Атырау, 27 қараша 09:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Шегірткелер қаптады

Сурет Бейнежазба
4 185 просмотра

Қаптаған саяқ шегірткелер Индер, Махамбет және Қызылқоға аудандарындағы егістік алқаптарды отай бастаған. Зиянкесті түгел жою мүмкін болмай отыр, егіншілер егу жұмыстарын  қайтадан жүргізуге мәжбүр.

ИНДЕР АУДАНЫ

Индер ауданында «Төлес» шаруа қожалығының үш гектарға еккен көкөніс дақылдарын шегірткелер жеп кеткен. Алқаптарды суару жұмыстары жүріп, дақылдар енді шыға бастағанда дала зиянкестеріне тап болды.

- Осыншама шегірткелердің қайдан келіп жатқанын түсіне алмай отырмыз, - дейді «Төлес» ШҚ басшысы Қайрат ИСАЕВ. - У алып шашып едік, қайта пайда болды. Егістік алқаптардағы енді шыға бастаған өсімдіктер жапырағын түк қалдырмастан жеп қойды. Енді олар шықпайды, қайта егу қажет. Алқаптың шамамен 1, 5 гектары жарамсыз болып қалды.

МАХАМБЕТ АУДАНЫ

«Никита» ШҚ жұмысшылары қаптаған шегірткелермен күресті күні-түні жүрізіп келеді, бірақ әзірге бәрі сәтсіз.     

- Шегіртке енді көктеп шыға бастаған сәбіз бен жуаны жеп қойды, -  дейді «Никита» ШҚ басшысы Никита АН.Шегірткемен күресу өте қиын. Егер жергілікті билік диқаншылардың мәселесіне көбірек назар аударса жақсы болар еді.


«Сейітов К.» ШҚ басшысы Қобылан СЕЙІТОВ те зардап шегіп отырғанын айтады:

- Менің 5 гектар жерімдегі алма ағашының көбінің жапырақтарын кеміріп тастады. Көкөністеріме де жаудай тиді. Түк қалдырмай жеп қойғандарының орнына қайта егу жұмыстарын жүргіздік. 20 литр уға 100 мың теңге қаржы кетті, бірақ шегіртке әлі бар. Егін піспей жатып күлдей шығынға батып жатырмыз.

Ал Махамбет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жұматай БИСЕНОВТЫҢ айтуынша, саяқ шегірткелер аса қауіпті зиянкеске жатпағандықтан оны улауға бюджеттен қаржы қарастырылмаған:

- Биыл біз шегірткелерді аса қауіпті зиянкестер тізіміне енгізіп, бюджеттен қаржы бөліп, оларды улау мәселесін облыста талқылауға шығармақпыз, - дейді Бисенов.



ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ

Қызылқоға ауданының жайылымдық және шабындық жерлерінде итальяндық прус шегірткесі жайлаған. Қазір ауданда шегірткелерді улау жұмыстары жүруде.

- Зиянкестер жайлаған 11 мың гектар жер уланды. Шегіртке бізге көршілес Батыс Қазақстан облысынан ауып келген. Енді олар Ойыл округіндегі «Жас қайрат» ЖШС-не тиесілі арпа егілген 175 га жердің бір бөлігіне келе бастады. Қазір егістікті сақтап қалу мақсатында жерге у шашу жұмыстары жүруде, - дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек ТҰРДАҒАЛИЕВ.

Аудандағы Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Қызылқоға, Тайсойған, Жамбыл округтерінде итальяндық прус шегірткелері  толық жойылып болмаған.

- Біз қанаттанған шегірткелердің ғана көзін жоя аламыз. Шегірткелер ұшып жүріп шағылысқа түседі, ұрық тастағаннан кейін кейін ұшуын тоқтатады. Біз осындай жерлерді анықтап, келесі жылы улауға жоспар жасап, ұсыныс беретін боламыз, - дейді «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ-нің Атырау облысы Қызылқоға аудандық филиалының директоры Мақсым ҒҰМАРОВ. - Қазіргі міндет шегірткелер қаптаған алқаптарды сақтап қалу, бақылау және қадағалау.     

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

3 шілде 2017, 17:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.