
Прокуратура ғимаратының алдында өзін атып өлтірген Өмірбек Жампозовтың ұлы Целиноград прокурорына шабуылдады деген күдікке ілінді. Асылжан Жампозовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Целиноград ауданының прокурорына күш қолдану фактісі бойынша А.Ө. Жампозовқа қатысты қозғалған қылмыстық іс «Билік қызметкеріне қатысты күш қолдану» бабы бойынша тіркеліп, Ақмола облысы ІІД Тергеу басқармасының өндірісіне алынды», - деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі Informburo.kz сауалына жауап бере отырып.
Отбасының адвокаты Бақыт Қайыржанованың айтуынша, тергеу жүргізіліп жатқаны туралы Асылжан Жампозовқа әлі хабарланбапты. Сонымен қатар бірде-бір рет жауап алуға шақырылмаған.
«Өмірбек қаза болған күні, менің естуімше, Асылжан ол жерде (репрессия құрбандарының мемориалы жанында) әкесі жатқанын білген. Құқық қорғау қызметкерлері оны өткізбей қойған, ол кезде мен сотта едім. Содан ол біреуді итеріп немесе ұрып жіберген. Іс Ақмолда емес, Көкшетауда жатыр дейді. Сондықтан іс қозғалды ма, жоқ па, білмей отырмыз. Бізді прокуратураға шақырды, сол жерде Асылжан прокуратура қызметкеріне қол жұмсағанын айтты, іс қозғағалы жатқанын естіп қалдым. Әкесінен айырылған ұлдың қандай күйде болғанын түсіндірдім! Бұл деректі бұған дейін ешкім естірткен жоқ», – деп түсіндірді ол.
ІІМ заңды алға тартып, істің мән-жайын түсіндіріп беруден бас тартып отыр.
Айта кетейік, «ҚазСуШар» РМК-ның бұрынғы басшысы Өмірбек Жампозов 20 шілде күні Ақмола облысына қарасты Ақмол ауылындағы прокуратура ғимаратының жанында прокурор мен полицейді мылтықпен жаралап, кейін өзі көлігінің ішінде атылып өлген еді. Оған мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылған болатын.
Дереккөз: baq.kz
В Атырау -10