Атырау, 27 қараша 09:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Тендерге дейін жеп бітірді-2

Толықтырылды
3 007 просмотра

Қаладағы жасыл желектерді қоңыздар жеп бітіруге жақын. Ал қала билігі ағаштарды фитосанитариялау жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтауды жыл сайын кешіктіріп келеді. Біз осы тендерлерді өткізетін қалалық қаржы бөліміне сауал жолдадық және бөлім басшысы Шыңғыс АРЫСТАНОВТЫҢ қолы қойылған жауап алдық.

Жауапта баяндалған биылғы тендердердің тарихы көңіл көншітпейді. Және тұйыққа тіреген мәселеге айналды. Қысқаша айтқанда, конкурс туралы хабарландыру 2017 жылы 26 қаңтарда жарияланды. Өтінімді сегіз қатысушы берді. Конкурстық комиссия өтінімдерді қарау барысында сегіз қатысушының ішінен «Дезинфекция» медициналық мекемесінің құжаттары сәйкес келуіне байланысты бір әлеуетті қатысушыны жіберді.

Мұндай жағдайда ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылса, 1) тапсырыс беруші (бұл жерде қалалық ТКШ бөлімі) қайтадан конкурс өткізеді; 2) тапсырыс беруші конкурстық құжаттаманы өзгертіп, қайтадан конкурс өткізеді; 3) тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу арқылы өткізеді (бұл жерде «Дезинфекция»).

ТКШ бөлімі үшінші нұсқаға тоқталды. Себебі, уақыт тығыз болатын. Дегенмен, конкурсқа қатысушылардың бірі «Биоген-Инжиниринг Лимитед» ЖШС конкурска жіберілмегені жөніндегі комиссияның шешімімен келіспей, 14 наурызда Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арызын жолдаған.

Аудиторлар тексеру жүргізіп, «Биоген-Инжиниринг Лимитед» ЖШС-нің өтінімі заңды негізде қабылданбаған деген қорытындыға келді. Әрі «Дезинфекция» ММ-нің өтнішімі де талаптарға сәйкес келмейтінін анықтады. Аудиторлар заңбұзушылықтарды жою бойынша шешім шығарып, конкурстың хаттамасы өз күшін жойды.

Әрі қарай қалалық қаржы бөлімі бұл шешіммен келіспейтіндігін білдіріп, Астанадағы аудит комитетіне «Дезинфекцияның» өтінімінде «мәнін қозғамай түзетуге болатын грамматикалық қателікке жол берілді» деп, хат жолдаған.  

Ал бұл жағдайда заң бойынша сәйкесінше түзетулер енгізілген өтінім құжаттама талаптарына сай деп танылады. Алайда, жергілікті аудиторлардың шешімі өз күшінде қалды. Осыған баланысты қалалық ТКШ бөлімі 17 мамырда жаңа конкурс жариялауға мәжбүр болды. 

Өз жауабында Ш.Арыстанов, сондай-ақ, «жыл сайынғы ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар әлеуетті өнім берушілер үшін құжаттарын толықтай жинақтап қатысуға кедергі болатынын» айтады. Сонымен бірге, «жоғарыда айтылған мәселелерге қарамастан демеушілер мен заңды тұлғалар өз күштерімен жасыл желектерді қорғау жұмыстарын жүргізуде» екенін келтіріп өтті.  

Кейін қайта жарияланған тендерді сол баяғы «Дезинфекция» медициналық мекемесі жеңіп алғаны белгілі болды. Бұл мекеме зиянкестерді 21 млн теңгеге жоюға кірісті.

- Фитосанитария жұмыстары сәуірде басталуы керек еді, алайда, өздеріңіз біліп отырғандай, өте кеш басталып отыр. Мүмкіндігінше, олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз, - дейді мекеменің басшысы Дәурен ТАУАСАРОВ. - Шілденің басында Ақтөбедегі Орман шаруашылығы ҒЗИ сарапшылары орман патологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазір қоңыздардың даму циклының 2-кезеңде (имаго) екенін анықтады. Енді 3-кезеңге және Атыраудың температуралық жағдайын ескере отырып, 4-кезеңге өтіп кетпеуін болдырмас үшін қоңыздарды улау жұмыстары басталды.  

Ал мына суреттерді журналистика ардагері Кәрім БАХРИДЕНОВ үйінің ауласынан түсіріп, редакцияға жолдады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

1 шілде 2017, 15:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.