ӘЛЕУМЕТТІК БАСПАНА ШАЛАҒАЙ КҮЙДЕ ТАПСЫРЫЛУДА
Еден мен қабырғалардағы үңірейген саңылаулар, қисық төбелерден сыдырылып түсіп жатқан әктер, есік жақтауларының айналасындағы жарылған қабырғалар, бетон еденге қалай болса, солай төселе салынған жұқа әрі арзан линолеум, бөлменің ішін үнемі дымқыл етіп тұратын «жылайтын» терезелер. Болашақ ықшамауданындағы (Нұрсая-1 ықшамауданының артқы жағында) жаңа пәтерлерді қоныстанушылар осындай күйдегі үйлерді алуда.
ЕДЕНДЕГІ САҢЫЛАУ
Редакцияға Балықшыдағы Мир даңғылы бойындағы №70 үйдің тұрғыны хабарласты.
– Біздің үйлеріміз күрелуге кетіп, қалалық әкімдік бізге Болашақ ықшам ауданынан жаңа пәтерлер ұсынды. Біздің отбасымызға қоныстануды ұсынған 1-ші қабаттағы пәтерді көруге барғанымда, таң қалдым. Гипсокартоннан жасалған бөлмеаралық қабырғалар мен қабырғалардағы жарықшақтарға көз жұмуға дайын едім, – деп әңгімелейді есімін атамауды өтінген әйел адам. – Ұлым екеуміздің ваннаның астындағы еденге төселген картон қағазға көзіміз түсті. Ваннаны ығыстырып, картонды көтеріп қалғанда, едендегі үңірейген тесікті (суретте) көрдік. Одан ересек адам өте алатындай еді. Осындай тесіктерді тұрбалар өтетін барлық қабырғалардан көрдік. Осы пәтерден бас тартуды ұйғарғанымызда, бізге тағы екі пәтерді көрсетті. Олардың да едендерінен шала-пұла төселген линолеуммен жасырылған тесіктерді көрдік. Бізге ұсынған үй құрылысының сапасына қатысты өз талабымды айта бастағанымда, прораб жұмысшыларды өзі тауып алып, барлық кемшілік-терді мәжбүрлеп жасатуға кеңес берді.
Оқырманның қоңырауынан кейін Болашақ ықшамауданына барып қайттық. Кейбір үйлерге қоныстана бастапты. Әлгі кемшіліктер әр пәтерде дерлік бар екен. Қоныстанушылардың өздері әлі жөндеу жүргізе қоймаған. Әсіресе бізді үйдің төбесіндегі ДСП тақталармен өңделген карниздер мен свестер таң қалдырды. Тозған және апатты үйдің тұрғындары, бюджет қызметкерлері мен кезекте тұрған тұрғындар тұруға берілетін осынау «картон» үйлердің жобаларын кім жасап, кім бекітеді, құрылыс сапасына кім бақылау жасайды, қабылдау комиссиясы үйлерді тапсыруға өз «келісімін» қалай беріп отыр деген сұрақтармен түрлі инстанцияларға жүгінген едік.
ЕШКІМ ДЕ ШАҒЫМДАНБАЙДЫ!
Атырауда тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынып жатқан арзан, ал көптеген қоныстанушылар үшін тегін баспанаға тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімінен бастадық. Өкінішке орай, бөлім бастығы Виктор ЦОЙ қолының бос еместігіне сілтеп, біздің сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты.
Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің мемлекеттік бақылау бөлімінің бастығы Мәдениет АХМЕТОВ біздің сұрақтарымызға жауап беруге келісті, алайда аса сақтықпен жауап берді әрі жауаптары нақты болмады:
– Нысандағы құрылыс сапасы басталған сәттен бастап тапсырылғанға дейін бақылауда болады. Әр нысанда үнемі техникалық қадағалау жасауды жүзеге асыратын тапсырыс берушінің өкілі бар. Бұл жағдайда, ол «БК Групп» ЖШС. Біздің мекемеміздің жұмысына келер болсақ, біз құрылыстың барлық кезеңдерінің сапасын бақылау үшін үнемі нысанда бола алмаймыз, - деп түсіндірді М. Ахметов.
– Жаңа пәтерлердің қабырғаларында жарықтар бар, кей жерлерде қабырғалар мен едендегі тесіктер бітелмей қалған. Бұл жұмыстың сапасыз орындалуы деп есептеле ме?
– Бұған жұмыс комиссиясы баға береді. Комиссияға тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы, санэпидқадағалау, халықты әлеуметтік қорғау, сәулет органдарының, өрт қызметі және қаланың инженерлік қызметтерінің өкілдері кіреді. Комиссияның әрбір мүшесі өз қорытындысын береді. Егер қандай да болмасын кемші-ліктер байқалса, мердігерге оны жою туралы ұйғарым шығарылады. Кемшіліктерді жойғаннан кейін ғана нысанды мемлекеттік қабылдау комиссиясы қабылдайды.
– Адамдар «Болашақ» ықшамауданындағы үйлерге қоныстана бастады. Олардың тарапынан сапасыз орындалған жұмыстарға шағымдар көптеп түсуде.
– Құрылыс ақаулары үшін толықтай құрылысшы жауап береді. Заңнамада нысанды пайдаланудың кепілдік мерзімі белгіленген. Ол қабылдау актісі бекітілген уақыттан бастап 2 жылдан кем болмайды. Егер тұрғындардың құрылыс ақауларына шағымдары бар болса, оларды жазбаша түрде мердігерге жолдай алады. Кепілдік мерзімінің ішінде құрылыс салушы оны жоюға міндетті.
– Көп қабатты үйлердің шатырындағы карниздер мен свестерге ДСП пайдалануға рұқсат етіле ме? Олар қанша уақытқа шыдайды?
– Сіз айтып отырған ДСП – ылғалға төзімді және сыртқы әрлеуге қолданылады. Ол өте ұзақ уақыт тұрады. Жалпы салынып жатқан үйлердің жобалары, сондай-ақ, құрылыс кезінде қолданылатын материалдар толығымен жобалаушылармен және құрылыс салушылармен мақұлданған. Сондықтан құрылыс кезінде лайықты материалдар қолданылмаған деп айтуға болмайды.
– Сіздерге жаңа үйлердің тұрғындарынан шағымдар жиі түсе ме?
– Шағым көп емес. Егер шағым бар болса, оны тікелей мердігерлерге жолдаған жөн.
«ҚОНЫСТАНУШЫНЫҢ ӨЗІ КІНӘЛІ»
«БК Групп» ЖШС-нің сапа бақылау инженері Қанат ЕРМҰХАНОВ Болашақ ықшамауданындағы үйлердің құрылысына техникалық бақылауды жүзеге асырады. Кездесеміз деп ескертілген уақытта ол нысандарды аралап жүрген боп шықты, сондықтан онымен ұялы телефон арқылы сөйлесуге тура келді:
– Болашақ ықшамауданындағы жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Жұмысшылар жұмыс комиссиясы байқаған кемшілік-терді жояды, бұл ықшамаудандағы жаңа үйлер мемлекеттік комиссиядан әлі өткен жоқ.
Тұрғындардың құрылыс жұмыстарының сапасына айтар шағымдарына келер болсақ, барлық салмақ түсіретін монолиттік конструкциялар 100 пайызға сапалы орындалғанын сеніммен айта аламын. Олардың қабырғалардағы жарықтарға қатысты шағымына келер болсақ, бұл жылдың суық маусымында әрлеу жұмыстарын жүргізудің нәтижесі. Мұның бәрін жою оңай. Канализациялық және су құбыры тұрбалары өткізілген жерлердегі еден мен қабырғадағы тесіктерді құрылысшылар әлі бітеп үлгермеген. Қоныстанушылардың барлығына қандай да болмасын ақау анықталған жағдайда мердігерлер - «СнабОйлСтрой» ЖШС мен «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС-нің штаб вагондарына келіп айта алады, құрылысшылар кемшіліктердің бәрін жояды деп түсіндірдік. Алайда жаңа пәтерлердің кілтін алған көпшілігі ол жерге құрылысшыларды өздері кіргізбейді. Сондықтан қандай да болмасын кемшіліктерді жоюға жұмысшыларда мүмкіндік жоқ.
Қанат Ермұханов Болашақ ықшамауданындағы жаңа үйлердің әлі мемлекеттік комиссия қабылдауынан өтпегенін айтты. Әлі тапсырылмаған үйге адамдарды қалай қоныстандыра бастаған деген сұраққа ол жауап бере алмады.
ТЕГІН АЛҒАН ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ
Сонымен, құрылыс салушылар мен қоныстанушылардың әрекет ету бағыттары түсінікті, олардың әрі қарайғы әрекеттерін болжауға болады. Құрылысшылар ақшалар мен материалдарды жұмсап тастаған, сондықтан тұрғындардың өздері барлық ақауларды өздері жойып, кемшіліктерді өздері дұрыстап алады деп есептеп отыр. Сондықтан мемлекеттік қабылдауға дейін олар қоныстанушыларға жөндеу жұмыстарын бастауға рұқсат беріп отыр. Тұрғындардың көпшілігі пәтерлерді тегін алғандықтан, тесіктерге, жарықтарға және қисық аралықтарға мойынсұнып, таза әрлеу жұмыстарын тезірек жасауға асығып, тозығы жеткен үйлерден тезірек кетуді қалайды. Ал біреулер жаңа баспананы өз меншік-теріне тезірек рәсімдеп, оны кепілдікке салып, несие алғысы келетін шығар, бәлкім жалдап қоюы мүмкін және т.б. Екі тараптың да мүдделері сәйкес келіп, осыдан келіп құрылысшыларға талап қойылмай отыр.
Алайда таза әрлеу жұмыстарына кететін қоныстанушының шығындары үңірейген тесік-тердің, ашық тұрбалардың, қисық қабырғалардың, түсіп жатқан плиталар мен сылақтардың салдарынан бір жарым-екі есеге көбейеді ғой. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметі мен «БК Групп» ЖШС құрылысшыларға айтып, ақауды жоюды талап етіңіздер деп кеңес беріп отыр. Жазыңыздар, талап етіңіздер, прорабты жетелеп әкеп көрсетіңіздер...
Қол қусырып отырып ұрыларды, ала қолдарды, бюрократтарды, шіріген жүйені сыбап-сөккеннен пайда жоқ.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
Үзінді:
ІС БІТТІ, ҚУ КЕТТІ
Тұрғын үй бағдарламасы бойынша нысан құрылысына жұмылдырылған құрылысшылардың бірі (құпия түрде) өз пікірін білдірді:
– Осы жаңа үйлердің барлығы – құрылыс процесіне қатысы барлардың баршасы үшін майлы шелпек. Біріншіден, барлығы өте арзан материалдан салынады, екіншіден, тапсырыс берушіден, прорабтан бастап, қарапайым жұмысшыларға дейін бәрі де талан-таражға салады. Үшіншіден, тапсырыс берушіге де, мердігерге де құрылыс мерзімін созу тиімді емес, бізді жұмысымызды тезірек орындаңдар деп үнемі асықтырады. Ешкім де сапасын талап етпейді. Кейбір жұмыстардың атқару технологиясы сақталмайды. Мәселен, ішкі әрлеу жұмыстарын қыста, төменгі температурада жасағанның пайдасы жоқ, мұндай кезде кафель плиталарын да төсеген пайдасыз. Сосын адамдар жаңа пәтерлеріне келген кезде қабырғалар жарылып, кафель плиталар түсіп жатады. Оның үстіне, жұмысшылардың асығыстықпен қабырғаларға блокаралық саңылауларды асығыс-үсігіс қарапайым сылақтармен сылап тастағанын өз көзіммен көрдім. Ал осы комиссиялар мен бақылаушы органдардың барлығы.... Оларға осы керек деп ойлайсыз ба? Қолдарын қояды да, ұмытады.
"АЖ" мәліметі:
БОЛАШАҚТЫҢ КЕБІН КИМЕЙ МЕ?
Қаланың бұрынғы әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВТЫҢ жақында жасаған есебінен:
– Өткен жылы бюджет қаржысына жалпы алаңы 34,9 мың шаршы метр болатын 14 коммуналдық үй салынды. Апатты үйлерде тұратын 307 отбасы жаңа пәтерлерге көшірілді.Болашағы жоқ деп танылған Пешной селосындағы 24 жеке үйдің бұрынғы тұрғындары да жаңа пәтерлерге қоныстандырылды. Нұрсая ықшам ауданындағы, Ерниязов, Құлманов және Сырым Датов көшелеріндегі 1,7 мың пәтерлік 31 үйдің құрылысын аяқтау биылғы жылға жоспарланған.
Бұлар да Болашақтың кебін кимес пе екен?