Былтыр күзде Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев Үкімет басшысының атына «жүргізуші куәлігін 21 жастан беру қажет» деген ұсыныс айтқан болатын. Кейін бұл бастаманы ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков те қолдады. Алайда, еліміздегі кейбір қоғам қайраткерлері мен жол сақшыларының өзі мұнымен келіспей отыр. Атыраудағы автомектеп жетекшілері мен көлік үйренемін деп жүрген кей жастар да бұған түбегейлі қарсы.
21 ЖАСТАН ЕМЕС 17 ЖАСТАН БЕРУ КЕРЕК
Әрине, қоғам пікірін екіге жарған бастама депутат тарапынан тектен-текке қозғалып отырмағаны белгілі. Жол қауіпсіздігін күшейту үшін 21 жастан бастап көлік жүргізуге рұқсат беру орынды деп санайтын халық қалаулысы осылай істесе, жол көлік-апаты да азаяр ма еді деген ұстанымда.
Ал жол полициясы қызметкерлерінің арасында жол қозғалыс ережелерін сақтау адамның жасына емес, сана-сезімі мен тәртібіне байланысты деп есептейтіндері бар.
Қазақстан Республикасының Атырау облысы бойынша жүргізушілер одағының төрағасы Марат КАРМЫШЕВ та жүргізу куәлігін 21 жастан бастап берілу дұрыс дегенмен келіспейді. Оның айтуынша, бүгінгі заманда жастар бәрін тез қабыл алғыш, ақпаратты да, техниканы да шапшаң меңгереді. Сол себептен де жүргізу куәлігін 17 жастан берген дұрыс дейді ол. Себебі, қазіргі күні осы жастағы ұл-қыздар көлік жүргізуге асық екен. Негізінен, қазір сұраныс бойжеткендер тарапынан көп түсіп тұрған көрінеді. Айталық, көлік жүргізуді үйрену тобында 30 адам болса, соның 20-25-ке жуығы қыздар болады деп отыр. Жасы 40-50-ден асқан апайлар ара-тұра кезігіп қалады. Одан бөлек, жасы 60-тан асқан әжелеріміз де «немеремізді тасимыз» деп көлік жүргізуді үйренуге келген жайттар да болған, дейді Марат Кәкімұлы.
- Рас, бізде автобус жүргізу үшін «D» санаты 21 жастан бастап беріледі. Оны 2 ай оқиды бізде. Оған дейін заң бойынша 18 жастан бастап әуелі «В», «С» санаттарын меңгеріп алу керек. Тек бір жылдық тәжірибесі болғанда ғана «D» санатын меңгеруге болады,-дейді ол.
Еске сала кетсек, басқа «В» санаты елімізде 2 ай, «В», «С» санаттарын 4 ай оқу керек.
Әрине, бүгінде жүргізуші куәлігін оқып әуре болмай-ақ бірден сатып алатындар да бар. Ал жол қозғалысы ережелері ойыншық емес. Көлік рөлін басқара білу бір басқа, рөлде отырып тәртіп сақтап, өзіңді ұстай білу бөлек әңгіме.
Депутаттың бастамасына қайта оралсақ, бізде Атырауда жасы 18-ге толмаған жастардың арасында да 21 жастан бастап жүргізуші куәлігін беру керек дегенге келіспейтіндер баршылық. Солардың бірі 17 жастағы студент Бота ИСАҒАЛИЕВА:
- Мен жүргізуші куәлігі 21 жастан беріледі деп естідім. Мен секілді басқа да жастар бұнымен келіспейтін шығар деп ойлаймын. Себебі, мен қазірдің өзінде көлік жүргізгім келеді. Сонда мен жүргізуші куәлігін төрт жылдан кейін барып оқуым керек пе? Ал мен қазір-ақ оқып алғым келеді.
БҰЛ БАСТАМАНЫҢ ӘСКЕРИ ТЕХНИКАЛЫҚ МЕКТЕПКЕ ЕШ ҚАТЫСЫ ЖОҚ
Ал Атырау қаласы бойынша басқармасының әскерден тыс дайындық бойынша бөлімшесінің бастығы Жасұлан САТЫБАЛДИЕВ жүргізуші куәлігін ертерек алғысы келген жас жігіттердің қаладағы әскери мектепте үш ай оқып та көлік жүргізуге мүмкіндік ала алатынын айтып отыр. Бірақ бұл мектептің курсанттары 18 жастан бастап жүргізуші куәлігіне ие болған соң, осы мектептің түлегі ретінде міндетті түрде әскер қатарына шақырылады.
- Біз жастарды ДОСААФ-та орналасқан әскери техникалық мектепте күзгі және көктемгі маусымда әскер қатарына шақыруға үш ай қалғанда оқытып аламыз. Оны бітірген соң олар «В», «С» санаттарын және әскери жүргізуші деген куәлік алады Бірақ, жүргізуші куәлігін алу үшін жастар тегін оқиды. Есесіне, тегін оқуды жастар әскер қатарына барумен өтейді. Ал қазір жүргізуші куәлігін алу үшін 55 мың теңге төлеп оқисың. «В» санатының өзі 45 мың теңге, «В», «С» санаттары – 55-65 мың теңгеге шығады. Оған қоса, тапсыратын емтихандары да бар.
Депутат сауалының тағдыры әзірге қалай шешілері белгісіз. Осыған қатысты бізге Үкіметтің аяқ алысын аңду ғана қалып отыр.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ