Ағаштарда жапырақтардың пайда болғанына аса көп уақыт өте қойған жоқ, алайда қазірдің өзінде солып қалды – оларды жапырақ жегісі мен бітелер жеп жатыр.
Осындай жағдай жыл сайын қайталанады – жаздың ортасына қарай Атырауда жапырағы жайқалған ағаштарды таппай қаласыз. Былтыр жасыл желектерді қорғау жұмыстарына қалалық бюджеттен 40 млн теңге бөлінген. Алайда, мамандар ағаштарды улауға кіріскен кезде қарағаштарда жапырақ та қалмаған еді. Бұл жағдай биыл да қайталанатын сияқты. Жұмыстар неліктен үнемі кеш басталады?
Қалалық ТКШ бөлімінен хабарлағандай, «Атырау қаласындағы жасыл желектерді қорғау жұмыстары (фитосанитария), сомасы – 38 571 428,51 теңге ҚҚС-сыз» тендері 2017 жылдың 2 ақпанында жарияланып, қорытындысы 13 наурызда белгілі болды – «Дезинфекция» медициналық мекемесі жеңімпаз болды. Алайда конкурстың ұйымдастырушысы «Қалалық қаржы бөлімі» ММ жұмысынан кемшілік тапқан Атырау облысы бойынша мемлекеттік аудит департаменті бұл шешімді жоққа шығарды. Жаңа байқау 25 мамырда жарияланды, оның қорытындысы 25 маусымда белгілі болады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор