Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-да «Музыка және өнер» кафедрасының құрылғанына 40 жыл толуына орай «Өнер мен музыкалық педагогиканың өзекті мәселелері: дәстүрлер, инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Алматы, Астана, Астрахан облысынан шақыртылған айтулы өнер қайраткерлері шеберлік сабақтарын өткізді.
Кафедра меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, музыкатанушы Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА Жылыой ауданының тумасы, бірақ, 20 жылдай Алматыда тұрған. Ол осында жақында жұмысқа орналасқан. Б.Тұрмағамбетованың айтуынша, оның жаңа жұмысқа орналасуы кафедра мерейтойымен тұспа-тұс келген.
- Конференцияға Қызылорда, Орал, Ақтөбе қалаларынан, Маңғыстау облысы мен өзіміздің өңірден 100-ден аса қатысушы мен қонақтар келді. Жас мамандар өз музыкалық біліктіліктерін шыңдап, әрі қарай кәсіби өсу үшін мүмкіндіктер алады әрі керемет әсер алып кетеді деп сенеміз, - дейді Б.Тұрмағамбетова.
Университет пен колледж студенттері, жергілікті музыка мектептерінің оқушылары мен оқытушылары және шығармашылық ұжымдардың өкілдеріне Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, күйші Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, опера әншісі Шахмардан ӘБІЛОВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Райфа ДҮЙСЕМБИНОВА және Астрахан мемлекеттік консерваториясының профессоры, хор дирижері Леонид ЕГОРОВ шеберлік сағаттарын өткізді.
Шахмардан Әбіловтің сабағына жиналғандар көп болды. Маэстро дауыс қою, дұрыс дем алу, денені дұрыс ұстау, сахнада қалай қозғалу керектігін, ауызды қалай ашқан дұрыс екендігін, бәрін-бәрін көрсетіп, түсіндіріп берді. Өзі рояльға отырып, ортаға шыққан студенттермен жұмыс жасады.
- Талантты балалар өте көп, осындай балалармен жұмыс жүргізіп жатқан ұстаздарға рақмет, - дейді Ш.Әбілов. – Жастарымыз көрсін, білсін, үйренсін деп еңбек етіп жүрміз. Жастар өтпелі кезеңде дауыстарын сақтау керек, егер дауыс өзгеруі қыздарда ертерек аяқталса, ұлдарда 25 жасқа дейін жалғасуы мүмкін. Қысылмау керек, дауысты қыспау керек..
Айгүл Үлкенбаева да студенттерге домбырада ойнаудың ерекшеліктері, әдіс-тәсілдерді, орындалатын күй-шығармалардың табиғатын ашу жолдарын асықпай отырып түсіндірді. Еліміздің ең мықты деген өнер қайраткерлерінен аз уақыт болса да дәріс алғысы келгендер кезекке тұрды.
Келесі күні университеттің акт залында меймандар мен жергілікті оқу орындарының студенттері жиналғандарға концерт қойып, салтанатты шара барысында кафедра оқытушылары С.Әжікеннің, Т.Сүйінғаринаның, Қ.Кипиевтің, Г.Жақсиеваның бес оқу-әдістемелік, ғылыми кітабының тұсауы кесілді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор