Атырау, 5 қазан 15:40
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Тапқан да - ана, баққан да – ана

4 029 просмотра

Шетелдік ғалымдардың жасаған қарапайым ғана тәжірибесі ана құдіретіне тағы да еріксіз бас игізеді.

Тәжірибеде аналарынан айырылған маймылдың балалары үшін екі қуыршақтан маймыл - ана жасап, бірінің омырауынан сүт шығатын, бірақ денесі қатты, суық етіп, екіншісін сүті жоқ болса да жұмсақ етіп жасапты. Сонда маймылдың балалары екінші ананы таңдап, бауырына тығылыпты. Бұлар маймылдар ғана, ал ата-ананың жылуы мен жылы сөзіне зар болып жүрген жәудір көз жетімдер қаншама десеңізші!

Индер ауданы, Есбол селосындағы қарапайым ғана ХАСАНОВТАР отбасының жетім балаларға пана болып, оларды өз бауырларына басқанын естіп, сол отбасының бақытына куәгер болуды ұйғардық.

...Селоның шеткері жағында тұратын ақ шаңқан үйге ендік. Үй-іші мұнтаздай тазалығымен қоса, көктеммен еріп келген күн сәулесі бөлме ішін шырайландырып жіберіпті.  Отанасы мен мөлдірдей сары қыз теледидар тамашалап отыр екен. Тыстан жасөспірім бала келіп кірді. Олар бізді жатырқамай қарсы алды. Біздің әңгімеміз бүкпесіз және ашық түрде өрбіді.

1984 жылы Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылының тумасы Қалы ҒҰМАРОВА (суретте) Асылбек ХАСАНОВҚА тұрмысқа шыққанда армандары асқақ еді.

Асылбектің бөгде мінезі жоқ, темекі мен ішімдікке әуестігі болмады. Олар бақытты еді, бірақ перзенттерін ұзақ күтті. Өмірге тұңғыштары Айнамкөз келгенде сезінген қуаныштары шексіз еді. Бірақ тағдырдың тосын сыйы таусылған ба?..

Қызын босанғаннан кейін Қалы кенеттен беломыртқасынан тұра алмай, үш жылдан астам төсекке таңылып жатты. Кейін мүгедек болып қалам ба деген қорқынышты жеңіп, аяғынан тұрды. Бірақ оған дәрігерлер бала көтеруге тиым салды. Шүкіршілік етті, тек Айнамкөзінен кейін бала өрбімегені Қалының жанына қатты бататын.

- Жолдасым, қызыммен ақылдасып, балалар үйінен сәби асырап алуға бел байладық. Олар түсіністікпен қабылдап, ерке қызым қуана келісті. «Ақбота» балалар үйіне барғанда үйелмелі, сүйелмелі балдырғандарға көзіміз түсіп, ойланып үйге қайттық. Ақыры, бір үйден  тәрбиеленуге берген төрт баланы бірдей асырап алуды ұйғардық, ағайынды балдырғандарды бөлгіміз келмеді. Бірақ, осы балалардың ең үлкені, сегізінші сынып оқитын ер бала бас тартты. Осылайша, біз бір үйдің үш баласын алып, улап, шулап үйге келдік. Балалы үй - базар ғой,-дейді Қалы өткенді еске алып.

2004 жылы Хасановтар отбасына келгенде Айжан (суретте) 4-нші, Альфия (суретте) 2-нші, Азат 1-нші сыныпта оқитын. Балалар тәрбиесімен айналысқан Қалы жұмыс жағын жылы жауып қойды. Сүйкімді бүлдіршіндер мен әке-шеше арасындағы махаббатта шек болмады. Асылбектің қасында томпаңдаған Азат ауладағы мал мен тауыққа және бақшаға бірге қарайтын. Бүлдіршіндей баладан үміт күткен күйеуі Асылбек те оны жанынан тастамайтын, ал қыздар анасына көмектесетін. Тату-тәтті отбасындағы осы ынтымақтастық сол қалпында әлі күнге сақталып келеді.

-Балаларым - мақтанышым. Осылармен біз бақыттымыз. Отбасында дауыс көтеру деген болған емес, орынсыз жеку, ұрсу деген, не тәйірі. Қызым Айнамкөз балалар келгеннен кейін еркелігін тыя қойды. Біз болсақ, балаларымызды бір - бірінен бөлген емеспіз. Басым ауыра қалса - сары алтыным, Альфиям «мама ауырмашы» дегенде мен ауруымды ұмытамын. Балалар бізді мама, папа, дейді. Балалардың туған  әкелері бұдан алты жыл бұрын қайтыс болғанда қаделеріне бардық. Негізі, балалардың әкесі Батыс Қазақстан облысынан. Үш балапанымды туған әжелерімен, ағайындарымен араластырып тұрамын. Оларға өз шыққан тектеріңді де ұмытпаңдар деймін. Тағдыр ғой, адам алдында не тұрғанын білмейді,- дейді Қалы.

Бүгінде қыздардың үлкені Айнамкөз бен Айжан тұрмысқа шыққан. Айжан колледжде ақысыз түрде стипендиямен оқып жатыр. Ал Альфия оныншы, Азат тоғызыншы сыныпта оқиды. Екеуі де өнерлі, өлең айтады. Пәндік олимпиадаларға қатысып та жүр. Өздері оқитын Жамбыл орта мектебінің мақтанышы десе де болады. Балалар жазғы демалыста басқа қалалардағы лагерьлерге барып жүр, Италияда да демалып қайтыпты.

-Мен болашақта дәрігер, ал Азат болса әскери қызметкер болғысы келеді. Папам да, мамам да бірге армандайды. Мамам көп ауырады, дәрігер болып өзім емдегім келеді,-дейді Альфия.

Жыл сайын 8 наурызда балалар аналарына сыйлық жасайды. Өз қолдарымен дәмді торт, салат жасап мерекелейді.

- Бұлар бөлек бала, тіл алғыш, ұғымтал, бөгде мінезі жоқ. Қыздарыма асүй қызметінің бәрін үйреттім, Айнамкөз бен Айжан осы аудандағы малшылар отбасына келін болып отыр. Құдағиларым дән риза. Менің қыздарым нанды отқа көміп, ата-енелеріне шоқаяқпен шайын әкелгенде қайынжұрттары қатты сүйсініпті.

Бәріміз де ауылда өстік қой, біздерді де кезінде әке-шешеміз шаруаға пісіріп тастаған. Енді біз қолымыздан келетін шаруаның бәрін балаларымызға үйретудеміз. Жолдасым Асылбек екеуміз балалардан үміт күтеміз, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмасақ дейміз, жанымыз осылардың үстінде. Осы балалардың керек-жарағын сылтауратып ешкімнің алдына барған емеспін, бармаймын да. Шүкір, жетеді.

Асылбек аудан орталығынан қатынап, жүргізуші болып жұмыс жасайды, балаларға берілетін жәрдемақы бар. Адамдардың бір-біріне деген жан жылуы мен ыстық ықыласына жететін ештеңе жоқ. Сол қасиетімізден айырылмасақ болғаны, - дейді отанасы Қалы.

Ананың нәзік үні, жұмсақ аялы алақаны, жан жылуынан асқан құдірет жоқ қой. Қарапайым Қалының аналық махаббатын сезінген балалардың да көңілдері асқақ, армандары биік. Ең бастысы, олардың ата-анасы бар. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

7 наурыз 2012, 18:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.