«АЖ»-ның экология департаментіне жолдаған редакция сауалдарының соңғысы 16 мамырға қараған түні орын алған Атыраудағы ауа сапасының күрт нашарлауына қатысты болды («Дабылды қоңыраулар»).
Экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВТЫҢ қолы қойылған жауап келді: «16 мамырға қараған түні «Қазгидрометтің» ауа сапасының мониторингі станциясында (АСМС) күкірсутектің шекті-рұқсат етілген концентрациядан асқандығы тіркелді. Осы мәліметтердің негізінде департамент мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына хат жолдады. Прокуратура ұсынысы бойынша «АМӨЗ», «Westdala», «Каспийпромстройнедвижимость» компанияларына қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Анықтама үшін: күкіртсутек бойынша көрсеткіш Атырау қаласындағы «Қазгидромет» АСМС-де 16 мамырда сағат 01-де текше метрге 0,014 миллиграмды, сағат 02-де сол шамадағы шекті рұқсат етілген деңгейде текше метрге 0,008 миллиграм құрады».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ