Атырау, 27 қараша 11:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырау-Астрахан трассасы 3 жылда салынады

5 092 просмотра


Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаевтың (суретте) қатысуымен өткен брифингтің көп бөлігі Атырау-Астрахан тас жолын қайта жаңғырту мәселесіне арналды. 

ЖӨНДЕУГЕ ҚАРЖЫ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ

Республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы автокөлік жолының жалпы ұзындығы – 893 шақырым, біздің облыстың аумағынан соның 552 шақырымы өтеді. Жаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамаларын (ЖСҚ) жасақтауға 2015 жылы 380,5 млн теңге, 2016 жылы 228,2 млн теңге қаржы бөлініп, толықтай игерілді.

Ақтөбе-Атырау тас жолының 155 шақырымы қайта жаңғыртылады (шамамен 1/4 бөлігі), ЖСҚ жасақталды, жұмыстар Азия Даму банкі арқылы қаржыландырылады.

Атырау-Астрахан тас жолы (Қиғаш өзеніндегі шекараға дейін) толығымен жаңғыртуға жатады – ұзақтығы 277 шақырым, қашықтық 6 бөлікке бөлінген. Бұл жұмыстар Ислам даму банкімен қаржыландырылады, алты бөлік бойынша жұмыстар осы жылы бір мезгілде басталады деп жоспарлануда.

Астрахандық тас жолды қайта жаңғыртудың аяқталу мерзімі туралы сұраққа Қ.Нұртаев 2020 жылды атады.

АУДАНДАРДА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

Махамбеттегі жалпы ұзындығы 8,68 шақырым болатын, құрылысы 2014 жылы басталған Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар облыстық маңыздағы Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз (317 шақырым) жолын жаңғырту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Миялы-Сағыз учаскесі 2013 жылы қолданысқа тапсырылса, Қарабау-Миялы учаскесіндегі жұмыстар республикалық бюджеттен қаржының бөлінуіне байланысты орындалуда.

Биыл Қызылқоға ауданының Қаракөл, Тасшағыл, Қарабау ауылдарының, Махамбет ауданының Бейбарыс, Сарайшық, Алмалы ауылдарының кірме жолдары мен ауылішілік жолдарының жөндеу жұмыстары басталды. Қызылқоға ауданының Сағыз және Мұқыр ауылдары, Индер ауданының Аққала, Ынтымақ, Есбол, Елтай, Көктоғай ауылдары, «Жас Өркен» балалар лагері; Исатай ауданының Жаңа Жанбай, Зинеден, Томан ауылдары; Мақат ауданының Доссор, Мақат, Бәйгетөбе ауылдары үшін ЖСҚ дайындалуда.

Жылыой ауданында осы жылы Құлсары-Ақкиізтоғай жолының (31 шақырым) күрделі жөндеуі мен Құлсары қаласының қалаішілік жолдарының (25 шақырым) қайта жаңғыртылуы аяқталады. Құлсары қаласындағы Құрсай өзегі үстінен көпір салу жұмыстары (көпір Сариев пен Нұғманов көшелерін қосады) мен «Ақ мешіт» мәдени-тарихи орнына дейінгі жолдың жаңғырту жұмыстарының ЖСҚ-сы әзірленуде.

Ққрманғазы ауданында Ганюшкино-Приморье-Утеры-Котяевка-Шортанбай жолының 29-47 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілді, қазіргі таңда 0-29 шақырымының ЖСҚ-сы дайындалуда. Сонымен қатар Ганюшкино, Дәшін, Орлы, Нұржау, Ақкөл, Приморье және Утеры ауылдарының ауылішілік жолдарын жаңғырту жұмыстарының ЖСҚ-сы әзірлену үстінде. Сауалға толығырақ жауап бере отырып Қ.Нұртаев басты «астрахандық» көлік жолының құрылысы аяқталысымен жол бойындағы ауылдардың селоішілік және кірме жолдары да жөнделетінін атап өтті. Әйтпесе, құрылыс кезінде жүк көліктерінің салмағынан жолдар бұзылады.

ҚАЛА КӨШЕЛЕРІ БОЙЫНША

Атырау қаласы бойынша 2017 жылға облыстық бюджеттен жол құрылысына 7 млрд 800 млн теңге және күрделі жөндеу жұмыстарына 3 млрд 986 млн теңге бөлінді. Облыс орталығында 1781 көше бар (1593 шақырым), олардың 948-і асфальтталған. Қазіргі уақытта 79 көшені асфальттау жұмыстары жүргізілуде.

-«АЖ» сұхбаты барысында «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау филиалының директоры Дәурен Ерғалиев жолдардың сапасыздығы туралы сұраққа жауап бере отырып, жолдың кей учаскелерінің бүлінуі қыс мезгілдерінде толассыз жауған жауын-шашыннан пайда болған жарықшақтардан ылғалдың жол жабындысының негізгі қабатына өтіп кетуі салдарынан болады деп еді. Бірақ жолдар ауа райына төтеп бере алатындай етіп салынбай ма?

- Шұңқырлар мен жол жабындысының бүлінуі бұрын салынған жолдарда болды. Соңғы кезде салынып жатқан жолдарда ондай жоқ, себебі, құрылыс пен жөндеу жүргізудің заманауи технологиялары жоғары сапаны қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, техникалық бақылау жұмыстарын бірден бірнеше мекеме жүргізеді. Біздің автокөлік жолдары комитеті лабораториясымен бірлесіп жасаған жоспарымыз бар – айына екі рет біз салынып жатқан жолдарға барып, материалдарды, жабындының қалыңдығы мен енін, жобаға сәйкестігін, т.б. тұстарды тексеріп тұрамыз. Егер сәйкес келмейтін тұстары анықталса, мердігер мекеме оны өз қаражатына қайта жасайтын болады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

11 маусым 2017, 11:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.