Атырау, 27 қараша 05:33
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Шығыс жұлдызы

Сурет
3 756 просмотра


Орташа ауқатты қазақстандыққа Ташкентте жақсы демалуға болады деген сөз рас болып шықты. Мен бүгін ол жерде отбасыммен екі күн демалып қайттым.

Шымкенттен 105 шақырым жердегі Черняевка шекаралық өткізу бекетінен кедергісіз өтіп кеттік. Алайда екі бағытта шекарадан өтіп жатқан Өзбекстан азаматтары ұзын-сонар кезекте тұр. Бұл жерде бақылау-өткізу бекетінде жергілікті тұрғындардан 60 мың теңгені өзбек сомына ауыстырдым. Бұл сома отбасыммен жақсы демалып, кәдесыйлар сатып алуға жетіп қалды.

Бірінші сұрақ: қай жерге тоқтаған жақсы? Мейманханадағы ең арзан нөмір тәулігіне 15 мың теңгеден басталады (осы жерде және әрі қарай – сомнан теңгеге айналдырған бағалар). Ал жергілікті билік пәтерлерді заңсыз жалға берумен аяусыз күреседі екен. Тіпті, пәтерлерін тәркілеп те алатын көрінеді. Атырауда тұрған таныс өзбектерге қоңырау шалуыма тура келді. Олар қол ұшын беріп, бізге Ташкенттің ортасынан – Юнусабад ауданынан пәтер табуға көмектесті. Орналасып алған соң, жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне бардық. Бұл жердегі бағаларды (бір келісі) көріп қатты таң қалдық: жасыл жүзім - 175 теңге, қара жүзім – 250 теңге, шабдалы – 240 теңге, қарбыз – 160 теңге (1 данасы), үлкен тандыр нан – 48 теңге, майлылығы 2 пайыздық сүт - 232 теңге және т.б. Бұдан басқа, кәуаптар әр бұрышта 200 теңгеден, ал түрлі сұрыптағы мейіз мен кептірілген өрік 900-ден 2 мың теңгеге дейін сатылып жатты. Бұлардың барлығы жергілікті өнімдер.


Әмір-Темірдің 14-ғасырда әкелген құраны.

Осы жерден таныс көріністі байқадым – бақ ішінде сиырлар жайылып жүр. Астанада сиыр көп екен. Тағы бір ерекшелігі – тұрғындар Өзбекстанда шығарылатын «Дэу» мен «Шевролет» маркалы көліктерімен жүреді. Әкелінетін шетелдік маркаларға салынатын кедендік баж салығы – көлік құнының 100 пайызы. Рас, бірде біздің таксидің сән-салтанатты қара түсті «Майбах» көлігін басып озғаны бар. 

Қалада балалар демалысының индустриясы жолға жақсы қойылған. Аквапарк билеттері балалар үшін 800 теңге, ересектер үшін 1600 теңге, картинг орталығына – тиісінше 2200 және 2400 теңге, лазерлік пейнтболға – 1600 және 2400 теңге.

Жақын жердегі базарға барып, кәдесыйлар мен 27 мың теңгеге хиуа кілемін сатып алдық. Айтпақшы теңгемен сауда жасадық. Бұл жердегі саудагерлер біздің ұлттық валютамызды еш қиындықсыз қабылдады. Оның үстіне, валюта ауыстыратындар толып жүр. Бағалардың барлығы біздікінен екі есе төмен.

Жолға шығар алдында түнде көршілеріміз ұйықтатпады. Үйлену тойы болып жатыр екен. Қабырғаның ар жағынан айтылған тілектер мен музыканың дауысы даңғырлап жетіп жатты. Ал таңғы сағат 8-де подъезд алдындағы аулада көршілер би билеп, «келин салам» жоралғысы басталды (біздің «беташарға» ұқсайды).


Өзбектің "беташары" - келин салам".

Қонақжай Ташкенттен кетпес бұрын бірнеше мешіттен тұратын «Хазіреті Имам» кешеніне бардық. «Муйи Мүбәрак» медресесінде 14 ғасырда Әмір-Темірдің Иракқа барған жорығында алып келген 338 беттік Мұстафа Құранның түпнұсқасы сақтаулы. Патша заманында ол императорлық кітапханада сақталыпты, ал 1924 жылы арнайы пойызбен Ташкентке жеткізілген.

Бағалы экспонатты ұрлауға әрекеттер жасалды ма? Бұл сұраққа гид бір рет әрекет жасалғанын айтты. Содан бері медресені полицияға мұқият күзетке алған екен.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

8 тамыз 2017, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.