Атырау, 27 қараша 23:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қалтадағы емес, кәртішкедегі ақша қадірлі

4 600 просмотра

Бізге пластик ақшалар не үшін қажет?

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанына біршама уақыт болды. Ал шетелдік сапарларға жиі шығып тұратын әжептәуір ауқатты сұхбаттасушымның: «Сіз ол жақта кәртішкемен есеп-айырысқанда қорықпайсыз ба?!» деген сұрағын күтпеген едім. Сонда қорқу керек пе еді?

Атыраулықтар кэшті қолданғанды жөн көреді

Пластикалық төлем кәртішкелеріне қатысты кең тараған теріс пікір бар екенін Ұлттық банк те растады. Оның мәлі-метінше, атыраулықтар жүзеге асыратын 7,8 млн транзакцияның бір жыл ішінде тек 11 пайызы ғана тауарлар мен қызметтерді қолма-қол ақшасыз төлеуді құраса, 89 пайызы үшін кәртішке - қолма-қол ақшаға айырбастау тәсілі ғана екен. ҚР Ұлттық банкінің Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің бастығы Айнагүл АҚҚҰЛОВАНЫҢ айтуынша, облыста кәртішке ұстаушылар - халықтың 71 пайызын құрайды. Бұл республика бойынша көрсет-кіштен үштен бір бөлігіндей шамада жоғары. Алайда атыраулықтар бұрынғыша кэшті қолданғанды жөн көреді. Бұған супермаркет пен басқа да дүкендердің сатушыларының терминалды игергісі келмеуі де әжептәуір әсер етеді: көбінесе ол жерде терминалдар «жұмыс істемейді» немесе сатушы жұмысқа «жаңадан» орналасқан боп шығады. Тіпті, егер кәртішкені қабылдаса да, процесс 5 минуттан 15 минутқа дейін созылып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда банкомат арқылы қолма-қол ақшаны түсіріп алмас үшін төзімділік қажет-ақ.

 

Кәртішкелердің айырмашылығы бар

– «Кредиттік кәртішке» немесе «кредитка» көп қолданылады. Бірақ бұл ұғым барлық банк кәртішкелеріне сай келмейді. Өйткені «кредитка» дегенде адамдар жалпы  барлық төлем кәртішкелерін меңзейді, ал олар екі түрге – дебеттік және кредиттік кәртішкелер деп бөлінеді. Сондай-ақ, виртуалды карталар деген бар, - дейді атыраулық банктердің бірінің директорының орынбасары Қайрат ТӨЛЕПОВ.

Дебеттіккәртішке клиенттің банктік есеп-шотындағы (бекітілген лимиттер есебімен) ақшалай қаржылар сомасының қалдығы мөлшерінде операцияларды жүзеге асыруға арналған. Жалақы кәртішкелері де дебеттік кәртішке боп табылады. Атқаратын қызметтері бойынша жалақы жобалары аясында клиенттерге берілетін банктік кәртішкелердің өздіктерімен кәртішке аштыратын «бөлшек» клиент деп аталатындарға берілетін кәртішкелерден айырмашылығы шамалы. Осы кәртішкелердің арасындағы айырмашылықтар жалақы жобаларының аясында қызмет көрсетілетін мекемелерге арналған банктің қосымша ұсыныстарынан туындауы мүмкін.

Револьверлік кредиттік (немесе лимиттік) кәртішке – бұл сіздің жұмыс берушіңіз өзінің жалақы жобасын ұстайтын банктің клиентке кепілсіз орташа алғанда жалақының 70 пайызы мөлшерінде несие желісін ашатын пластик кәртішкесі. Рас, кейбір банктер осы кәртішкелерді ұстаушыларға қолма-қол ақшаны түгелдей, ал кейбірі кәртішкедегі соманың 30-40 пайызында шектелген белгілі бір лимитке дейін түсіріп алуға мүмкіндік береді. Мұндай кәртішкемен тауарлар мен қызметтер төленеді.

Алайда бұл қымбатқа шығатын дүние: үш банктің мониторингісі мұндай несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылдық 18-30 пайыз деңгейде болатынын көрсеткен.

Виртуалдық кәртішкелер дебеттік боп табылады, бірақ олармен тек Интернет арқылы ғана есеп айырысуға болады. Мұндай кәртішке қожайындары тек банктегі кәртішкені жапқан жағдайда ғана болмаса, олардан қолма-қол ақша ала алмайды. Кәртішкенің жабылуына байланысты комиссия шегеріліп, шоттағы қаржы қалдығы қожайынға қайтарылады (егер осындай шарт келісімде жазылған болса).

 

Центурионды қалаймын!

Кез-келген кәртішке белгілі бір төлем жүйесінде қолданылады, өйткені ол жүйенің бір бөлігі. Ең кең тараған жүйелер - Visa, содан кейін MasterСard, American Express. Халықаралық банк кәртішкелері халықаралық төлем жүйелерінде қолданылады.

Төлем жүйелерінің анағұр-лым танымал кәртішкелік «өнімдері»: Visa-да  - Visa Electron, Visa Classic, Visa Gold, Visa Platinum; MasterСard-та - Cirrus, Maestro, Standard, MasterСard Mass, MasterCard Gold, MasterCard Platinum.

Visa Electron, Master Card, Cirrus/Maestro кәртішкелері дүние жүзінде анағұрлым кең тараған. Көп жағдайда олар дебеттік боп табылады және интернет арқылы электронды төлем жүргізуге мүмкіндік бермейді. Бұл олардың мүмкіндіктерін азайтады, бірақ қолдану қауіпсіздігін арттырады. Бұл кәртішкелер – шығару және қызмет көрсету құны бойынша ең қолайлысы.

Visa Classic және MasterСard Standard кәртішкелері де жеткілікті таралған. Олар дебеттік те, кредиттік те бола береді, оның үстіне олар желі арқылы есеп айырысуға мүмкіндік береді.

Gold/Platinum кәртішкесі – иегерінің мәртебесін білдіретін беделді сериялар, бұл имидж элементі ретінде қолданылады. Техникалық Visa Classic және Visa Gold, MasterСard Standard пен Mastercard Gold кәртішкелерінің дизайны, шығару және қызмет көрсету құны болмаса, басқа айырмашылығы жоқ. Gold және Platinum кәртішкелерінің иелеріне кейбір дүкендер мен басқа мекемелер жеңілдіктер мен басқа да артықшылықтар ұсынады: мәселен, әуежайда билет санатына қарай бизнес-класс залын пайдалану мүмкіндігін береді.

Бұдан басқа, Gold және Platinum кәртішкелерінің кең таралуына байланысты халықаралық төлем жүйелері эксклюзивті кәртішкелердің жаңа форматтарын енгізуде, бұл сол кәртішкелердің қожайындарының өте жоғары мәртебесін білдіреді. Осындай «Центурион» кәртіш-кесін бірінші боп American Express компаниясы шығарды. Сондай-ақ, өз иелеріне дүние жүзі бойынша айрықша құқықтар ұсынатын беделді Titanium-кәртішкелері де бар.

 

Тек бағам бойынша

Кәртішке пайдаланатын саяхатшыны мазалайтын ең маңызды сұрақ: валюталарды айырбастау бағамдарын кім белгілейді? (ол ҚР Ұлттық банктің ресми бағамынан және кәртішкені шығарған банктің коммерциялық бағамынан әжептәуір айырмашылықта болуы мүмкін). Бір қызығы, шетелде кәртішкені пайдаланудың осы ерекшелігі туралы мәліметті табу оңайға соқпады. Екінші деңгейлі банктер де, қазыналық департамент те, тіпті Ұлттық банк те бір-біріне сілтеп, бұл туралы ақпараттан бейхабар боп шықты. Ал бір таң қаларлығы, газетке өз аты-жөнін атауды қаламаған банктердің бірінде жұмыс жасайтын маман былай деп түсіндіріп берді:

– Банкомат арқылы қолма-қол ақшаға айырбастау бағамы сол күні белгіленген банк бағамына байланысты болады. Оған оның комиссиясы менсіздің эмитент-банкіңіздің комиссиясы қосылады. Дүкендерде сауда жасап, оны терминал арқылы қолма-қол ақшасыз төлегенде ешқандай комиссия ұсталмайды. Бірақ сіз егер кәртішкеңізде теңге валютасы болса, айырбастау бағамы бойынша аз-мұз жоғалтасыз, ал оның ішінде барған еліңіздің валютасы болса, онда ешқандай шығынға ұшырамайсыз.

– Валюталық және теңгелік кәртішке арасында айырмашылық бар ма? – деп сұрадым Төлепов мырзадан.

– Егер сіз елімізде немесе шетелде қандай да болмасын операция жасағыңыз келсе, валюталық па, әлде теңгелік кәртішке ме, қарапайым қызмет ету тұрғысынан қарағанда ешқандай айырмашылық жоқ. Тіпті, бағасы бойынша ең қолайлы, шотында теңгесі барVisa Electron немесе Maestro International кәртіш-кесі Жапонияда, Канадада және басқа да көптеген елдерде керемет жұмыс істейді. Алайда, айырбастау мен салық салудың жүзеге асырылатынын ескерсек, қолма-қол ақшаны түсіру кезінде экономикалық тұрғыда шетелде шетелдік валютадағы, ал Қазақстанда теңге валютасындағы кәртішке тиімдірек болады.

Қазақстан банктері мен шетелдерде ақша түсіру кезінде ұсталатын комиссия (орташа алғанда түсірілетін сомаға байланысты):

Қазақстанда:дебеттік – 0-ден 1%-ға дейін, кредиттік – 2-ден 5%-ға дейін.

Шетелде:дебеттік – 0,7-ден 2%-ға дейін, кредиттік – 2-ден  5%-ға дейін.

Кәртішке жоғалған жағдайда не істеу керек? Шұғыл арада банктің авторизациялау орталығымен (кәртішкенің артқы жағында көрсетілген телефондарды ұялы телефоныңызға немесе ноутбукке сақтаған артықтық етпейді) байланысып, кәртішке қызметін тоқтатып тастауды өтіну керек. Содан кейін, әрине, жаңасына тапсырыс берген, яғни, кәртішкені қайтадан шығартқан жөн

Айтпақшы

Қолма-қол ақшасыз есеп-айырысу жүйесі АҚШ-та «сауда серпілісі» кезінде (1940-50 жылдары) құрылған. Көбінесе ол чек кітапшаларының орнында жүрді. Даму процесінде кәртішке техникалық жаңаруға ие болды. Бастапқыда бұл жай ғана қатырма қағаз болып, кейін ол перфокарта принципі бойынша жұмыс істей бастады. 1970 жылдардың басында магниттік жолақ жасалып, 1990 жылдардың аяғында кредиттік кәртішкелерге чиптер салына бастады. Алғашқы әмбебап кредиттік кәртішке (Diners Club) 1950 жылы пайда болды.

22 ақпан 2012, 20:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.