Атырау, 24 қараша 02:53
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сәуірде су қымбаттайды

2 526 просмотра

Жұртшылық тыңдауынан кейін 4 айдан соң табиғи монополияны реттеу агенттігінің департаменті «Атырау су арнасы» КМК-ның сумен қамту және ағынды суларды бұру қызметінің тарифтерін үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап көтеру жөніндегі өтінішін қанағаттандырды.

Жұртшылық тыңдауында«Атырау су арнасы» КМК директоры Серік ЖҰМАШБАЕВ тұтынушыларды 3 топқа бөлуді ұсынды: 1) айына бір адамға шаққанда 2 текше метрден аспайтын су тұтынатын тұрғындар; 2) осы нормадан асатын мөлшерде су тұтынатын тұрғындар; 3) су есептегіші жоқ тұрғындар. «АСА» басшысы келесі тарифтерді енгізуді өтінді: 1-топ – текше метр үшін 62,97 теңге, 2-топ – 160,2 теңге, 3-топ – 168,84 теңге. Канализация бойынша да осылай: текше метр үшін 31,19 теңге, 99,65 теңге және 115,13 теңге.

Табиғи монополияны реттеу агенттігі департаментінің директоры Жанайым КЕЛБАТЫРОВАНЫҢ айтуынша, үстіміздегі жылдың 24 ақпанындағы департамент шешімімен қолданыстағы тарифтен бар болғаны 3 пайызға өскен орташа босату тарифі бекітілген. Бұл солай ма? Кәнеки, есептейік.

2 текше метр су тұтыну нормасын бекітуді ұсынған «АСА» жоспарына қарамастан, департамент бізге қамқорлық танытып, 3 текше метр норманы енгізді. 1-топ үшін текше метрге 25 теңге, 2-ші және 3-топ үшін – 29 теңге тариф енгізіпті.

Жылу энергиясын өндіру, беру және тарату қызметтерін көрсететін кәсіпорындарға арналған тарифтер бір текше метрі 83 теңге, бюджет мекемелері үшін – 150,5 теңге, басқа заңды тұлғалар үшін де осы шама деңгейінде бекітілген. Канализация бойынша жаңа тарифтер: тұрғындар үшін – текше метр ағын суға 24 теңге, бюджет мекемелері мен қазандықтар үшін – 36 теңге, басқа заңды тұлғалар үшін – 46 теңге.

Әзірге «АСА»-ның бірыңғай, дифференцияланбаған қызмет тарифтері өз күшінде: суға – текше метр үшін тұрғындарға 20,14 теңге және мекемелерге 142 теңге, канализацияға – текше метр үшін тиісінше 22 және 33,5 теңгеден. Егер қаламыздың шаңды және ыстық екендігін, соған орай тұрғындарға күн сайын себілгі қажеттігін ескерсек, айына 3 текше метр (шамамен күніне 100 литр) нормадан асырмау қиынға соғады. Сондықтан жергілікті тұрғындардың негізгі бөлігі текше метр үшін 2-топ секілді 29 теңгеден төлейді деп есептеуге болады.

Демек, 3 пайыз көтерілді деген әңгіме бос сөз. Одан да тікесінен – біз тарифті су бойынша тұрғындар үшін 43,9%-ға (20,14 теңгеден 29-ға дейін), мекемелер үшін 5,9%-ға, канализация бойынша – тиісінше 9% және 7,4% көтереміз деп айтпай ма екен. 1 сәуірде күлетін халде болмаймыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

7 наурыз 2012, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.