Атырау, 23 қараша 00:28
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Балалардың 90 пайызы тіс жегісіне ұшыраған»

17 553 просмотра

Атырауда «Балаларға стоматологиялық қызмет көрсетудің жағдайы және оларды жақсарту» тақырыбында облыстық конференция өтті. Оған Алматыдан С.Асфендияров атындағы Қазақ ҰМУ балалар стоматологиясы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Гүлжан ЕРМҰХАНОВА арнайы шақырылған болатын. Біз оған бірнеше сауал қойдық. 

ФАСТФУД ПЕН ТӘТТІГЕ ҮЙІР БОЛМАҢЫЗ

- Балалар стоматологиясындағы негізгі проблема қандай?

- Бұл салада проблема көп, негізгі проблема – біздерде 20 жылдан астам уақыт бойы балалардың арасында тіс саулығы бойынша жұмысты кеңінен жүргізуді қойып кеттік.

- Неліктен?

- Стоматологияның  құрылысы өзгеріп, жекешеленді, сала жеке бизнеске айналып кетті. Балаларға жан-жақты көңіл аударылмай калды, осылайша біз мәселені жіберіп алдық. Осылайша тісжегісі кеңінен таралып кетті. Тісжегінің кең таралуына әлеуметтік, экологиялық және экономикалық факторлар да әсер етеді. Қарапайым мысал, күнкөрісі төмен отбасының балалары үнемі стоматологқа бара бермейді. Және жалпы ата-аналар баланы тіс дәрігеріне уақытында әкелмейді, әбден асқындырып, яғни, баланың тісі қақсап ауырғанда ғана келіп жатады. Қазір балалардың арасында тісжегінің таралу көрсеткіші 90 пайыздан жоғары. Егер бұрындары тісжегі балаларда 4-5 жастан бастап кездесетін болса, қазіргі таңда тісжегі жасарып кетті, 8-10 ай, 1 жастан асқан балаларда да бұл ауру кездесіп отыр.  Сондықтан балаңыздың тісі ауырмаса да, жылына бір рет  тексеруден өткізіңіз.  

- Ал дүниеге жаңа келіп жатқан баланың тістері неге ауырады?

Гүлнәр ЕРМҰХАНОВА.

- Егер ананың денсаулығында кінәрат  болса, ауыз қуысы санацияланбаса, ұрпағына беріледі. Бұрын әр мектепте, әр балабақшада арнайы бригада жүретін. Балаларды тексеріп, ауыз қуысын санациялап, жасалған жұмыс туралы есеп беріп, келесі оқу орындарына баратын. Әр мектепте кішігірім стоматологиялық құрылғы тұратын. Сонымен емдеуге болатын. Бір кездері сондай кабинеттер жабылып калды. Тек соңғы уақытта ғана қолға алынып жатыр. Бұл қуанышты жағдай. Және ауылдық жерлерде көмек көрсететін жылжымалы көмек те пайда болды.

- Бала тісінің саулығы жейтін тамағына да байланысты ма?

- Әрине. Бірінші кезекте әңгіме ауыз қуысы гигиенасы туралы болып отыр. Тісжегі дегеніміз – микроб. Қазіргі таңда ауыз қуысында 2000-ға жуық микроб болатыны ғылыми негізде дәлелденген. Тістің бетіне қақ тұрады, егер бала аузын шаймаса, тісін тазаламаса, тістің үстіндегі микроб көбейеді. Бала да, ата-ана да гигиенаға дұрыс көңіл аудармайды. Егер күнделікті ауыз қуысының гигиенасын сақтап отырса, дұрыс тіс щеткасы мен пастасын таңдап, күніне екі мезгіл тісін тазалап отырса, тісжегі 20-30 пайызға азаяды екен. Осы мәселелерге үлкен мән беру керек, дәрігерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, гигиена сабақтарын жүргізу керек. Тәтті тағамдарда көмірсу көп мөлшерде болады, микроб сол тәтті тамақты жақсы көреді. Тәтті сусындарға, фастфудқа үйір балалардың тістерінің тез бұзылатыны да сондықтан.

«СҮТ ТІСТЕРІН САҚТАП ҚАЛУҒА ТЫРЫСАМЫЗ»

- Ауыз қуысының тағы қандай аурулары жиі кездеседі?

- Келесі бір жиі кездесетін ауыз қуысының ауруы – бет-жақ аймағындағы ақаулар. Ақаулар өте көп: тістің мүлдем жоқ болуы, себебі, ұрығы жоқ немесе ұрық қабынудың салдарынан өлі болып, дамымай қалады; тістер қисайып, сыртқа немесе ішке қарай шығады. Тістің қатары дұрыс болмағасын, тістем (прикус) өзгереді, бұзылады. Қалыпты жағдайда жоғары тістер астыңғы тістің үстіне  1-2 мм шығып тұруы керек. Қазір осы ауытқуларды емдейтін ортодонт мамандардың жұмысын күшейту керек. Атырауға балаларды қамтитын ортодонтологиялық орталық қажет.  

- Мемлекет тарапынан балалардың тісін емдеу толығымен қаржыландырыла ма?

- Иә, тісжегі, оның асқынулары, ауру тісті жұлу, алғашқы жедел тегін көрсетіледі. Ерін және таңдайдың жырықтарын (халық арасында «заячья губа», «волчья пасть» деп аталып жүр) емдеуді үкімет өзіне алды. Дегенмен, дәрігерлер жырықтарды тігіп болғаннан соң комиссия мұндай балаларды тез арада мүгедектіктен шығарып тастауға тырысады. Ал, дұрысында ерні мен мұрнын қалпына келтіріп қана қоймай, баланың сөйлеу дағдысын, демалысын қалыпқа келтірмей, мүгедектіктен шығармау керек.

- Қазір балалардың алдыңғы тістерінің үгітіліп, қарайып, тұқылдары қалғанын жиі байқап жүрміз.  

- Бұл уақытша тістердің (сүт тістерінің) ерте тісжегіге ұшырауы. Олардың құрылымы әлсіз келеді, сондықтан үгітіле береді. Микробтарға қарсы тұра алмайды. Тісжегі тісті бұзып, уақыт өте келе тістің көрініп тұратын бөлігі мүлдем жоқ болып, тек түбірі қалады. Қарайып тұрған тұқыл тұнып тұрған микроб. Дегенмен де, біз тісті сақтап қалуға тырысамыз, өзегін тазалап, бер жағына  пломба саламыз. Сөйтіп, уақытша тісті физиологиялық ауысымға жеткізу керек. Уақытша тістердің табиғи түрде, өз уақытымен түскені жақсы. Себебі, уақытша тісті суыртсаңыз, ол жақтың өсуін тежейді. Бірақ, сақтап қала алмайтын жағдайлар да болады, оларды суыруға тура келеді, бұл жағдайлардың бәрі жақтың өзгерісіне әкеледі.

СТОМАТОЛОГТАР АУЫЛДАРДА ЖЕТІСПЕЙДІ

- Қазіргі кезде стоматологтар балаларға антибиотик тағайындап жатады. Осыған қатысты ата-аналардың тарапынан наразылықтарды жиі естиміз.

- Мен өзім антибиотик тағайындағанға қарсымын. Антибиотиктер ағзаға қажетті басқа микробтарды жояды. Сондықтан алдымен дезинтоксикациялық терапия тағайындаған дұрыс. Содан кейін ғана қабынуға қарсы ем-дом жүргіземіз.

- Өңірдегі балалар стоматологиясында қандай өзгерістер бар?

- Мен өзім Мақат ауданы, Байшонас елді мекенінде тудым. Енді туған жердің халқының денсаулығына өз үлесімді қосқым келеді. Сол себепті облыс әкіміне Атырау облысында балалар арасындағы аурулардың себептерін анықтау мақсатында медициналық зерттеу жүргізу туралы ұсыныспен шыққалы отырмын. СЭС мамандары және педиатрлармен бірлесе отырып, эпидемиологиялық зерттеу жүргізу керек. 2011 жылы осы тектес ұсынысымызды Маңғыстау облысы қабыл алған еді. Ал 2012-2014 жылдары, яғни, үш жыл қатарынан сол өңірдің балаларын скринингтен өткізіп, тісжегінің таралуын, оның қарқындылығын зерттедік. Бірінші жылы мәлімет жинастырсақ, екінші жылы өзіміз барып, көмек көрсеттік, балаларды емдедік, дәрігерлермен бірге жұмыс жасадық. Үшінші жылы осы жүргізілген жұмыстардың қорытындысын жасап, республикалық деңгейде ғылыми конференция өткіздік. Осы ұсынысым қабыл алынса, Атырау балалар стоматологиясы үшін үлкен көмек болары анық.

- Атырауда стоматолог дәрігерлер жеткілікті ме?

- Дәрігерлер жеткілікті деуге болады. Қазақстанда алты факультет тіс дәрігерлерін шығарады. Бірақ, олардың орналасулары әрқалай. Мәселен, Алматыда стоматологтар қаптап отыр, ал, керісінше, ауылдық жерлерде тапшы. Бұл жерде Кеңес Одағы кезіндегідей мамандарды жолдамамен орналастыру жұмыстарын жүргізген тиімді болар еді. Дәрігерлердің қай жерде тапшы екендігін анықтап, сол жерлерге жіберу керек.

Айта кетейін, мамыр айында университеттің стоматологиялық факультеті өз күшімен халықаралық конгресс өткізуді жоспарлап отыр. Мен университетте ғылыми комитеттің төрағасы болып қызмет атқарамын. Дәрігерлерді қатысуға шақырып жатырмыз, көкейтесті мәселелер көтеріліп, талқыға салынады. Франция, Болгария, Ресей, Қырғызстан, т.б. елдерден әріптестеріміз шақырту алды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

28 наурыз 2017, 15:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.