Атырау, 23 қараша 22:46
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шыдамның шегі

3 386 просмотра

Иесіз ауылдан репортаж

14 наурызда Байшонас поселкесінің 200-дей тұрғыны екі апта бойына су мен жылудың жоқтығына наразылықтарын білдіру үшін селолық округ әкімі кеңсесінің алдына жиналды («Жайық самалының» 15 наурыздағы №11 санын қараңыздар - «Байшонас бұрқ етті»). Ал 16 наурыздан бастап жергілікті мектепте тұрғындармен билік, прокуратура және «Ембімұнайгаз» ӨФ өкілдері кездесті.

 

ИТАЛИЯДАН СӘЛЕМДЕМЕ

Шындығына келгенде мәселенің төркіні әріде.

Поселкеде тіпті біреу емес, бірнеше жылу қазандығы бар. Оның бірі Италияда шығарылған, осыдан 8 жыл бұрын 65 млн теңгеге сатып алынып, бірақ бірде-бір күн жұмыс істемеген. Неліктен екені белгісіз, осынау айқын сыбайлас жемқорлық фактісіне прокуратура да, қаржы полициясы да әлі күнге дейін көз жұма қарап отыр. Ал қалған жылу қазандықтарының жұмысы толықтай су қысымына байланысты. Су жоқ болса – жылу да жоқ. Іркілістер бұрын да болған, бірақ байшонастықтардың шыдамы наурыз айының басында Байшонас – Доссор (35 км) жолын қар басып қалғаннан кейін таусылып тынды.

Жылу қазандықтары үшін техникалық су жеткізетін машиналар қар күртіктерінен өте алмай, жылу қазандығы ұзақ уақыт тұрып қалған еді. Оның үстіне Ескенеден келетін пластик су құбыры қатып қалып, адамдар ауыз сусыз қалды.

Материал дайындалып жатқанда телефон соққан байшонастықтар жағдайдың өзгермегенін, әлі күнге дейін техникалық суды ішіп отырғандарын мәлімдеді.

 

ӘКІМ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ МА?

Мектептегі жиналыста адамдар ашуға толы сөздерді кездесуге келгендердің бетіне күйіне айтып жатты. Жұртшылықтың көңіл-күйін көп балалы ана Ұлмекен ЕСБОСЫНОВА білдірді:

– Ауа-райының қолайсыздығына сілтеудің қажеті жоқ, мұның бәрін біз жүз рет естідік. Бұл жерде қыста да, жазда да ауыз су проблема. Әр қыс сайын тоңамыз. Егер билік біздің осы жерде қырылып қалғанымызды қаламаса, бізді шұғыл арада көшіру керек.

Байшонастықтар аудандық та, облыстық та  билікке енді сенбейді, өздеріне тек мемлекет басшысының араласқаны ғана көмектеседі деп есептейді:

– Жаңаөзенде халықтың наразылығы мен талаптарына ешкім де назар аудармады. Назарбаевтың өзі келіп, бәрін  көзімен көргеннен кейін ғана барлық мәселелер шешілді. Байшонаста өмір сүру мүмкін емес. Дәрігерлер, жол, газ, жылу, су жоқ. Біз Атырауға тез арада көшіруді талап етеміз. Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА солай деп айтып барыңыздар.

Мақат ауданының прокуроры Жұбан ҚАДЫРОВ жиналғандарға аудан әкімімен байланысып, кем дегенде ауыз суы бар бір автоцистернаны жеткізуге уәде берді.

– Доссор-Байшонас жолындағы қозғалыс екі күн ішінде қалпына келтірілетін болады, - деп уәде берді Қадыров. Оның оптимизмін «Доссормұнайгаз» МГӨБ бастығы Талғат ТАСҚЫНБАЕВ бөліспеді:

 – Жолды тазарту тендерін «Петротранс» пен «Эмбанефть» кәсіпорны ұтып алды. Мен күн сайын оларға хат жолдаймын, сөзге де келіп қалып отырмын. Қолымнан басқа ештеңе келмейді.

Аудан әкімінің орынбасары Палымбет ХАСАНОВТЫҢ жайбарақаттығы таң қалдырды. Ол адамдарды сабыр сақтап, сәл шыдамдылық танытуға шақырды. Ал қоныс аударуға қатысты:

– Мен мұның қашан орын алатынын дәл айта алмаймын. Облыс әкімінің тиісті қаулысы өткен жылдың 24 қазанында қабылданды. Қазір тұрғындар санын анықтау жұмыстары жүріп жатыр, өз құжаттарыңызды дайындаңыздар, - деді

Аудандық мәслихаттың депутаты Жандарбек ЕРМҰХАНОВ атқарушы биліктің әрекет етпей отырғандығына наразы:

– Байшонасқа қатысты аудан әкімі төтенше жағдай жариялауы тиіс еді. Ол неліктен осы жиналысқа қатыспай отыр?

Бұл, әрине, қызық сұрақ. Бұл сұрақты шынымен де жиналыс басында байшонастықтар Хасановқа қойған еді, бірақ ол көкейге қонарлықтай жауап айтпады. Ал селолық округ әкімі Боран АҚМУРЗИЕВ бұл күндері ізім-ғайым жоғалған. 14 наурызда оның кеңсесінің алдына жұртшылық жиналғанда ол жұмыста болмаған, тіпті қазір қайда екенін де ешкім білмейді.

 

МҰНАЙ ИГІЛІГІН КӨРМЕДІК

Жиналыстан кейін мен 42 жастағы Гүлжан ДОСОВАНЫҢ үйіне кіріп шықтым. Үйдің тозығы жеткен, опырылып құлайын деп тұр екен.Гүлжан – мұнайшының қызы, Байшонаста ес білгелі тұрып келе жатыр. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін екі баласын өзі тәрбиелеп келеді.

– Әкем ғұмыр бойы мұнай саласында жұмыс істеді, -деп әңгімелейді Гүлжан. – Анамызбен екеуі 9 баланы тәрбиелеп өсірген. Олардың бірде-бірі «Доссормұнайгаз» МГӨБ-не жұмысқа кіре алмады. Мен де жұмыссызбын. Балаларымды үйде жалғыз қалдырып, екі ай Доссорда операторлыққа оқыдым. Бірақ ақыры жұмысқа тұра алмадым. Әзір бос орын жоқ дейді.

Поселкенің байырғы тұрғыны, 85 жастағы Әнду ҚОСЖАНОВТЫҢ үйі Гүлжандікінен сәл ғана тәуірлеу. Ол Байшонаста 1940 жылдан бері тұрып келеді, ғұмыр бойына кеніште оператор боп жұмыс істеген. Оның замандас қатарлары өркениеттің игілігін көре алмастан о дүниелік боп кеткен.

– Жұмыс жасаған бүкіл ғұмырымда  бір де бір рет сөгіс немесе ескерту алған емеспін. Осы жасқа жеткенде жақсы жағдайда өмір сүруге лайық емеспін бе? – дейді ақсақал. – Кеудемді соғып, жасаған еңбегімді естеріне түсіргенім ыңғайсыз ғой. Бірақ сонда да бір күні облыс әкімінің қабылдауына кіруге әрекет жасадым. Бірақ мені кіргізбеді. Арыз қалдырып кеттім, жауабы  ақыры келген жоқ.

 

БӘРІ “КЕРЕМЕТ!”

Бүгінде сол Байшонастың басына тағы бір қауіп төніп тұр. Поселкені шарлап шықтым. Айналада қыс бойына түскен қар төбе-төбе боп жатыр. Қазірдің өзінде үйлерінің маңына жиналған қоқыс пен еріген қар суларын тұрғындар шелектеп төгіп жатыр. Егер жедел шаралар алынбаса, бұл жерді топан су басары сөзсіз.

Су басу қаупі мен Байшонастың бүгінгі проблемалары Мақат ауданының әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВТІ қаншалықты алаңдатады? Жиналыс алдында онымен телефон арқылы хабарласудың сәті түскен еді.

- Ол жерде тек наразы бірнеше адам ғана бар, бірақ адамдардың бәрі бірдей емес қой, – деді пәлсапа айтқан Қ. Қайненов. – Байшоноста бәрі ойдағыдай. Жылу қазандықтары жұмыс жасап тұр, 5 автоцистерна тұрақты түрде суды поселкеге жеткізіп отыр. Жылумен қамту қалпына келтірілді, Байшонас-Доссор жолында ешқандай проблема жоқ.

Сәния ТОЙКЕН, суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

21 наурыз 2012, 14:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.