Атырау, 27 қараша 18:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Саябақ әлі жабық тұр

Сурет
5 399 просмотра


Индербор поселкесінде 2015 жылдың тамызында пайдаланылуға берілген аумағы 1, 55 га құрайтын «Жеңіс» мәдени-демалыс саябағы әлі күнге дейін жабық тұр.

Саябақ құрылысына 65 млн теңге жұмсалған. Мердігер - Алау-Жайық» ЖШС.

Өткен жылы тұрғындар саябақтың есігі үнемі құлыптаулы тұратынына наразылықтарын білдірген болатын. Кейін поселке әкімдігі 17-22 сағат аралығында ашу жөнінде уақыт кестесін белгіледі. Бастапқыда кесте бойынша жұмыс жасаған саябақ қайтадан жабылды.

- Саябақ қыс бойы жабық тұрды. Күн жылынған соң ашып жүрміз. Мен өзім болғанда ашып қоямын, ал бүгінгі күзетші неге ашпай отырғанын білмедім, - дейді күзетші Алмагүл БАҚСИЫҚОВА.

- Сонда демалыс орнының ашылуы қарауылшыға байланысты ма? Біз кеше де келдік, бірақ сіздің аусымыңызда да есік жабық тұрды...

- Салқын болғасын жабық тұрды. Бізге жұмыс кестесін енді береді. Содан кейін тұрақты жұмыс жасайтын боламыз.

Осы кезде саябаққа аудандық мәслихаттың депутаттары Орынша ДІЛМҰҚАШЕВА, Алия ҚАРАШИНА және аудандық кәсіпкерлер Палатасының директоры Мырзабек ТАСЫБАЕВ келді.

М. Тасыбаевтың пікірінше, осы саябақтағы туды алып тастау дұрыс емес дейді. Оны тек мереке күндері іліп, қайтадан алып тастайтын көрінеді.

- Мен бұл жайды былтырдан бері көтеріп келе жатырмын, - дейді аудандық мәслихат депутаты Алия Қарашина. - Өткен жылы да кілттеулі тұрды. Сонда ағаш отырғызу үшін біз шарбақтан секіріп түсіп, ішке кірдік. Кейін кілтті сұрап алдық. Саябақ халық қажетіне толық жарап тұрған жоқ, тек мереке күндері ғана ашылады, сосын қайта жабылады. Бұл бір жағынан саябақ ішін бүлдіріп кетушілерден сақтап қалу үшін жасалып отырған болар. Көрдіңіз бе, біреулер фонарларды сындырып тастапты. Сондықтан, мұнда учаскелік полиция инспекторы болса, мұндай тәртіпсіздік болмас еді. Саябақ халықтың еркін демалатын орны ғой, ол үнемі ашық тұру керек.



Бұдан кейін біз бәріміз өткен жылы салынған спорт алаңына барды. Мұнда да есік аузында кілт тұрды.  

Өткен жылы, яғни, осыдан төрт ай бұрын кентте 29,5 млн теңге болатын екі спорт алаңшасы салынды. Мердігер - «Жолаушы Жолы» ЖШС. Содан бері нысан әлі күнге дейін пайдаланылуға берілген жоқ. Аудандық сәулет, құрылыс және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВТІҢ айтуынша, нысандар құрылысы біткенімен оларды тіркеу жұмыстары уақыт алып тұр екен. Сосын нысандар кент әкімдігінің балансына беріледі.

- Саябақты өткен жылы біздің балансқа бергенімен кейін техникалық паспорты жасақталмағандықтан кері алды. Құжаттар дайын болған кезде нысанды қайта бізге тапсырады. Саябақты тек мереке күндері ашамыз, - дейді поселке әкімі Алмас ҚҰСАЙЫНОВ. - Біз енді саябақ ережесі бар тақтайша жасатып жатырмыз. Содан кейін графикпен жұмыс жасауды ойластырудамыз. Бұл да уақытша, нысанды сенімгерлік басқаруға бергенше осылай болады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

3 сәуір 2017, 12:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.