Атырау, 23 қараша 07:09
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ардагер Рене мен Марсельдің құпиясы

2 636 просмотра

22-27 ақпан күндері атыраулық өнерсүйер көрермен Қазан қаласынан келген "На булаке" театрының өнерін тамашалады.

«На булаке» театры Атырау қаласының тұрғыны Дина ГАЙСИНАНЫҢ шақыртуымен келген. Дина осы театрдың актрисасы Лилия МАСГУОТОВАНЫҢ туған апасы. Ол Қазан қаласына барғанда, «На булаке» театрында болып, ондағы спектакльдерді көріп ерекше тәнті болған. Театрдың әртістер труппасын елімізге шақырып, олардың Атырауға келуіне өзі демеушілік еткен.  

Жалпы, бұл театр Қазан қаласында эксперименталды және жастар театры ретінде жақсы танымал. Ал театрдың «На булаке» деген атауы – Қазан қаласында бұл театрдың ғимараты арықтан ағып жатқан жасанды шағын өзеннің жанында орналасқандықтан осылай аталыпты (Булак - татар тілінде шағын өзен деген мағынаны білдіреді –А.С).

 Бір айтатыны, бұл театр – жекеменшік. Оны театрдың көркемдік жетекшісі Евгений АЛЛАДИНСКИЙ 2010 жылы құрған болатын. Бұл кісінің өзі де кәсіпқой әртіс, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Атырауда бір апта бойы балалар назарына ұсынылған «Ән салғыш торай» («Поющий поросенок») спектаклінің режиссері де өзі. Ал театр репертуарындағы спектакльдердің басым бөлігі - театр режиссері Рустам ФАТКУЛЛИННІҢ қолтаңбасы.Театрдың репертуарында бүгінде барлығы 10 спектакль бар. Соның ең алғашқы сахналанғаны - Евгений Гришковецтың романы бойынша қойылған «Қыс» («Зима») спектаклі. Ал ең жаңа спектакль -  Бернард Шоудың романы бойынша қойылған «Пигмалион» спектаклі.

Қазір театрда бар болғаны 20-25 жас аралығындағы 9 актер ғана жұмыс істейді. Және олардың көпшілігі де режиссер Р.Фаткуллиннің төл шәкірттері. Бір өкініштісі, режиссердің өзі Атырауға келе алмапты.

- Біздің елде көрермен классика мен драмалық спектакльдерге үйреніп кеткен. Көбі татар қойылымдарын сахналайды. Бірақ, бара-бара бізге үйренген жұртшылық көбейе түсті. Соған қуаныштымын, - дейді театрдың би жөніндегі жетекшісі Наиля ФАТКУЛЛИНА.

Бір байқағанымыз, театрдың ерекшелігі сол – мұнда әртістер ғана ойнамайды, көрермен де белгілі бір рөл атқарады. Мәселен, Жеральд Себлейрастың шығармасы бойынша сахналанған «Мадлен және жігіттер» («Мадлен и ребята») лирикалық комедия спектаклінде көрермен су толқынын жасап, ұшақ ұшыру арқылы қойылым көрінісін толықтырды. Спектакльде ойнаған үш актердің үшеуі де басты кейіпкерлердің образын сомдады. Оқиға - қарттар үйінде жатқан 1914-1918 жылдардағы бірінші дүниежүзілік соғысының ардагерлерінің көңіл-күйін суреттеді.

Қарттар үйіндегі медбикеге іштей ғашық, бірақ сыртқа білдіргісі келмейтін қол-аяғы қалтыраған ұзын бойлы 75 жастағы қарт Густавтың рөлін сомдаған актер Искандер НУРИЗЯНОВ 22 жаста. Осы спектакльді сахналау идеясы да сонікі. Айта кету керек, дәл осы спектакльді сахналаған да рөлдерде ойнаған үш актер. Келесі бір аяғы жоқ қарт Рененің рөлін (бұл қарттың да жасы 75-те) 22 жастағы Марсель КАСИМОВ сомдады. Екі сағатқа созылған қойылымда аяғын бүгіп жасырудың өзі актерлік шеберлікті ғана емес, кез келгеннің бойынан табыла бермейтін асқан төзімділікті қажет етеді. Гримдеу бөлмесіне кіріп бара жатқанымда, Марсель аяғын «бұл құпия ақпарат» деп жасырды. Әрине, көрермен үшін сахнадағы келбетін ұстап қалу актер үшін маңызды.

Айнұр САПАРОВА

1 наурыз 2012, 17:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.