Ресми мәліметтерге сәйкес, Атырау облысында 239 адам АИТВ жұқтырған, олардың ішінде 177-і қазақстандық, 62-сі шет ел азаматтары. Олардың басым бөлігі жұмыс жасайтын әрі 20-29 жас аралығындағы адамдар. Бұл туралы ЖИТС қарсы күрес және алдын алу жөніндегі облыстық орталықтың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Ақбибі ЕЛУБАЕВА осы тақырыпқа арналған семинарда айтып өтті.
АИТВ-ның үш жолмен жұғатынын барлығы дерлік білетіні анық: жыныстық жолмен, қан арқылы және жүктілік, босану және емшекпен емізу кезінде анадан балаға.
- Бізде ЖИТС-пен ауыратын адам тез арада өледі деген қағида бар. Бірақ бұл дұрыс емес. Мәселен, Атырауда 1993 жылы АИТВ жұқтырған адам әлі күнге өмір сүруде, - деді А.Елубаева. – Вирус жұқтырған әйел жүктілік кезінде уақытылы ем алып, дәрігердің нұсқауын орындап отырса, оның баласының сау болып туу мүмкіндігі бар.
Елубаева, сонымен қатар, әр түрлі ақпарат көздерінде АИТВ/ЖИТС-тің емі пайда болды деген ақпараттарға қатысты комментарий беріп өтті:
- Өкінішке орай, бұл шындыққа жанаспайды. Әлемдегі дәрілік препараттардың ешқайсысы АИТВ/ЖИТС-ті емдемейді, тек вирустың дамуын тежейді, осылайша адамның өмірін ұзартады. Уақытында ем алып жүрген жандардың өмірін 70-80 жылға дейін ұзартуға болатыны белгілі.
Дәрігер-эпидемиолог Маржан ИСПЕРГЕНОВА АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдардың қоғамдағы статусына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, халық АИТВ жұқтырған жанды әлі қабылдай алмайды, ондай адамды көрсе, бірден шошиды. Оның бәрі халықтың вирус туралы дұрыс ақпараттанбағандығынан болады.
- Қорқынышты сейілту керек. Бізде АИТВ жұқтырған адам бірінші қысылады, қорқады, сергелдеңге түседі, жақындары, достары, жолдастары қабылдамай қалады деген қорқынышқа бой алдырады. Ал, біз ондай адамдарға қолдау көрсетіп, психологиялық кеңестер беруіміз керек. АИТВ/ЖИТС үш жағдайдан басқа жағдайда жұқпайды, ол ауамен, теріге жанасқаннан жұқпайды. Адамдар осыны түсіну керек. Статистикада көрсетілгендей, вирус жұқтырғандардың көпшілігі жұмыс жасайтын жандар, яғни, сіздің де компанияда осындай адам еңбек етуі мүмкін. Бірақ, оны білген жағдайда шеттетіп, оқшаулап, жұмыстан шығаруға болмайды.Жалпы, АИТВ жұқтырған адамның статусын жариялауға тыйым салынған. ҚР Конституциясының 14-бабы 2-тармағына сәйкес, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды, - дейді М.Испергенова.
Семинарда Оралда болған жағдайды еске түсірді: балабақшаға баратын бүлдіршіннің ата-анасы АИТВ жұқтырған екен, қайдан білгендері белгісіз, оны естіген басқа ата-аналар балабақшаның есігінің алдына тұрып алып, әлгі баланы ғимаратқа кіргізбеген.
Қазақстан АИТВ/ЖИТС емдеу шаралары тегін жүргізілетін елдердің қатарына кіреді. Ал, бұл аз қаржы емес, 1 адамға жылына 1 миллионнан астам ақша жұмсалады екен.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА