Атырау, 27 қараша 09:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Саябақтың саялайтын жері қалмады

Сурет Бейнежазба
3 258 просмотра


Балықшы ықшамауданындағы саябақтың бір жақ бетінде талдар суға малынып көл болып жатса, екінші беті шөлден қақсып тұр. Біз саябаққа барып, мән-жаймен танысып, тұрғындардың өтінішіне құлақ асып қайтқан едік. 

Күләнда ЖИЕНБАЕВА қала тұрғыны:

- Мен осы саябақтың ішімен күнде өтемін. Биыл талдарға мүлдем су жүргенін көрмедім. Кәрі теректер шөлге шыдайды. Ал, өзіміз еккен жас шыбықтар өліп қалады ғой. Жанымыз ашиды. Мәселен, былтыр мына жас шыбықта қарақат өсіп еді, биыл жапырағының өзі әзер шығып тұр, - деп қураған талды көрсетті.

Бұл саябақтың ортасымен бір жылдары жүргіншілер жолы салынуына байланысты саябақ екіге бөлініп қоршалған болатын. Қазір оң жақ беті шөл болғанымен екінші беті көл болып жатыр. Оған қандай себеп?  

Клара РАМАЗАНОВА, зейнеткер:

- Мен осы саябақ арқылы №2 қалалық кітапханаға келіп тұрамын. Сондағы байқайтыным, екі ер адам ертемен «Элдарадо» мейрамханасы жақ бетіндегі талдарға суды ашып жібереді де кетіп қалады. Кейде ол екі күн тоқтамай сарқырап ағып жатады. Бірақ, соның өзінде су тек ойыс жерлерге ғана жиналып, жоғарыға жетпейді. Қазірдің өзінде мен оң жақ беттегі теректердің түбіне саусағымды тығып қарап келе жатырмын. Әлі суарылмаған. Қараусыз шыбықтар күннен-күнге қурап барады.



Рамазанованың айтуынша, бұрын саябақта тал еккен адамдардың есімдері жазылған естелік тақта, демалуға арналған арқасы бар орындықтар болған. Қазір оның аты да жоқ.

- Мен осы саябақ іргесіндегі №84 үйде тұрамын. Балаларымды күніне екі мезгіл осы саябақ ішіндегі ойын алаңына алып келемін. Мен мұнда демалып отырудың күннен-күнге қолайсыз болып бара жатқанын жеткізгім келді, - дейді Назгүл ҚАДІРЖАНОВА. - Балықшыға осыдан үш жыл бұрын көшіп келгенімде бұл жер мүлдем басқаша болған. Үйімнің терезесінен қарағанда жасыл желектен саябақта ойнап жүрген балалар көрінбейтін еді. Ойын алаңының айналасында демалып отыратын орындықтар болды. Өткен жылы олардың алдымен арқасын сындырды, келесі күні түгелімен жоқ болып тынды. Ал, қазір саябақ ішіндегі басқа орындықтарға отыра кетсең де қоқыс жәшіктері жоқ. Айналамызда баламызды ойнатуға әкелетін, өзіміздің де демалатын жалғыз жеріміз осы.

Тұрғындарды толғандырған сұрақтарды біз қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ақесен ИБРАГИМОВКЕ қойдық.

- Балықшыда бір ғана саябақ бар. Ол жүргіншілер жолы арқылы екі бөлікке бөлінеді. Саябақты күтіп баптау, тазалау, су құю жұмыстарымен Саңыраулар қоғамының филиалы айналысады,  - дейді А.Ибрагимов. - Ал, судың барлық талдарға бармауының бірінші себебі саябақтағы құбырлар ескіруінен болып отыр. Ескі құбырларды жаңарту жұмыстары келесі жылға жоспарланды. Қоқыс жәшіктерін Саңыраулар қоғамы филиалының жұмысшылары бірнеше рет орнатқанымен оларды үнемі сындырып кетеді, жұлып әкетеді. Бұған не істеуге болады?

Ердос ҚАСЫМ

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

3 шілде 2017, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.