Атырау, 21 желтоқсан 07:25
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Қоқыстан да ақша жасауға болады

Сурет
11 497 просмотра


Жеті жасына келгенде ресайклингтен (қайталама кәдеге жарату) өз компаниясын құрған американдық сәби туралы бейнежазбадан кейін екінші сынып оқитын ұлымның да қалдықтарды жинау және қайта өңдеу идеясына құштарлығы артты. Бірақ проблема туындады – мен қайталама шикізатты қабылдайтын бірде-бір нүктені білмейтін едім.

5-ШІ ШАҚЫРЫМДАҒЫ ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ        

Қалдықтарды сұрыптау – өркениетті елдерде бұрыннан бар норма, ол жоқ болса, бұл үшінші әлемнің белгісі. Ал бізде, өкінішке орай, әлі қоқысты бөлек жинайтын контейнерлермен де жарақталмаған.

Оның үстіне, Атырауда экологиялық түсінікті ұстану, ең болмағанда, ортаға ұқыппен қараудың өзі өте қиын.

5-ші шақырымдағы біздің қоқыс полигонымыз өңделген күйде жаңа сапамен пайдаға асатын жүздеген мың тонна шикізатқа көміліп жатыр. Дүние жүзіндегі қатты тұрмыстық қалдықтардың 40 шақты пайызы макулатураның еншісіне тиеді деген сарапшылық пікір бар. Ал қағаз бен картонды 7 мәрте өңдеуге болады екен.

Өз еркіңізбен және өздігіңізбен үйден шыққан қалдықтарды сұрыптап, жинап, шығаруға әзір болсаңыз да қиындықтарға тап боласыз. Атырауда қайталама шикізатты қабылдап, өңдейтін нарық болмашы ғана. Ал қара және түрлі-түсті металлдарды қабылдауды азды-көпті тұрақты сектор деуге болады. Алайда мені пластик, қағаз бен шынылар қабылдайтын сала қызықтырған еді.

Қалдықтарды басқару жөніндегі «Вест дала» компаниясы қалдықтардың көптеген түрлерін қабылдап, өңдеп шығарады. Бірақ жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді. Қайталама шикізат қабылдайтын бірнеше шағын компанияларды табу үшін жеке журналистік байланыстарымды қолдануыма тура келді. Бұл тұрғыда интернет дәрменсіз боп шықты.

ЛЮКТЕРДІҢ ҚАҚПАҚТАРЫН ЖАСАҒАН

Наталья ЕГОРОВАНЫҢ пластиктер мен қағаздарды жинап, қабылдайтын жеке кәсіпкерлігі бар. Бұл саланы қайталама шикізат қабылдайтын бірнеше ресми және «көлеңкелі» кәсіпорындармен бөліссе де, бәселекестікті сезінбейтінін мойындады.  Оның фирмасы полиэтилен және полипропилен пластиктерді қабылдайды. Бұлар: пластик бөтелкелер, легендер мен шелектер (таңбаламасына қарай), автомобиль бамперлері, полиэтилен тұрбалар (ПВХ тұрбалармен шатастырмау керек – полиэтилен тұрбалар әдетте қара түсті болып келеді, онымен магистральды газ құбыры мен су құбыры тораптарын жүргізеді), тауарлық пакеттер мен бір мәрте қолданылатын дорбалар.



– Жуылмаған, жыртылған болса да, бұл жағдайда қайталама шикізатты өңдеу тазартуды талап етпейді, - дейді Наталья. – Пластикті агломерациядан өткіземіз, яғни, одан түйіршіктер аламыз. Пластиктің бір бөлігін өзіміз өңдеп, бір бөлігін бірден Ресейге жөнелтеміз. Өндірілген өнім – агломератты да Ресейге серіктестерімізге жібереміз.

- Пластикті қаншадан қабылдайсыздар?

- Бір келісін 30 теңгеден.

- Қанша және қай жерде жинайсыздар?

- Ақтауда, Атырауда және жақын маңдағы аудандарда жиналады. Орташа алғанда айына 60 тонна.

- Өз өнімдеріңізді шығаруды ойлаған жоқсыздар ма?

- Біз жергілікті нарықта сұранысқа ие болатын кәріз люктеріне арналған пластик қақпақтар шығардық. Бірақ, өкінішке орай, қызметкердің немқұрайлылығы салдарынан жабдығымыз жанып кетті. Біз қазір оны қалпына келтірумен айналысудамыз, егер бәрі реттелсе, оларды шығаруды жалғастырамыз.



БҰЛ ЖЕРДЕ БАНКАЛАР ТОЛЫ

Жергілікті нарықта макулатураны жинаумен тек Натальяның компаниясы ғана айналысады:

- Жинаймыз, буып-түйеміз. Қағазды шетелге шығаруға болмайды. Бұрын бізден дәретхана қағазын шығаратын атыраулық бірнеше компания шикізат сатып алатын. Бірақ неге екенін білмеймін, бәрі жабылып қалды. Бұл бизнес табысы мол деп есептеледі, тек бірден ақталмайды. Сондықтан біз Алматы облысынан серіктестер таптық. Олар өздері тасып алады. Кітаптар, газеттер, журналдар – бір келісі 8 теңгеден, картон – 10 теңгеден. Айына орташа алғанда 80 тонна қағаз қабылдаймыз, - дейді Наталья.

Натальяның айтуынша, Атырауда шыны қабылдаумен ешкім айналыспайды екен:

- Оны жинау мен тасымалдау шығындары ақталмайды, қабылдау құны төмен.

Сөйтсек, тіпті, осы жерде өнімдерді қалбырлаумен айналысатын кәсіпкерлер де шыны ыдыстарды қабылдамайды екен. Олардың бірі мойындағандай, бұл тіпті оның ойына да келмепті. Ол басқа жергілікті бизнесмендер секілді банкаларды ресейлік жеткізушілерден сатып алады.

- Бұл қызмет түріне лицензия ресімдеу керек. Бірақ, мен солай жасап, қаладан бірер қабылдау нүктелерін ашатын шығармын, - деді ол осы идея үшін алғысын білдіріп.



ЗІЛБАЛҒА – САЛМАҚТЫ ДӘЛЕЛ

Облыстық әкімдікте өткен кеңесте осы мәселе бойынша көзге түскен кәсіпкер Әзілхан БАЙБАТЫРОВ мүлдем басқа тұжырымдаманы алға тартты.

Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА өз компаниясы шығарған пластик аяқжол тақтасын таныстырған кезде біз ол туралы жазған едік. Тақтаның берік екендігін дәлелдеу үшін оны зілбалғамен ұрды. Әкім үлкен әсерде қалды.

- Мені қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және ресурстарды тиімді пайдалану тақырыбы көптен бері қызықтырып келеді. Біздің идеямыз - бөлек жинауға арналған контейнерлер орнату, әзірге тек пластиктер үшін ғана. Бұл материалды көптеген құрылыс материалдарын: жабынқыш, жолжиектер, кеспе тастар, сутөкпелер шығару үшін пайдалануға болады, - дейді Батыров. – Біздің жоба көп кешікпей іске қосылады, алдымен қауіпсіз қоршаған ортаны насихаттау аясында ақпараттық акциялар өткізіледі. (Қоқысты бөлек жинауды насихаттау тендері өтіп кетті, Байбатыровтың айтуынша, оның жеңімпазы «Жүректен Жүрекке» атты қайырымдылық қоры екен – З.Б.). Мамырда толыққанды жинауды реттеу үшін тұрғын аудандарға жазуы бар металл контейнерлер орната бастаймыз. Егер шикізат жеткілікті болса, алғашқы өңдеуді бастаймыз, өндірістік желіні іске қосамыз: бізде агломерациялауға арналған жабдық пен нығыздаушы машина бар.

- Ал егер сіз бүкіл көлемді өңдей алмасаңыз ше?

- Ресейге шығаруды жоспарлап отырмыз.

- Ол жақта пластикті қандай бағамен қабылдайды?

- Бір келісі 80 теңгеден басталады.

Бұл компания пластиктің кез-келген түрін қабылдайды, бірақ бұл үшін ақша төлемейді. Кез-келген адам бос баклажканы жалпы емес, арнайы контейнерге лақтыра алады. Сонда қала да таза болады, қоқыс орнындағы қоқыс та азаяды, бизнеске де көмек болады. 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

20 сәуір 2017, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.