– Фирмада бар болғаны 6 ай жұмыс жасаған болсам, еңбек демалысына шығуға құқығым бар ма? Бұл жағдайда демалыс төлемдері қалай есептеледі?
azh.kz сайтынан
Сұраққа заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА жауап берді:
– ҚР Еңбек кодексінің 91-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде еңбек өтілін есептеу былай жүзеге асырылады: жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде:
1) нақты жұмыс істелген уақыт;
2) қызметкер нақты жұмыс істемеген, бірақ, оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;
3) қызметкер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт;
4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт еңбек өтіліне қосылады.
Яғни, ҚР ЕК-нің 91-бабының 1-тармағын басшылыққа ала отырып, 6 ай жұмыс жасаған қызметкер нақты жұмыс жасаған мерзім есебімен еңбек демалысын алуға құқылы.
Бұл жағдайда, егер кәсіпорында күнтізбелік бір жыл ішіндегі еңбек демалысы 24 күнді құраса (ҚР ЕК-нің 88-бабымен белгіленген минималды норма), онда қызметкер 12 күн еңбек демалысын алуға құқылы. Заң бойынша жұмыс беруші жыл басында қызметкерлердің келісімі бойынша демалыс кестесін бекітуі тиіс. Алайда, еңбек қарым-қатынастарының тараптары кестені өзгертуге құқылы және қызметкер жұмыс берушіге кестеден тыс жыл сайынғы еңбек демалысын ұсыну туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылы. ЕК-нің 92-бабының 3-тармағында жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін екендігі қарастырылған. Бұл ретте, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының бір бөлігі қызметкердің еңбек шартында көзделген демалыс ұзақтығының күнтізбелік екі аптасынан кем болмауға тиіс. Егер бұл кәсіпорында ағымдық жылдағы жыл сайынғы демалыс кестесі жоқ болса, онда жыл сайынғы еңбек демалысы жоғарыда айтылғандай, тараптардың келісімі бойынша, яғни, қызметкердің жазбаша өтінішінің негізінде ұсынылады. Осылайша, бұл азамат нақты жұмыс жасаған кезең үшін жұмыс берушіге өзіне жыл сайынғы еңбек демалысын беру туралы өтінішпен жүгінуге және мәселені келісіммен шешуге құқылы.