Атырау, 26 қараша 21:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жанпейісованың жансарайы

7 074 просмотра

…Ой, Зәуреш, сенің үшін-ау елден келдім,

Баяғы өзің көрген жерден келдім.

Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,

Бетіңнен бір сүйейін деген едім...

Не деген өзек өртер қасірет! Жалғанда жаныңдай ардақтыңның молада жатқанынан артық қайғы бар ма! Еркектің де жанарына жас үйірер осындай әндерді тудырған қандай жүрек?! Оны жеріне жеткізе айтқан қандай әнші…

Әңгіме дәстүрлі қазақ ән өнерінің дүлдүлі Сәуле  Жанпейісова туралы болып отыр. Дәстүрлі әндерге деген адалдығы өз алдына, ішкі дүниесіндегі ізгілік бетіне теуіп тұратын, иманжүзді, кішіпейіл, мейірімді Сәулеге деген қарапайым өнер сүйер қауымның, соның ішінде атыраулықтардың да құрметі ерекше.

Ал Сәуленің өнеріндегі басты табыстың сыры неде? Мұның көптеген құпиясын айтуға болар еді, бірақ, біз тек ең бастысын айтпақпыз. Оны да Сәуленің өз аузынан естиік. Мәселен, ол Мұхиттың «Айнамкөз» әнінің өз орындауында неліктен сәтті шығатындығының сырын былай баяндайды:

-«Әнді орындаудың қиындығы сол, әншілер оның  кульминациясын, дауысының жоғары көтерілетін тұсын ғана ойлап тұрады. Олай емес, жүрекпен айтқанда ғана тыңдаушыға ән характерін бере аласың. Ән табиғатын сезіммен қабылдап орындағанда астарындағы мұңды, сағыныш пен қол жетпеген арманды түсінесің. Әншілерде көбіне ой жағы жетіспей жатады. Табиғат сыйлаған дауыс мүмкіншілігі соншалықты мол әншінің өзі ой мен сезімнің жетіспеуінен, техникалық әдіс-амал шеберлігінің аздығынан тыңдаушысына жеткізе алмайтын кездері болады. Ең бастысы дауысыңды ойлап тұрмауың керек».

Иә, «Зәурешпен» күрсіндірген Мұхит «Айнамкөз» арқылы  жаныңды жадыратады. Кезінде академик Ахмет Жұбанов «Айнамкөз» туралы: «Бұл Мұхитқа тән диапазонды, үлкен дауыс шеңберін тілейтін ән. Басынан аяғына дейін лирика, ешбір қайғының ұшқыны жоқ, тек сүйгеніне деген сағынышты әуен бар. Әрбір дыбысы қатталып, орындаушыдан дауыс күші дәрежесінің тегістігін тілейді»,-деп жазды.

-«Егер Мұхит әндері домбыраның сүйемелдеуінде Батысқа тән төкпе дәстүрде орындалса, ол сөз жоқ асқақ, қаһармандық ән болып шығады,-дейді Сәуле. – Ал, домбыра сүйемелінде Қазақстанның шығыс өңіріне тән шертіп ойнау сүйемелін қолданса, мұңлы-лирикалық ән болып естілер еді. Сол сияқты Мұхит әндері фортепианоның немесе оркестрдің сүйемелінде де жұмсақ, сыршыл-сазды әуен болып шыға алады… «Айнамкөз» шынында да сіз айтқандай үлкен жүректен шыққан, адам сезімінің көзге көрінбейтін нәзік қылын тербейтін, дауа іздеген жанға жылылық сыйлайтын сыйқыры мол ән. Бұл әннің қиындығы – батыстың домбыра сүйемелі негізінде бір деммен үзбей, шырқап айтылуында жатыр».

Біз әдетте кей әншілерді репертуары бай деп мақтаймыз. Әрине, репертуардың мол болғаны жақсы. Тек сол сапалы ма деген сұраққа келсек, бұл басқа мәселе. Ал, Сәуле болса, репертуары бай, әрі сапалы әнші. Бұл туралы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, музыка зерттеушісі Бақыт Тұрмағамбетова былай дейді:

-«Оның репертуарында батыс аймағындағы Мұхит мектебі  мен Маңғыстау халық композиторларының әндері, сондай-ақ, жыршылық дәстүрі басым болып, іштей бірнеше мәнерде орындалатын Сыр бойының жыр-термелері мен осы аталған өлкенің әндері және Арқа дәстүрі мен Жетісу әндерінің орын алуы оның дауыс мүмкіндігі мен шеберлігін көрсетеді. Атап айтсақ, Мұхит шығармалары толықтай, маңғыстаулық Қайыптың «Ақбөбегі» мен «Жадаукөгі», Қожантай Қойбастың «Маңғыстаумен қоштасуы», Қазиханның «Қарагөз» әндері, Адайдың жеті қайқысы – Мая Досаттың «Жамалы», «Ырғымасы», Қаржау Тұрсынның «Көлқайнары», Шолтаманның «Тал кемесі» (екі нұсқасы), Тастемірдің «Маңғыстауы», Ақан серінің «Ақтотының аужары», «Балқадишасы, «Сырымбеті», Біржан салдың «Жонып алдысы», «Бурылтайы», Абайдың «Татьянаның әні»,  «Желсіз түнде жарық айы», Жарылғапбердінің «Ардағы», Кененнің «Бозторғайы», Нартайдың ән-термелері және басқа шығармалар бар. Сонымен қатар, оның жеке мұрағатынан «Қызылжар-Семей», «Қуатым-ай», әлі сахнада айтылмаған «Жылой» секілді халық әндерін де табасың. Осы орайда, дәстүр тазалығын сақтау, кәсіби әндердегі әр өңірдің мектебіне тән орындаушылық стилді ұстану, домбыра сүйемеліндегі қағыстар мен артистік қабілетті көрсете білу қиын да жауапты іс. Бұлардың бәрін Сәуле ескеріп отырады».

Сәуленің тағы бір қыры – актерлігі. Сонау 1984 жылы  оның «Кенен айтыстары» деректі фильмінде байдың қызы Шәлипаның ролін сомдағанын көрермен қауым ұмытпаған шығар. Кейін, арада көп жыл өткенде (2004 жылы) белгілі режиссер Болат Атабаев сахналаған «Ән-Абыз» спектаклінде әншінің актерлік таланты жарқырай көрінді. Режиссердің айтуынша, концерт-инсталляция деп аталған бұл қойылымда Сәуле өзінің жаңашылдыққа бейімдігін, таптаурын жолмен жүре бермейтінін көрсеткен.

-«Инсталляция – адамның санасынан тыс бір дүниелерді  шығару, көрсету, сол арқылы саналы дүниеге акцент жасау,-дейді Бақыт Тұрмағамбетова. – Бұл қойылымдағы инсталляция о дүние мен бұ дүние арасындағы көпір сияқты, адамдарды бар деп те, елес деп те қабылдауға болады. Ән-Абыз (Ғарифолла Құрманғалиев) о дүниелік болған адам. Шәкірті өлең оқыған соң барып о дүниелік болған ұстазымен тілдесуге мүмкіндік туып, ұстазы сахнаның ар жағынан, жоғарыдан түсіп келеді. Режиссер екі дүние адамының арасындағы айырмашылықты екі түрлі екпін-ырғақпен, яғни, темпоритммен берген. Ұстаздың жүрісі, отырысы, тұрғаны өте баяу және сөйлеу интонациясы бірқалыпты, монотонды, ал, актрисаның екпін-ырғағы өмірдегідей, ширақы, сергек және арнайы қойылған сахналық дауыспен сөйлемейді. Бұл көрерменге ерекше әсер қалдырды. Ғарекең туралы болған соң бұл қойылым әндермен жиі әдіптеліп отырылды. Концерт Ғарекеңнің халықтық дәстүрде жазылған «Нұржамал», «Жас өмір» әндерімен басталып, ұстаз-абыздың «тағы да ән айт» деген өтінішіне орай Мұхиттың «Кіші айдай», «Айнамкөз», «Ақ иіс» әндері, сондай-ақ, «Шымыр», «Әдемі қыз», «Айжан» секілді халық әндері шырқалды».

Бұл қойылым кейін Атырау, Ақтөбе, Қарағанды  қалаларында қойылғаны есімізде. Ұлы ұстаз бен талантты шәкірт арасындағы таң қаларлық рухани байланыс ғажап әсерде қалдырды. Сәуле Жанпейісова осы спектакль арқылы дәстүрлі өнерді халыққа тың жаңалықпен жеткізген болатын.

Ал, енді Сәуленің соңғы жылдары жарқырай көрінген тағы бір қырын айтпай кетсек, көңіліміз де, мақаламыз да олқы соғатын сыңайлы. Бұл – Сәуленің журналистика саласындағы ізденістеріне қатысты. Ол 2006 жылдан бастап «Қазақстан-1» ұлттық арнасынан қазақтың ән өнеріне арналған «Бұл әнді білесіз бе?» атты хабарды жүргізіп, қазақ әндерінің шығу тарихы, олардың авторлығы, әншілік мектептер мен бүгінгі орындаушылық үлгілері секілді проблемаларды көтеріп, көпшілік назарын аударды. Дәстүрлі музыка өнеріне қамқорлық төмендеп кеткен уақытта мұндай тележобаның қолға алынуы аса қуанарлық жағдай еді. Хабарда Қазақстанның барлық аймақтық әншілік дәстүрлері, халық әндері мен композиторлар туындылары қамтылды. «Ағажай Алтай», «Ақ Жайық» атты халық әндеріне, Абайдың «Татьянаның әніне», Ақан серінің «Құлагеріне», Сауытбектің «Ақбөпесіне», Мұхиттың «Үлкен айдайына», Молдабайдың «Молдабайдың әніне» бөлек-бөлек хабарлар арналды. Осылардың бірқатарынан мысал келтірсек, халық әні «Ағажай Алтай» туралы хабарда оның қай кезеңнің туындысы екендігі, шығу тарихы әңгіме болып, бұл шығарманың туу кезеңі өткен ғасырдағы Оспан батыр көтерілісімен тұспа-тұс болуы мүмкін деген ой айтылды.

«Татьянаның әні» туралы хабарда Абай тұсында үш ішекті домбырамен айтылған әннің бір нұсқасы Р.Қойшыбаеваның, Ж.Кәрменовтың (домбырамен) орындауында, баян сүйемелімен Н.Қилыбаеваның айтуында тыңдалып, ел арасында тараған алты түрінің әуендік ерекшеліктері пікірталас өзегіне айналды.

Әдебиетте көптеген шығармаларға арқау болған тақырыптың бірі – Ақан сері Қорамсаұлының «Құлагеріне» байланысты аңыз-әңгімелер. Мағжан Жұмабаев «жұмбақ өмір» деп, Ахмет Жұбанов «жауынды-шашынды» деп суреттеген сері өмірінің ең трагедияға толы тұсында шыққан «Құлагер» әнінің тарихына арналған хабарда кезінде айтуға тыйым салынған Мағжан Жұмабаев жазған деректердегі Барақбай есімімен байланысты Құлагер өлімі туралы тарихи шындық сөз болды. Бұл хабарда орындаушылық стиль, шығарманың әуені туралы көптеген мәселелер көтеріліп, көрерменге мамандар пікірі ұсынылды.

-«Иә, қазақтың дәстүрлі өнеріндегі барлық аймақтық  орындаушылық-стильдік мектептерді және қазіргі уақыт композиторларының туындыларын қамтитын репертуарының байлығы, консерваториядағы педагогтік еңбегі, актерлік шеберлігі мен журналистік бағыттағы қадамдары Сәуленің өз әріптестері ортасындағы орынын, орындаушылық ерекшелігін, Қазақстан ән дүлдүлдері арасындағы әншілік дара келбетін танытады,-дейді Бақыт Тұрмағамбетова. – Мұхит заманынан бері рухани тәрбиеге айналған бұл өнер кеше Ғарекең арқылы, бүгін оның шәкірті, дарынды әнші, ұстаз Сәуле Жанпейісова арқылы өз жалғасын табуда. Оның шығар асуы мен өнердегі жаңалыққа толы шығармашылық көп қырлылығының көрінер кезі әлі де алда деген сенімдеміз»...

...Міне, осындай сан қырлы өнер иесі, талантты әнші, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәуленің Атыраудан кеткеніне де бірнеше жылдың жүзі болыпты. Содан бері мен үшін Ақ Жайықтағы өнери орта аққуы ұшып кеткен айдынға ұқсайтын секілді боп көрінеді. Ән айдынының аққу-қызы енді оралар ма екен?..

Тарас НАУРЫЗӘЛІ                         

7 наурыз 2012, 19:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.