Атырау, 5 қараша 05:31
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +6
$ 489.36
€ 533.45
₽ 4.99

Күй шебері Құралбек домбыраны аяғымен де тартады

8 756 просмотра

Басқа‑басқа башаймен де күй тартатын Құралбек деген жігіт Қызылқоға ауданы Тасшағыл селосында тұрады дегенде елең еткенім бар. Күй десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма!? Құралбекті әдейі ат арытып іздеп бардым.

Тасшағыл селосы малмен күнелтіп отыр, кезінде малды асылдандыру бағытында дүрілдеп Одаққа аты шыққанын білетінмін. Бір ғажабы, селоның тазалығы, адамдардың қазақы жылышырай танытуы одан сайын келушіні баурай түседі екен. Баяғы көңілден кеткен ат арбаны осында көріп, таң қалдым. Ат құлағында ойнаған бір бала. Қазақы тірліктің қойнауындағы ауыл адамдарының біразын тоқтатып, Құралбектің үйін іздеп келеміз. Оны да көп ұзамай таптық. Құралбек үйінде екен. Түс әлетінде келгендіктен жылы шырайлы келіншегі шайнекке жармасты. Көп ынтықтырмай Құралбек бізге күй тартып берді. Кең далада дүбірлеген аттар ұшып келеді, аққудың сыңқ‑сыңқ еткен үні естілгендей. Шебер ойнайды екен. Домбырасы да лыпып тұр.

‑ Башаймен қалай тартасың, соны көрсетші,‑дейміз баяғы.

Бастапқыда малдас құрып отырған жігіт башайларын қозғалысқа салып, күйдің күйін бұзбастан шерте берді. Енді желкесінде, тұра сала домбыраны арқасына тастап та ойнап берді. Бір күйді ырғағынан бұзбастан неше түрмен ойнаған жігіттің ептілігіне сүйсініп те қалдық. Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйі. Бұдан кейін де домбыраны еркін меңгерген ол бірнеше күй тартып берді. Ел арасында осындай талантты жігіттің қалып қоятынын бір кезек ойлап қоямыз. Кең ортаға тартып, күй білімімен тереңірек сусындатса ғой, шіркін дейсің. Қаншама өнерлі жастың ауыл арасында шаң қауып, тасада қалып жатқандығы өмір шындығы ғой. Ошақ басты, тұрмыс тауқыметімен өмірбақи тек ауыл арасында өнерін «шыңдап», қартайып, көзі жоғалып жатқандардың елеусіз тірліктерін ойлағанда еріксіз жаның ашиды.

‑ Аудан орталығына шақырған. Үй мәселесі шешілмесе, балаларыммен пәтер жалдау мүмкін емес қой. Біртүрлі ауылдан да кеткім келмейді. Негізі өнерлілер ауылдан шыққан ғой. Бірақ өзімді қатты дәріптеймеймін, шындығында ауылдағы мектептің саз мұғалімі ғанамын,‑дейді Құралбек ЖҰМАЕВ.

Қарапайым жігітті әңгімеге шақыра отырып, оның орда бұзар отыздан енді ғана асқанын естідік. Өзінің арғы атасы күйші Жетәлі деген болыпты. Елді аузына қаратқан күйшілік өнер тоғыз ағайындылардың ішінде осы Құралбекке қоныпты. Әкесі Орынғали өмірден озғанша баласынан зор үміт күтіп, күнделікті үй шаруасына салмапты. Бірақ Құралбек өзінің ұстазын Лес Ақышев деп атады.

‑ Мектепте оқып жүргенде Лес ағай келді. Пәтер жалдап тұрды, жалғызбасты жан еді. Ал қажетті музыка аспаптары болды. Оны арқалап жүреді. Өнерге икемді балаларды іріктеп, дәріс бере бастады. Ол жанын сала үйрететін. Менің де есіл‑дертім Лес ағай болды. Қасынан шықпаймын. Оның «Тайсойған» күйін сол кезде үйреніп алғанмын, әлі тартамын. Енді сол Лес ағайдай мектепте саз пәнінен сабақ беріп жатырмын, үйірме жұмыс жасайды,‑дейді. Құралбек.

Құралбектің бірнеше марапттаулары бар болып шықты, «Ақ ерке, Ақжайық» фестивалінде бірінші орынды, басқа сайыстарда лауреат танылып, жүлдегер атанған. «Жігіт сұлтаны» сайысында өндірдей жігіттер бар өнерін салады ғой, сол жолы ол башаймен күй тартқанын көргендер оған бас жүлдеге лайық деп таныпты. Құралбектің ендігі ойы ашылмай кеткен күйші Лес Ақышевтің өнерін көпке паш ету. Ол демі үзілерде Индербор поселкесінде тұрыпты. Репертуарында бірнеше күйі болған, ешкімнен кем емес. Оның күй ноталарын іздестіріп, ең болмаса жарыққа шығарып, мұрағатқа тапсырса деген ой жігітті жиі мазалайды.

‑ Өзің де құралақан емес боларсың?

‑ Бірер күйлерім бар, арасында тартып қоямын. Негізгі мақсатым күй өнерін зерттеу. Лес ағайды кезінде ешкім елеген жоқ, ол нағыз өнер туған жан еді. Бір жағынан үйірме жұмысына атына заты сай келетіндей жұмыс жасағым келеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, зор үміт күтетін жеткіншектердің келешегіне үміт отын жақсам деп тырбына еңбек етіп жатырмын.

Құралбек Самалдай жарымен үш балдырғанын өсіруде. Арманы таудай жігіттің күйшілік өнеріне тәнті болып біз аттандық.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Қызылқоға ауданы     

Суретті түсірген автор

20 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.