Атырау, 23 қараша 06:45
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ҚАЗДАР ҚАЙТТЫ САРАЙШЫҚТАН...

5 512 просмотра

Поэзия

ҚАЗДАР ҚАЙТТЫ САРАЙШЫҚТАН...

Құстар үні тебірентіп даланы,

Тұнжырайды мұңлы күздің қабағы.

«Аспан-қыздың» моншағындай тізіліп,

Сарайшықтан қаздар қайтып барады.

 

Тұнжырайды қарашаның қабағы,

Көк жүзінде жабағы бұлт маңады.

Ұя басқан саздарымен қоштасып,

Сарайшықтан қаздар қайтып барады.

 

Ауық-ауық дымқылданып жанары,

«Аспан-қыздың» көзінен жас тамады.

-Сәл шыдаңдар, көктемеде келем деп,-

Сарайшықтан қаздар қайтып барады.

 

САРАЛА ҚАЗ – СЫРЛАСЫМ

Сағынтып сонау бұла шақ,

Шарқ ұрып көңіл-кептерім.

Ақ ерке Жайық сені аңсап,

Жағаңа тағы кеп тұрмын.

 

Қызғалдақ жауып қыр басын,

Келгенде көктем далаға.

Сарала қаз боп сырласым,

Жүруші ем ұзақ жағада.

 

Гүл көктем, ерке жаз дәурен,

Жайықта ұзақ тұрмайтын.

Алаулап атқан таңдармен,

Аяулы күндер зулайтын.

 

Қабағы салқын күз жетіп,

Үйеңкі төксе сырғасын.

Жабығар көңіл сен кетіп,

Сарала қазым – сырласым.

 

Сағынып сары сазыңды,

Құс болып ұшып мен жетем.

Сені де қазым сағынды,

Сарайшық атты гүл мекен.

 

Қош айтқан ерке жазыңа,

Үніңде сенің бар аңсау.

Сарайшықтағы сазыңа,

Оралшы қазым аман-сау!

 

 

 

АҢСАУ  

(Ұстазым Марфуға Үмбетоваға)

Көктем кеп, дала тұнса лағыл нұрға,

Жүруші ек қыр төсінде салып сайран.

Апатай, бала күнді сағындың ба,

Сарайшық көшесінде қалып қойған.

 

Сол күндер бүгін апа алыс қалып,

Аңсатады өткеннің елестері.

Ескі мектеп, сондағы жасыл парк,

Куәсі балалықтың емес пе еді.

 

Сіз бен біз сол мектепте бірге оқыдық,

Тербетіліп арманның бесігінде.

Кеткенде есейген соң ірге түріп,

Сол арман ғой жеткізген осы күнге.

 

Күлгендей жүзіңізден көктем күні,

Ерекше мейірімді еді-ау жанарыңыз.

Біздер жаңа мектепке көшкен жылы,

Ауылға мұғалім боп оралдыңыз.

 

Әр шәкіртпен дос болып кететұғын,

Есімде сіздің жұмсақ жүрегіңіз.

Ескі мектеп паркінде өсетұғын,

Сиреньдей әдемі бір қыз едіңіз.

 

Ерекше мейірімді еді-ау жүзің апа,

Және оған қосылатын парасатың.

Тек қана шәкірт емес сіздің апа,

Болып ем жан досыңыз сырласатын.

 

Таусылмайтын әңгіме, сырымыз да,

Аңсатады сондағы асыл кейпің...

Марқұм әжем таңғалып мұнымызға,

«Марфуғажан сонша не айтты?» дейтін...

 

...Ойлағанда жанымыз елжіреген,

Жүректе қалды сол шақ дара қонып.

Ал бүгін ұл-қызыңды мөлдіреген,

Өсіріп, отырсыз сіз Ана болып.

 

Тербеген жанымызды бала кезден,

Арман әні сірә да таусылар ма.

Ұстаз ең ақыл менен сана берген,

Бақытың жана берсін асыл апа!

 

МАХАББАТ МЕКЕНІ

Кездесіп көк майса көктемде,

Бір жүрдік алаулы кештерде.

Ақ жүзің алаулап тұратын,

Самалы Жайықтың ескенде.

 

Бір жүрдік жазда да жайнаған,

Бақтарда алуан құс сайраған.

Ақ Жайық керіліп жататын,

Төсінде ақ шабақ ойнаған.

 

Жасыңнан той емес, ой бағып,

Жүруші ең қасымда ойланып.

Махамбет талдары мүлгитін,

Басына ақ бұлттар байланып.

 

Кеудемнің жүректей тентегі,

Сол күнге әлі де елітеді.

Сондағы Махамбет бақтары,

Айта ма, біз жайлы «ертегі»?..

Сол көктем, сол жазға қарызбын,

Сыйлаған өзіңдей еркені.

 

БАЛА КҮНГІ ҚҰРБЫ ҚЫЗ

(Ақзия Әженқызына)

Әлі есімде бала күнгі құрбы қыз,

Өзгелерге ұқсамаған ізгі қыз.

Екеуара сырымызға куә боп,

Сарайшықта тұрушы еді мұңлы күз.

 

Содан бері уақыт шіркін зырлаумен,

Артта қалды-ау бала дәурен, қыз дәурен.

Сол күндерде сені ғана дос тұтқам,

Жараса алмай содыр мінез ұлдармен.

 

Жанарыңнан мейірім нұры себілген,

Әрі әпкем, әрі досым едің сен.

«Ұрсушы» едің егер де мен мектептің,

Тапсырмасын орындауға ерінсем.

 

Оралмайды-ау сол бір күндер аяулы,

Оралмасын біліп көңіл қаяулы.

Уақыт шіркін шапқан аттай зымырап,

Біздерге де «қарттық» міне таянды.

 

Есімдесің бала күнгі құрбы қыз,

Өткізіп ек талай қызық күнді біз.

Сырымызға ортақ болған сол кезде,

Сарайшықта мүлгиді әлі мұңлы күз.

 

ЕСМАХАН КӨКТЕМІ

Аңсатты Есмахан қырлары,

Жастықтың аяулы жылдары.

Толқытты сол ғажап ауылда,

Өзіңдей перизат туғаны.

 

Аңсатты Есмахан қырлары,

Даланың гүлдерге тұнғаны.

Баксайдың жағасын шарласам,

Табам ба ізіңді құмдағы.

 

Аңсатты Есмахан көктемі,

Жүзіңнен самалдың өпкені.

Аңсатты ауылдың үстімен,

Қаңқылдап қаздардың өткені.

 

Аңсатты Есмахан жаздары,

Құстардың назды әнге салғаны.

Аңсатты төсінде нұр жанған,

Бақсайдың айдыны таңдағы.

 

Аңсатты Есмахан түндері,

Жымыңдап жұлдыздың күлгені.

Аңсатты ақ қырау қысы мен,

Мұң кешкен күп-күрең күздері.

 

Аңсатты Есмахан көктемі,

Гүлдерге оранған көк белі,

Кернейді мұңлы сыр жүректі,

Сол күндер келмеске кеткелі...

 

ЖАЛҒАНСАЙ

Талдары сырға тағып,

Тұратын Жалғансайым.

Қаламын бір жасарып,

Өзіңе барған сайын.

 

Сағынтып жаз самалы,

Өзіңе бара қалсам.

Қуанып қарсы алады,

Аяулы Нағима апам.

 

Оятты қанша арманды,

Жүрекпен ән саулаған.

«Туған жер Тайсойғанды»,

Тудырған Сейсенбі ағам.

 

Жұртының айтып халін,

Ұйытар тәмам елді.

Ақыны ақындардың,

Арқалы Амангелді.

 

Өзіңде бар осындай,

Асылдар мөлдіреген.

Сен десе беу Жалғансай,

Жүрегім елжіреген.

 

Жайықтан самал ескен,

Сендегі жазды аңсаймын.

Тұрғайсың аман-есен,

Аяулы Жалғансайым.

 

ҚАЗЫНАТАЛ

Көктем-қыз тотыдай таранған,

Келгенде желегін жамылып.

Қазынатал – киелі көк орман,

Жеттік біз өзіңе сағынып.

 

Құйылған шәрбаттай зеренге,

Көліңде аққу-қаз қалқыған.

Сол бір күн қайтадан келер ме,

Мамырдың жұпары аңқыған.

 

Қазынатал - саялы ормансың,

Сарайшық өзіңмен еңселі.

Бал дәурен шақтан-ақ арманшыл,

Жүректе сақтағам мен сені.

 

Көктемде жұпары бұрқырар,

Тұр гүлдеп ақ жиде, көк терек.

Қуанды жадырап құрбылар,

Табиғат анаға еркелеп.

 

Қазынатал, көп тылсым сырларың,

Тербейтін қиял мен сезімді.

Жан құрбы, әріптес қыздарым,

Көрсек деп жүретін өзіңді.

 

Тапқандай көңілдің керегін,

Табиғат сырына қандық біз.

Үстіне көк шалғын «кілемнің»,

Аста-төк дастархан жайдық біз.

 

...Ақтарды көңілдің аңсауын,

Құбылар жандары тұп-тұнық.

(Тапқандай балалық шақтарын,

Бір кезде кетті олар доп қуып).

 

Волейбол қызығы баураған,

Сол бір сәт көңілді өсірді.

Бала кез ойынға тоймаған,

Қайтадан оралған секілді.

 

Құрбылар армансыз сырласқан,

Сол сәтке япырай, жетер не.

Алаулап күміс күн қырды асқан,

Қоңыр кеш жүректен өшер ме?!

 

Қыздарым - гүл сынды көктемгі,

Табиғат-Анаға табынды.

Ешқашан жүректен өшпейді,

Екі мың сегіздің мамыры!..

 

ТАЙЫР АТАМ ҮЙІНДЕ

Аңсатып сол бір көктемді,

Жанымды тербер бүгінде.

Ғажап бір күндер өткен-ді,

Тайыр атамның үйінде.

 

Көңілден мұңды түретін,

Шаттыққа еді бай мекен.

Жарқылдап сонда жүретін,

Құдаша қыздар қайда екен?

 

Сырыңды біреу ұға алса,

Достықты кімдер қаламас.

Ерекше еді құдаша,

Менімен жасы шамалас.

 

Құдашам маған сыр ашып,

Қызындай құрбы көретін.

Кеткенде бірге қыр асып,

Адалдығыма сенетін.

 

Арман деп жүрек аһ ұрған,

Сол шаққа не бар тең келген.

Жауқазын еді-ау ашылған,

Бір туған қыздар жеңгеммен.

 

Балауса, балғын кезімде,

Бұйдасыз нардай маңғыған.

Ізгілік атты сезімге,

Сол қыздар еді баулыған.

 

Өтті де жылдар зымырап,

Ұштыңдар бәрің қияға.

Келмейсіңдер ме, жамырап,

Өздерің ұшқан ұяға?

 

Қырларға қанша толды гүл,

Кеткелі сендер қия асып?

Ұмытпайды ғой ол түгіл,

Құс екеш құс та ұясын.

 

...Қия алмай ұшқан көлдерді,

Қаздарда бір зар бар ма екен?

Сағынды бүгін сендерді,

Сарайшық атты әз мекен.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Атырау қаласы

1 наурыз 2012, 11:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.