Атырау, 27 қараша 14:52
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Трасса неге бүліне береді?

Сурет
5 086 просмотра

Бүгінде республикалық маңызы бар Атырау-Орал трассасының күйі кеткен. Жыл сайын жолдарды жөндеуге қыруар қаржы бөлінсе де, асфальт жабындысы жылға жетпейтін уақытта қайта-қайта бүлінуде. Не себептен бұлай?

2000 жылдары арақашықтығы 180 шақырым болатын Индер ауданынан Атырау қаласына дейінгі жолды бес сағатқа жуық уақытта бағындыратынсың. Жол мүлдем болмады десе де болады. Кейін 2003-2005 жылдары «ТодиниКонстракшн» италиялық компаниясы трассаны күрделі жөндеуден өткізді. Бірақ, төрт жылдан кейін жолдар қайтадан бүліне бастады. Әсіресе, Индерден Атырау бағытына қарай жүретін жолдар. Мамандар жолдардың бүлінуін аудан орталығынан қалаға тасылатын топырақ тиеген жүк көліктерінен көріп отыр.

 

Жыл сайын екі мезгіл «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Атырау облыстық филиалы, облыстық ІІД ӘПБ, «Қазақавтодор» РМК Атырау облыстық филиалы, «АтырауЖолЗертхана» РММ-нің өкілдері облыс көлеміндегі республикалық маңызы бар автомобиль жолының техникалық жағдайына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жөндеу қажеттігі туралы сұраныстар жасайды. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес жөндеу жұмыстарын ұйымдастырады. 2009-2016 жылдар аралығында «Атырау-Орал» автомобиль жолының әртүрлі телімдерінде жалпы құны 1 млрд 608 млн 500 мың теңгенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеудің жүргізілгеніне қарамастан жолдар шұрқ-тесік, жамау-жамау. Жолдың ортасында шұңқырлар пайда болған. Әсіресе, Атамбаев пен Кеңөріс ауылдарының арасындағы жолдардың быт-шыты шыққан.

- Трассаның осы бөлігінің бойында келе жатқанда қарсы беттегі көлікті күтіп тұруыңа тура келеді. Әйтпесе, апаттық жағдай туғызуың мүмкін, - дейді жүргізушілер.

Осы мәселеге орай біз «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Атырау филиалының директоры Дәурен ЕРҒАЛИЕВКЕ (суретте) бірнеше сауал қойдық:

- Жөнделген жолдардың жылға жетпей істен шығуына не себеп?

- Жолдың кейбір телімдерінің бұзылуының себебі, күз және қыс мезгілдерінде түскен толассыз жауын-шашыннан пайда болған ылғал жол жамылғысының бетіндегі жарықшақтардан негізгі қабатына өтіп кетуі салдарынан болған.

- Орташа деңгейдегі жөндеуден кейін жол жабындысы атмосфералық жауын-шашынның әсеріне кем дегенде төрт жыл төтеп беруге тиісті емес пе еді?

- Жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, мердігер мекеме екі жылға дейін жол учаскелерінде пайда болған ақауларды жөндеуге өз қаражаты есебінен жүргізуге кепілдік береді және жүргізеді.

Жылма-жыл шұңқырларға  жүргізілген жамау жұмыстарының істен шығуына Атырау облыстық филиалына қарасты III техникалық санатпен салынған республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына  орташа есеппен бір белдікке түсетін жүк салмағы 8 тонна, тәулігіне 1000-3000 көлік қатынасы болады деп есептелінгенімен, бүгінде тәулігіне орта есеппен алғанда 7000 көлік   қатынасы болатыны анықталып отыр және жүк салмағы 13 тонна асатын ірі көлемді және ауыр салмақты көліктердің қатынасы болатындығынан жолдың негізгі қабатына әсер етеді. Сонымен қатар, жауын-шашынның толассыз болуы жолдың негізгі қабатына өтіп кетуі жол сапасын нашарлататыны сөзсіз.

Жыл сайын республикалық бюджеттен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға  қаржы бөлініп, шұңқырларды жөндеу, шөп шабу, жүріс бөлігін ластан, қоқыстан тазарту, жол жиегін, құламаларды тегістеу, жарықшаларды бітеу, аялдама алаңдарын, автопавильондарды жинау, әктеу, сырлау, белгілерді, дабыл бағандарын, қоршауларды күтіп ұстау, жол жабдықтарының элементтерін орнату және ауыстыру, маусымдық қысқы күтім жасау, жолды қардан тазарту, көктайғаққа қарсы материалдар шашу жұмыстары және тағы басқа да күтім жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар, күнделікті жолға шолу жасау жұмыстары жүргізіліп, жол қауіпсіздігіне бақылау жүргізіледі.

Биыл республикалық бюджеттен 494 млн теңге бөлінді. Осы жұмыстарды «Қазақавтодор» РМК-ның Атырау филиалы  жүргізеді.

2015 жылы «Атырау-Орал» бағыты бойынша 110 шақырымға жалпы құны 541,5 млн тұратын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2016 жылы «Орал-Атырау» 311-350, 435-440 шақырым аралығында ұзақтығы 44 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 297 млн теңге жұмсалды. Аталған жұмыстарды «БекетСәтЖол» ЖШС-і мердігер мекемесі жүргізді.

Сонымен қатар, жаңа әдіспен (ресайклинг) Махамбет-Новобогат  бағытында 7 шақырымға  орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 250,2 млн теңге жұмсалды. Мердігер мекеме «АСМО» ЖШС-і жүргізді.

- Қазір жүргізіп жатқан орташа жөндеу жұмысы қаншалықты сапалы атқарылуда? Жолдың бүлінген бөлігін бес сантиметр кесіп алып, орнына ыстық асфальт құйып, бетін жабу нәтиже береді деп ойлайсыз ба?

- Аталған жолдарға күрделі жөндеу жүргізіліп, қолданыста болғанына 12 жыл болды. Төрт жылдан кейін жолдардың кейбір бөліктері бірінші рет сөгіліп, бұзыла бастады. Содан бері қаншама орташа жөндеу жүргізілгенімен, толық нәтижесін бермей келеді. Жол бетін жамауға қомақты қаржы жұмсалып отыр, бірақ, жамағаннан ұтарымыз шамалы. Қазіргі уақытта біздің тарапымыздан орташа жөндеуді жаңа технологиямен (ресайклинг) жүргізуге ұсыныстар да жасалынып отыр. Осы технология былтыр Махамбет - Новобогат бағытында бірінші рет қолданылып, жолдың ең күрделі бөліктері қалпына келтірілген болатын. Яғни, асфальттың бөліктері бұрынғыша 5 сантиметрге емес, 20 сантиметрге қазылып, қосымша  щебень, цемент,  топырақ, су  құрылыс материалдарын қосу  арқылы жөндеу жүргізу.

Қазіргі уақытта ең күрделі деген 10 шақырым жолды қалпына келтіруге ұсыныс дайындалып, республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне  сұраныс  берілді. Қаржы бөлінген жағдайда күрделі жол учаскелеріне жөндеу жүргізіледі. 

- Күрделі жөндеу қашан жүргізіледі? Ол жоспарда бар ма?

- Әзірге  белгісіз, бәрі қаржыға байланысты. Ұсыныстарымыз жоғары басқарушы органдарына жолданды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Cуретті түсірген автор

9 мамыр 2017, 15:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.