын.
Washington Post-тың жазуынша, Солтүстік Кореяда құрлықаралық баллистикалық зымыранның пайда болуы прездиент Трампқа жайсыз тиюі мүмкін. Себебі Трамп Вашингтон Пхеньянның АҚШ-қа ядролық қарумен қоқан-лоққы көрсетуіне жол бермейтінін мәлімдеген.
Президент Трамптың қатқыл мәлімдемесі бірқатар конгресменнің сынына ұшырады. Олар мұндай мәлімдеме Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайды одан бетер шиеленістіре түсуі мүмкін деп қауіптенеді. "Сіз қорқытып-үркіткен нәрсеңізді оындай алатыныңызға сенімді болуыңыз керек... БҰл өте күрделі нәрсе" деді конгресмен Джон Маккейн.
Дереккөз: azattyq.org