Атырау, 28 қараша 03:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Аузымыз аққа жаритын болды

5 210 просмотра

Таяу болашақта «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) табиғи сүт өндіруді жолға қоюға, құм мен ұсақ тастардың бағасын төмендетуге және ірі халықаралық орталық құруға уәде береді. Осы және басқа да мәселелер туралы ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Абат ТАСИМОВПЕН сұхбаттасқан едік.

ҰНТАҚ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ?

– Осы жылға қандай жобалар жоспарланған?

– Биылғы жылы бар болғаны16 жоба жүзеге асырылады. Азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы бойынша екі жоба: біріншісі – сыйымдылығы 2 мың тоннаға дейін болатын азық-түлік тауарларына арналған қойма ғимаратын және 60 сауда нүктесіне арналған ұсақ-көтерме базарын салу. Әкімдік әзірге теміржол көпірінің маңындағы көкөніс қоймасының қасынан жер ұсынған. Бәлкім, басқа да нұсқалар болатын шығар. Техникалық-экономикалық негіздеме экономикалық сараптаудан өткеннен кейін ғана жобаның ақырғы құны белгілі болады.

Екінші ірі жоба – қуаттылығы тәулігіне 20 тоннаға дейін өнім құрайтын сүт зауытын салу. Ресейлік жабдықтармен сүт, айран, қаймақ, сүтсірне және т.б. өндіруді жоспарлап отырмыз. Жаңа 50 жұмыс орны құрылатын болады.

– Қандай шикізатпен жұмыс жасауды жоспарлап отырсыздар?

– Бастапқы кезеңде ұнтақ сүтпен жұмыс жасап көрмекпіз. Бәлкім, бұл баж салығы салынбайтын белоруссиялық құрғақ сүт болуы мүмкін. Бірақ басқа да нұсқалар бар: мәселен, польшалық немесе аргентиналық ұнтақ. Алдын ала жасалған талдау жұмыстары сапасы мен бағасы жағынан аргентиналық құрғақ сүттің жақсы екенін көрсетті. Мамандардың пікірінше, белоруссиялық ұнтақта ақуыз құрамы тиісті деңгейде емес.

– Сүт зауытына қатысты жақсы естелік қалған жоқ. Біреуі болып еді, ол да банкротқа ұшырады. Бұл жобаның мәні мен экономикалық тиімділігі қандай?

– Қазір үкіметте ірі мал шаруашылығы кешендерінің миллиардтаған жобалары жасақталуда. Осындай бір жобаны әкімдіктегілер Индер ауданынан қарастырып жатыр. Уақыт өте келе олар пайда болған кезде зауыт табиғи сүтке көше алады. Яғни, қолданылатын технология құрғақ сүттен сондай көлемде және өнім түрлерін шығаратын табиғи сүтке көшуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, біз сүт қабылдау қосындарын ұйымдастыру сызбасын жасақтаймыз. Иә, кезінде сүт зауыты болды, бірақ негізгі проблема шикізат жеткізуде болған еді. Өйткені бүгінде бүкіл мал ұсақ жеке кәсіпкердің қолында, ірі шаруашылық жоқ. Сондықтан біз сүт қабылдайтын қосындар ашқымыз келеді.

Ұнтақты шикізаттан жасалатын өнімдердің өзіндік құнына келер болсақ:  майлылығы 3,2% сүттің бір литрі 140 теңге, айран – 146 теңге, сүзбе – келісі 773 теңге болмақ. Сондай-ақ, осы жабдықпен йогурт – 151 теңге/кг,  майлы айран – 160 теңге/литр және қаймақ – 279 теңге/кг жасап шығаруға болады.

– Жобаның жалпы құны қандай және оған кімнің қаржысы салынады?

– Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, жоба құны – 664 млн теңге. Қазір жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда. Әзірге «Атырау» ӘКК қаржысын салу қарастырылып жатыр. Ал біздің акционеріміз - әкімдік болғандықтан, жергілікті бюджет қаржысы пайдаланылады деген сөз. Алайда инвесторларды тарту жөніндегі жұмыстар қатар жүргізіліп жатыр. Өткен аптада немістермен кездесіп, «Әл фатах» араб инвестициялық қорының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Әрине, өзіміздің қазақстандық кәсіпкерлермен жобаны талқылаймыз. Яғни, бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік принципі бойынша жұмыс істейміз.

– Көптеген кәсіпкерлерді мемлекетпен серіктесіп жұмыс жасау шошытады. Оларда бизнес табысты болған жағдайда пайданы қалай бөлуге болады, мемлекет басқаруға үнемі араласып отырмай ма деген сұрақтар туындайды?

– Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік принципі мемлекеттің 49 пайызға дейін үлестік қатысуын білдіреді – бұл үкімет бекіткен жоғарғы үлес. Сондықтан жеке кәсіпкерге тиімсіз болады деген әңгіме туындамауы тиіс. Өйткені акцияның бақылау пакеті (51%) соның үлесінде болады, соған орай жобаны оның өзі басқарады.

 

СЕРІКТЕС, СІЗГЕ КЕПІЛСІЗ БЕРІЛЕДІ!

– Ірі жобалар туралы тек естіп қана қоямыз деп кәсіпкерлер сіздерге реніш білдіреді. Ал шағын және орта бизнесті қолдау үшін нақты қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– Біз жақында «Шағала» деп аталатын өзіміздің шағын несиелеу ұйымын құрдық. Бұл «Атырау» ӘКК-нің 100 пайыздық еншілес ұйымы. Сәуірдің аяғына дейін қаржы бөлу туралы мәселе шешіледі деп ойлаймын. Біз шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыра бастаймыз. Негізгі қарыз алушылар үшін жылдық мөлшерлеме – 7 пайыздан аспайды.

– Жарнамаланып жатқан тартымды несиелердің барлығы ауыл тұрғындарына қолжетімсіз. Басты проблема – екінші деңгейдегі банктер қымбат кепіл талап етеді. Ал оны ауылдағылар қайдан алады? Сіздердің шағын несиелеу ұйымдарыңыздың бұл тұрғыда айырмашылығы қандай?

– Өкінішке орай, кепілсіз шағын несиелеу ұйымдары арқылы ешкім де ақша бермейді. Заңнама деңгейінде бұл мәселе реттелмеген. Біз де кепіл талап етеміз, бірақ кепіл мүлігі қай жерде болса да, кез-келгеніне келісеміз.

Бір маңызды жайтты атап өтейін. Өткен жылы «Жұмыспен қамту - 2020» пилоттық жобасы қабылданды. Әкімдік «Атырау» ӘКК-ны бағдарламаның екінші бағыты бойынша өкілетті ұйым ретінде белгіледі. Бұл бағыт – ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау. Мұның сызбасы мынадай. Республикалық бюджеттен қаржылар бөлінеді, бұл қаржылар ӘКК-ге қайтарымды негізде беріледі. Біз конкурс өткізіп, шағын несиелеу ұйымын немесе несиелеу серіктестігін таңдаймыз, оларға осы қаржыларды береміз. Әрі қарай олар қаржыларды ауыл тұрғындарына бөлетін болады. Өткен жылы 212 млн теңге бөлінді. Конкурс жеңімпаздары болып несиелеу серіктестіктері танылды. Олардың шағын несиелеу ұйымынан ерекшелігі: олар өз мүшелеріне кепілсіз негізде шағын несиелер ұсынады. Оларды алу үшін шаруашылық несиелеу серіктестігінің мүшесі болып, 300 мың теңгеге дейін қаржы салуы тиіс. Несиелеу серіктестігінде барлық мүшелер несиені қайтару үшін ортақ жауапкершілікте болады. Бір несиелеушіге 3 млн теңгеден аспайтын қаржы бөлінеді. Арнайы құрылған сегіз несиелеу серіктестігі арқылы бүгінде 107 адам бизнесті дамытуға шағын несиелер алды. Осы бағдарлама бойынша негізгі қарыз алушылар өздерін жұмыспен қамтыған, жұмыссыздар және аз қамтылған ауыл тұрғындары болуы мүмкін. Олар несиелерді шаруа қожалықтары үшін мал сатып алуға, шаштараздар, дәріханалар ашуға және т.б. алған. Биылғы жылы осы бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен 238 млн теңге бөлінді.

Біздің басты мақсатымыз – шағын және орта бизнесті дамыту, пайда түсіріп, оны әлеуметтік салаға қайта инвестициялау. Айталық, 2010 жыл ішінде біз негізгі қызметтен 200 млн теңгеге дейін пайда түсірдік, көпшілігі жер қойнауын пайдаланудан түсті. Осы қаржыларға өткен жылы құны 32 млн теңге болатын мал соятын төрт алаң салынды.

– Қалған қаржылар қайда кетті?

– Біз қазір осы мәселелерді қарастырып жатырмыз. Ақшалар басқа жобаларға, соның ішінде шағын бизнесті шағын несиелеуге  кетіп жатыр.

– Ал 2011 жылы пайда қандай болды?

– Бар болғаны 22 млн теңге. Мәселе мынада, өткен жылы қаржы негізінен жобалау құжаттарын жасақтауға және азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалды. 

 

БІЗГЕ ҚОНАҚҚА КЕЛЕДІ

– Ақтөбеде жергілікті ӘКК ірі сауда-логистикалық орталық ашты. Біздің өңіріміздің шалғайлығын ескере отырып, осы тәжірибені пайдалануға бола ма?

– Қазір экономика министрлігі шетел мамандарын тартып, «Аймақтардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру» деген атаумен жоба жасақтап жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – аймақ экономикасын әртараптандыру, шикізат емес секторды дамыту және инвестицияны тарту. Алдымен үш аймақ: Атырау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облысы таңдалды. Өткен аптада еуропалық мамандардың қатысуымен өткізілген кездесуге шақырылдық. Онда біз бірнеше ұсыныстар енгіздік. Атап айтқанда, Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік жолдарынан жүк ағымының бір бөлігі Астрахан бағытына қарай Атырауға бұрылатынын ескеру керек. Сондықтан бізде де логистиканы дамыту қажет. Әрі қарай, біздің әуежайдың базасынан ірі халықаралық орталық ашуды ұсынамыз. Теңізге шығатын өзен көлігінің болашағы зор, өйткені ол ең арзан көлік. Көп кешікпей шетелдік мамандар бізге келіп, кәсіпкерлермен сауалнама жүргізеді, БАҚ-тармен және үкіметтік емес ұйымдармен байланысқа шығады. Нәтижесінде әрі қарай жүзеге асыру үшін нақты құжат ұсынылатын болады.

 

АРЗАН ЕТ ҚАЙДА?

– Керемет идеялар. Бірақ әзірге көкөніс қоймасын салғаннан басқа «Атырау» ӘКК-нің жүзеге асырылған жобалары жоқ қой?

– «Атырау» ӘКК 2010 жылдың мамырында құрылды. Әрі қарай, қайта ұйымдастыру басталып, «Каспий» ӘКК-нан бөлініп шықтық. Бұл құжаттамаларды рәсімдеуге байланысты ұзақ процесс. Бір жылдай уақыт бойына біз өз акцияларымызды тіркей алмадық. Бұл аймақтық ӘКК-нің «ұлттық компания» мәртебесінің жоқтығымен байланысты болды. Бірақ бұл біз ештеңемен айналысқан жоқпыз деген сөз емес. Дүниежүзілік дағдарыстан кейін азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы өзекті мәселе болды. 2011 жылдың ақпанынан бастап қазіргі уақытқа дейін біз осы мәселемен айналысып келеміз.

– Содан соң тұрақтандыру қорын құрдыңыздар…

– Бүгінде тұрақтандыру қорына 390 млн теңге шоғырланған. Осы қаржыларға картоп, пияз, сәбіз, қызылша, орамжапырақ, жармалар, қант, сары май, өсімдік майы, ет сатып алынады. Осы өнімдердің барлығы қаланың ірі базарларында орташа алғанда нарықтағы бағадан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылады. Жақында етті «Дина» және «Көктем» базарларына (ет павильондарына) және «Насиха» пассажына 950 теңгеден жеткізе бастады. Бүгінгі күні 10 тоннасы сатылды.

– Қорда арзан ет әлі бар ма?

– Қазір жеткізу келісім-шартын жасап жатырмыз. Жаңадан мұздатылған, өте қатырылған ет тікелей Белоруссиядан әкелінеді.

– Күніне қанша ет өткізіледі?

– Орташа алғанда әр нүктеде 500 келіден.

– Бізге редакцияға сіздердің арзан еттеріңізді қайда сатады деген сұрақпен жиі қоңырау шалады? Оның бәріне бірдей жетпейтіні түсінікті. Бәлкім, сату нүктелерінің санын көбейткен жөн шығар?

– Қазір біз «Мұрагер» базарынан төртінші нүктені ашпақпыз, бір апта ішінде бұл мәселе шешілетін болады.

 

«ТҰЗ» ЕМЕС, «САЛТ»

– Биыл Индер ауданынан Индер көлінің шикізатының негізінде ас және техникалық тұз өндіру зауытын ашуды жоспарлап отырмыз. Біз жер қойнауын пайдалану келісім-шартын алдық, біріккен «Каспий Салт» ЖШС кәсіпорны құрылды. Жоба индустрияландыру картасына енгізілді. Жобаны жүзеге асыру екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең – техникалық тұзды өндіру және байыту, екіншісі – йодталған ас тұзын қайта өңдеу және шығару. Барлық қажетті құжаттар дайын, өндірілген тұзды байытатын жағалау жабдықтары сатып алынды. Жоба құны - 1 млрд 600 млн теңге.

Біздің серіктесіміз – қазақстандық «Промтехснаб» ЖШС компаниясы. Қаржылардың барлығын инвесторлар бөледі. Бұл жобадағы ӘКК үлесі 20 пайыз, біз ұлттық компания ретінде қатысып, жер қойнауын пайдалану келісім-шартын ұсынамыз.

Биылғы жылы бірінші кезеңді пайдалануға енгізуді жоспарлап отырмыз. Зауыттың өзін 2013 жылға қалдырдық. Техникалық тұз ірі мұнай-газ компанияларына жеткізілетін болады. Оны олар ұңғы бұрғылау кезінде пайдаланады. Біздің мәліметтеріміз бойынша, кейбір компаниялар оны шетелден сатып алады екен. Ас тұзы басқа жақтан әкелінетін тұзға қарағанда өзіндік құны бойынша арзан болмақ. Өйткені Индер өзеніндегі тұз оңай өндіріледі, оны терең қазудың немесе Павлодардағы кеніш секілді жарудың қажеті жоқ.

Екінші кезең бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бүгінде ақшаның екі ықтимал көздері бар – бұлар голландық инвестициялық концерн мен Қытайдың даму банкі.

– Индер өзенінде жергілікті «Тұз» ЖШС жұмыс жасайды,  сіздер оны ығыстырып шығармайсыздар ма?

– Жоғарыда айтып өттім, бұл жерде жобаның негізгі бастамашысы біздің серіктесіміз «Промтехснаб», онда бәрі есептелген. Олар испандық заманауи технологияға үміт артып отыр. Осы жобаның арқасында 100 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Иә, «Тұз» кәсіпорны жұмыс жасап жатыр, бірақ олардың технологиясы басқа. Ал біздің қазақстандық нарықты жаулап алуға мүмкіндігіміз бар. Бірігіп жұмыс жасау жөнінде «Тұз» ЖШС-не ұсыныспен шығып, әлденеше рет кездестік, бірақ өзара түсіністікке қол жеткізе алмадық. «Тұз» басшылығы қазір кәсіпорынның өзінің екінші бағытын – гипохлорид натрий өндірісін дамытып жатқандығына, Жол картасы бойынша қаржыландырылғандығына сілтеді. Бәсекелестік мәселесін де ешкім жойған жоқ. Өйткені бәсекелестіктің арқасында кез келген тауардың немесе ұсынылатын қызметтің сапасы жақсарады ғой.

 

АРЗАН ҚОСПАЛАРДЫ КӨБЕЙТЕМІЗ

– Сондай-ақ, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты жобалар көп. Тек бүгінгі күні бізде пайдалы қазбалар: кірпіш шикізаты, құрылыс құмы, құмды-қиыршық тасты қоспалар және т.б. кенішіне 10 келісім-шартымыз бар. Тағы 10 кеніш рәсімделу кезеңінен өтіп жатыр.

– Құмды-қиыршық тасты қоспа бізге Ақтөбеден әкелінеді, сіз оларға бәсекелес бола аласыздар ма?

– Таяу жылдарда бәсекелес бола аламыз. Оның үстіне, біздің қоспаның бағасы ақтөбелік қоспадан анағұрлым төмен болады.

– Қандай көлемге есеп жасап отырсыздар?

– Алдымен құжаттаманы бекітіп, зертханалық сынамалар жүргізу керек. Тек содан кейін ғана көлемдері белгілі болады.

Тағы бір жоба бар, үлкен деп айтпай-ақ қояйын, бірақ ауылдық жер үшін қажет жоба – Қызылқоға ауданының Миялы селосына тігін цехы мен ет павильонын салу. Біздің серігіміз – жергілікті «Жарылғас» шаруа қожалығы. Жобаның жалпы құны – 98 млн теңге. Оның 50 млн-ы – серіктесіміздің өз қаржысы. Жоба 12-15 жұмыс орнын құруды жоспарлайды. Қазіргі кезеңде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталуда.

 

БЕКІРЕ ФЕРМАСЫ ТУРАЛЫ

– Кезінде «Атырау» ӘКК Қазақстандағы алғашқы тауарлы бекіре фермасының жобасына байланысты жанжалда беделін түсіріп алған еді. Сіздер мен жоба авторы Әділғали КЕМЕЛБАЕВТЫҢ арасындағы дау немен аяқталды?

– Бұл жоба 2008 жылы «Каспий» ӘКК кезінде жүзеге асырыла бастады. «Каспий Балық» Қазақ бекіре компаниясы құрылды. «Каспий» ӘКК үлесі 85 пайыз, «Кемелбаева Х.» үлесі 15 пайыз құрады. 2010 жылы қайта құрылғаннан кейін «Каспий Балық» ЖШС үлесі «Атырау» ӘКК-не өтті.

Бұл жерде дауға негізгі себеп болған нәрсе – қолданыстағы заңнама талаптары бұзылып, ӘКК үлесі 49 пайыз сомадан асып кетті. Бізге прокуратурадан біздің үлесімізді мөлшерге сай етіп белгілеу жөнінде ескерту хаты келді.

2010 жылы Кемелбаева Х-ға біздің үлесіміздің 36 пайызын баланстық құн бойынша (40 млн теңгедей) сатып алуды ұсындық. Біздің серіктесіміз бас тартқан жоқ, алайда нақты ұсыныс та болмады.

Құрылтайшылардың жалпы жиналысында сатып алу немесе үшінші инвесторды табу керек деген мәселе қойдық. Инвестор табылмағандықтан және біздің серіктесімізден ұсыныс болмағандықтан, 2012 жылдың 20 ақпанында құрылтайшылардың жалпы жиналысында «Каспий Балық» компаниясын тарату ұйғарылды. Қазір тарату процесі жүріп жатыр.

Айтпақшы, жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгеге бағаланды. Алайда «Атырау» ӘКК-де де, біздің серіктесімізде де мұндай сома болған жоқ. Сондықтан, қалай дегенмен де, жобаны жүзеге асыру мәселесі белгісіз болатын.

Тауарлық бекіре өсірудің бүгінгі күні дүние жүзінде болашағы бар бағыт боп табылатынын және біздің еліміз үшін өзекті екенін түсінеміз. Осы бағыт бойынша облыс әкімдігінің қолдауымен тауарлық бекіре өсіруді дамыту бойынша жасақталып жатқан мастер-жоспардың аясында ауыл шаруашылығы министрлігімен жұмыс жасай бастаймыз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА,

суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

14 наурыз 2012, 16:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.