Атырау, 5 қазан 03:02
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Теңіз итбалығымен көрікті

5 648 просмотра

Биылғы жылы қаһарлы қыстың салдарынан теңіздегі мұз қалыңдығы 80-90 сантиметрге жетті (әдеттегіден екі есе қалың). Итбалықтар мұндай жағдайда өздерін қалай сезінеді? Итбалықтардың күшіктеу кезеңі қалай өтті екен?

D АРАЛЫНАН БАУТИНОҒА ДЕЙІН

Біз Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына хабарластық. Алайда осынау салмақты мекеменің далада зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндіктері жоқ екені анықталды.

- Біздің аңдар жатағына жетуге тікұшағымыз да, катерлеріміз де жоқ, - дейді ихтиологиялық мониторинг және балық шаруашылығын реттеу бөлімінің бастығы Мәншүк КЕНЕШОВА. – Итбалықтардың көбею жағдайына тек «Аджип» қана бақылау жасайды. Қаңтар-ақпан-наурыз айларында оның мамандары ресейлік ғалымдармен бірге мониторинг жүргізеді. Олармен бірге үстіміздегі жылдың ақпанында экспедицияға біздің қызметкеріміз де барды. 

Ол бақылау-инспекциялық жұмыстар бөлімінің бас маманы Асхат ТӨРЕБАЕВ екен:

 - 17 ақпанда біз «Авраамий Завенягин» мұзжарғышымен D аралынан қозғалып, Маңғыстау облысының жағалаудағы Баутино поселкесіне бет алдық. Қашағаннан Баутиноға дейін 130 миль (240 км-дей) жер, бірақ бұл ара қашықтықты үш тәулік бойына жүріп өттік. D аралының маңындағы мұздың қалыңдығы 80-90 см-ге жетті, ал оңтүстікке қарай мұз жұқалау болды – бар болғаны 15-20 см.

Теңізде қазір мұзжарғыштар көп жүреді. Мұзы жарылған кеме өтетін каналдың екі жағынан аздаған итбалықтарды көрдік. Жануарлардың жаппай шоғырланған жерін 25 ақпанда Маңғыстау облысының Құлалы аралының маңынан байқадық. Мұз бетінен 114-ін есептедік (суретте). Бұлар 3-4-өсу кезеңіндегі ересек күшіктер боп шықты. Итбалықтар ширақ, өздерін қалыпты ұстады. Біз оларға 50 метр қашықтықтан бақылау жасадық.

ӨЛІ ИТБАЛЫҚТЫ КЕЗДЕСТІРМЕДІК

- Көптеген мұзжарғыштар жолдарында кездесетін итбалықтарды көбінесе жаншып кетеді деп жатады. Тәуелсіз «жасылдар» кемелердің бұрандасынан мыңдаған аналықтар мен күшіктердің қырылып қалғаны туралы хабарлады. Тіпті цифрларды да атайды. Орташа алғанда мұзжарғыштың бір рейсіне 20 өлі итбалықтан келеді. Ал мұндай рейстер Солтүстік Каспийде жүздеп саналады...

- Әр капитанда ескерту жазылған брошюра бар: егер олар бағыт бойынша итбалық көрсе, рациямен шұғыл арада хабарлау керек. Күшіктер әдетте мұзда болады, олар суға шықпауы тиіс, әйтпесе қырылып қалады. Әрине, кеменің судан қорек іздеуге  шыққан ересек түрлерін жанап кетуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мұндайды байқаған жоқпыз.

Жайық-Каспий инспекциясындағылар жақында ақтаулық әріптестерінің теңізді тікұшақпен аралап ұшып шыққанын хабарлады. Біз олармен телефон арқылы хабарласқан едік. Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының бастығы Нұржан АЙТБАЕВ былай деп әңгімелеп берді:

- Біз Каспийдің орталық бөлігімен Ақтау қаласынан бастап Түркіменстан шекарасына дейін ұштық. Мұндағы мақсат: құстар, итбалықтар мен балықтар қырылып жатқан жоқ па, деп тексеру. Бірақ қырылу фактісі тіркелген жоқ.

Сондай-ақ, 15 ақпанда біздің шекарашылар Құлалы аралын (Итбалықтар аралы) тексеріп шықты. Олар итбалықтардың күшігін ол жерден көрмеген. Әдетте, жылдың осы мезгілінде итбалықтар сіздердің, Каспийдің солтүстік бөлігіне үйір боп жиналады.

Маңғыстау балық шаруашылығы инспекциясы басқармасының бастығы да мұзжарғыштардың итбалықтарды жаншып тастайтындығын жоққа шығарып отыр:

- Біз барлық кеме компанияларына кеме капитандары итбалықтарды көрген бойда дереу координаттарын хабарлап, бір мильдей қашықтықтан үйірді айналып өтсін деп нұсқау береміз. Егер мұндай фактілер орын алған болса, онда мұзда және суда итбалықтардың өлі денелері кездескен болар еді. Бірақ біз ондайды кездестірген жоқпыз, - деп жауап берді ол.

Сонымен, Каспий итбалығының көбеюіне бақылау жасауды бүгінде тек мұнай компаниясы ғана жүзеге асырады екен. Зерттеу жұмыстарын ерікті түрде емес, ҚР Экология министрлігінің талабы бойынша жүргізетіндігі түсінікті. «Аджип» жалдайтын ғалымдардың ғылыми адалдығына күмән келтірмей-ақ қояйық. Алайда кез-келген тапсырыс беруші орындаушының есебінен өзі қалаған нәрсесін көргісі келетіні анық.

Сурет Жайық-Каспий балық шаруашылығы инспекциясынан алынды

 

Гидробиология және экология институты зертханасының (Алматы қаласы) меңгерушісі Есбол ҚАСЫМБЕКОВ:

Итбалықтардың күшіктеуі (күшіктеу кезеңі) қаңтардың ортасы мен 10 ақпан аралығында болады. Алайда жекелеген күшіктердің дүниеге келуі ақпан айының үшінші онкүндігінде де байқалады. Аналықтардың буаздығы 11 айға созылады.

Қаңтардың аяғы мен ақпанның басында итбалықтардың аналықтары Солтүстік Каспий мұздарына күшіктейді. Қыстың жекелеген, анағұрлым жылы бөлігінде аналықтар Гурьевская Бороздина маңында күшіктейді. Итбалық мұзда тіршілік етуге бейімделген. Көбею кезінде мұз оған өте қажет, таза суда күшіктер қырылып қалады. Итбалықтар өкпелерімен демалады, мұз тегіс түскенде олар ойық жасайды немесе тыныстау үшін жарық сызаттарды пайдаланады. Сондықтан қалың мұздың салдарынан судағы оттегінің тапшы болуы оларға қорқыныш емес.

7 наурыз 2012, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.