Бір ай жарым уақыт бұрын «АЖ» экология департаментіне Атырау қаласындағы ауа сапасының нащарлауына байланысты табиғат пайдаланушыларға тексеру жүргізу туралы редакцияның төрт сауалын жолдаған еді.
10 сәуірде «АЖ» тілшісі мен қалалық мәслихаттың экология мәселелері жөніндегі депутаттық комиссиясының төрағасы Сайын ШОМЫРОВПЕН бірге қоқысты кәдеге жарататын West Dala кәсіпорнына шұғыл арада аттанып, ауқымды көлемде ластаушы заттар шығарындысы орын алып жатқандығына куә болған еді. Сол кезде «АЖ» облыстық экология департаментіне тексеру жүргізу және бұл жағдайда West Dala компаниясы қандай көлемде шығарындылар тастады деген сұраққа жауап беру өтінішімен шыққан болатын. 14 сәуірде Атырау облыстық мемлекеттік бас экология инспекторы Қанат ҚАЛМАХАННЫҢ қолы қойылған жауап келді: «West Dala ЖШС 2016-2020 жылдарға арналған атмосфераға тасталатын шекті-рұқсат етілген шығарындылар нормативінің жобасын әзірледі және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алды. Мониторинг белгіленген жобалау көрсеткіштері мен эмиссияның нақты нормативтерінің толық сәйкес келетіндігін көрсетті.
West Dala ЖШС-нің 2018 жылға дейінгі мерзімге қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаты бар. Ол жылына 808,81 тоннадан аспайтын ластаушы заттар шығарындыларын тастауға құқылы. 2016 жылы West Dala ЖШС-не қатысты екі тексеру жүргізілді. Жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша заң бұзушылық анықталмады, ал іріктеп тексеру нәтижелері бойынша жерді болмашы мөлшерде ластағаны үшін компанияға 420 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
West Dala Атырау облысында жарты ғасырдан астам уақыттан бері қызмет етіп жатқан өнеркәсіптік аймақта орналасқан. Бүгінгі күні өнеркәсіптік аймақта АМБ, КТК, қалалық қоқыс орны кәсіпорындары, құс фабрикасы және басқа нысандар орналасқан. Әкімшілік тұрғыда бұл кәсіпорын Махамбет ауданына жатады».
Міне, жауап осындай, алайда біз өтінген тексеру туралы бірде-бір сөз жоқ.
26 және 27 сәуірде қала тұрғындарынан бас ауруы, жөтел, ыстың және мұнай өнімдерінің иісінен тұншығу пайда болғаны туралы редакцияға шағымдар түсті. Біз экология департаментінен тексеру жүргізіп, АМӨЗ төңірегінде орналасқан «Аджип» компаниясының ауа сапасы аспаптарының көрсеткіштерін және АМӨЗ-дің рұқсат етілген эмиссия көлемін ұсынуды өтіндік.
28 сәуірде Атырау облыстық экология департаменті былай деп жауап берді: «Қоршаған орта эмиссияларына рұқсатқа сәйкес, “АМӨЗ” ЖШС-нің 2016 жылы 16 573 тонна көлемінде лимиті бар. ЖШС-нің есептік мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылы эмиссияның нақты көлемі 6 018 тоннаны құрады.
2017 жылы рұқсат етілген эмиссия көлемі 21 985 тоннаны құрайды. Бұдан басқа, сіздің хатыңызда көрсетілген басқа мәселелерді қарау үшін уақыт қажет екенін хабарлаймыз. Толық жауап кейінірек ұсынылатын болады».
Тағы да тыныштық.
4 мамырға қараған түні Нұрсая ықшамауданының тұрғындарынан тұншықтыратын түтін мен ыстың иісі шығып жатқаны туралы редакцияға шағым түсті. «АЖ» департаменттен тексеру жүргізуді өтініп, 10 мамырда Қ.Қалмахан «облыстық экология департаменті Атырау облысы бойынша Қазгидромет РМК ауа сапасының мониторингі станциясынан алынған мәліметтерді өңдеп жатқанын» айтты. Мәліметтерді өңдеу қорытындысы мен қабылданған шешім туралы қосымша хабарланатын болады».
16 мамырға қараған түні ауада тағы да түтін иісі пайда болып, біз тағы да тексеру жүргізуге өтініш білдірдік. Газ шабуылдары арасындағы үзілістерде гүлдеген ағаштардың көк иісімен тыныстауға болады...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ